Accessibility links

Дәриға Назарбаева шынында да президент бола ма?


Қазақстанда 19-шы қыркүйекте парламент жаңадан сайланады. Дауыс беру күні жақындаған сайын батыс елдерінің газеттерінде Қазақстан саяси өмірін сараптайтын мақалалар көбірек жарық көріп жатыр. Мәселен, шотландиялық "Скотсман" газеті Дәриға Назарбаеваның жеке тұлғасына зейін қойды, Дәриға ел басшылығына келе ме деген сауалға жауап іздейді. Ал австриялық "О Оу Нахрихтен" газеті президент Н. Назарбаевтың Венаға жақында жасаған сапары барысында Қазақстанның саяси дамуына сыни көзқарас танытты.

"Скотланд" газетінде 12 қыркүйек күні, Қазақстандағы парламенттік сайлауға бір апта қалғанда жарияланған мақала "Президент қызы билікті қолға алудың төте жолында" деп аталыпты. Дәриғаның танымалдығы қалай өсіп кетті деп сүреттегенде, "Скотланд" газеті ол Қазақстан элитасының алдындағы билігін аяусыз пайдалана білді дейді. Өткен желтоқсан айында құрылған "Асар" партиясында қазір 170 мың адам бар деп мәлімденді. Парламенттегі 11 депутат өз партияларына артын беріп, дереу "Асар" партиясының өкілеттігінде табылды, сөйтіп "Асардың" парламенттегі фракциясы Қазақстанның ең үлкен оппозициялық партиясы Коммунистік партияның өкілеттігінен асып кетті. "Асар" партиясы сайлау науқаны арқылы парламенттің төменгі палатасы мәжілісте көпшілік орынды алады, сосын Дәриға мәжіліс басшылығына сайланады да әкесінің орнын басуға ресми мүмкіншілік алады деген жорамалдар басым.

Әлбетте, Дәриғаның танымалдығына оның қоластындағы Қазақстанның ең үлкен телекомпаниясы "Хабар" және "Хабармен" қатарлас алып медиа-компания қызмет жасап отыр. Дәриғаны сынаушылар ол баспасөз патшалығын өз партиясын дәріптейтін пропагандалық мәшинеге айналдырды, тіпті басқа үкіметшіл партиялардың нәсихаты атүсті жүргізіледі деп айтады. Сын толқынын өзінен кері бұру мақсатында Дәриға сайлау кезеңінде "Хабар" телекомпаниясы басшысының қызметін уақытша тоқтатты. Бірақ бұдан жағдай өзгерген жоқ, "Асар" партиясы "Хабар" медиа-компаниясын қолшоқпарына айналдырғанына тіпті ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев наразы, деп жазады "Скотланд" газеті.

Кейбір бақылаушылардың айтуына қарағанда, Дәриға өз әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың қолындағы ойыншы болғысы келмейді, Дәриға дербес саяси тұлға ретінде ел басқарғысы келеді. Ал президент Назарбаев болса 2006 жылы сайлауға тағы түсемін, сөйтіп елді тағы жеті жыл басқарамын деп шегелеп қойды. Бірақ Назарбаевты биліктен кетіреміз дегендерге АҚШ-та өтіп жатқан "Қазақгейт" сот тергеуі дем беруі мүмкін. Бұл іс бойынша Джеймс Гиффен деген американдық бизнесмен сотталып жатыр, ол американдық мұнай компанияларына өте ұтымды контракттерді алып беру мақсатында Қазақстанның екі басшысына 78 миллион доллар пара берді деп айыпталды. Президент Назарбаев "Қазақгейт" сотының Қазақстанға қатысы жоқ, бұл Америка жерінде американдық азаматқа қарсы өтіп жатқан сот, оған бірде бір Қазақстан азаматы тартылмаған деп отыр.

Өткен аптада президент Н.Назарбаевтың Австрия сапары орын алды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кезекті төраға боламыз деген ұмтылысын жариялады, Қазақстан басшылығы демократиялық өзгерістерді іске асырамыз деп тағы уәде айтты. Австриялық "О Оу Нахрихтен" газеті Назарбаев тікелей сайлау арқылы сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш президент деп зейін қояды. Бірақ, Горбачев және Ельцинның жақын досы деген бұл азаматтың демократия туралы түсінігі шамалы, дейді "О Оу Нахрихтен" газеті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына сілтеме жасап. Бұл мақала 9 қыркүйекте жарияланды. 1999 жылғы президент сайлауында Назарбаев 80 пайыз дауыс алған, бірақ бақылаушылар сайлау қортындылары бұрмаланды дейді. Назарбаев оппозияцияны қабылдамайды, ал еркін баспасөзді одан сайын жек көреді. Назарбаев үш қызы және үш күйеу баласымен елді қатаң басқарады, дейді Венада шығатын "О Оу Нахрихтен" газеті. Австриялық газет Қазақстанның экономикалық реформаларына күдік келтіруге болмайды дей келе, жаңару тым баяу жүріп жатыр, есесіне коррупция шапшаң өсіп келеді дейді. Бірақ, көпұлтты Қазақстандағы татулық – Назарбаевтың ең үлкен жетістігі, дейді австриялық газет.

Н.Назарбаев Австрия сапарының алдында Алматыда Чехия президенті Вацлав Клаусты қонақ қылды. Қазақстан тақырыбы осыған орай қазір Чехия баспасөзінде кеңінен талқыланып жатыр. Чехия бұқаралық ақпарат құралдары негізінен Қазақстан Чехия республикасына сегіз миллиард крон берешек деген әңгімені қалдырмай келеді. Мәселен, "Чешский розглас" радиосы бұл қарыз 1992-1995 жылдары Қарашағанақ кеңорнына жеткізілген бұйымдардың, құрал-жабдықтардың ақысы дейді. ЧТК агенттігі Қазақстан Чехияға 300 миллион доллар берешек дейді. Оның 145 миллион доллар берешегін Қазақстаннан швейцариялық "Нойе Приват" банкі сатып алған делінеді. Яғни, швейцариялық банк Чехияға Қазақстан үшін қазір төлейді, ал Қазақстан кейін швейцариялық банкке өсімімен ақша қайтарады. Дегенмен, президент Вацлав Клаустың Алматы сапары барысында сыртқы қарыз мәселесі шешілмеді. Қазақстанның көзқарасы басқаша, бұл Қазақстанның емес, Совет Одағының сыртқы қарызы деп сипаттады президент Назарбаев баспасөз мәслихатында. Алайда, Чехия ресми өкілдерінің көзқарасы басқаша. "Респект" деген газет осы мәселені зерттеп, өз алаңдаушылығын білдіреді, тіпта мақаланың тақырыбы да айғайлап тұр – "Естеріңізге салыңыздар, қазақтар қашып барады" дейді "Респект" газеті. "Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған мәселені соңына жеткіземін, қарызды ақырғы нөліне шейін қайтартамын", - дейді Чехия қаржы министрлігінің өкілі Ладислав Зелинка.
XS
SM
MD
LG