Accessibility links

Орталық Азия оппозициясы: Қазақстанның оппозициялық күштері нақты саяси билікке қол жеткізгісі келеді


Қазақстандағы саяси оппозиция Орталық Азиядағы басқа қозғалыстар мен күштер үшін ұзақ уақыт бойына үлгі болатындай жетекші күш ретінде танылып келді. Қаззақстандағы басты оппозициялық топтар материалдық жағынан тәуелсіз және Орталық Азияның басқа елдеріндегі оппозициялық күштер секілді асқан көп қудалау мен қысымға ұшыраған емес. Ал енді Қазақстан оппозициясы нақты саяси билікке ие болғысы келеді. Оппозицияның "жас бөрілер" деген атпен танымал кейбір жетекшілері президент Нұрсұлтан Назарбавтың тұсында жастары 40-қа жетпей -ақ жоғары қызметтің жалына жармасып, атқа мінген бұрынғы шенеуніктер.

Олардың Назарбаевтың авторитарлық билігіне қарсы наразылықтары биылғы парламент сайлауында бұрмалаушылыққа жол берілгеніне көңіл толмаушылыққа ұласты, сөйтіп 2006 жылы өтетін президент сайлауына үміткер ретінде қатысуға бел байлап отырғандары бар.

Өзінің жер көлемі мен табиғи байлықтары жағынан Орта Азияда Қазақстанға теңдесетін жане бәсекелес бола алатын бірде-бір ел жоқ. Демек, мұнайға өте бай Қазақстанның оппозициясы да өз тұрғысында біршама ерекшеленеді. Жақында Нью-Йорктегі Колумбия универстиетінде өткен конференцияда Орта Азияның талдаушылары Қазақстан оппозициясы осы аймақтағы өзге елдердің оппозициясына қарағанда жақсырақ ұйымдасқан және қаржы-материалдық мәселесі де көбірек шешілгендігін бірнеше қайтара атап көрсеткен болатын.

Қазақстанның бұрынғы демократиялық таңдау партиясы атқару комитетінің төрағасы болған оппозициенер Әміржан Қосанов бұл ретте мынандай пікір білдіреді:

-Қазақстан оппозициясының дамып-жетілгендігі ресми билікке өзіндік қатер туғызады. Президенттік сайлау жақындаған сайын оппозиция да бірлесе отырып, өз араларынан президенттікке бір кандидат шығару жөнінде айта бастады. Бұның өзі Қазақстан режимін тығырыққа тірейді, өйткені олар өздерінің дәрменсіздігін түсінеді және әділ де ашық сайлау өтетін болса өздеріне абырой әкелмейтінін де жақсы біледі,-дейді Қосанов мырза.

Қосанов сондай-ақ Қазақстандағы түрлі оппозициялық күштердің жетекшілері арасында демократиялық тұрғыдағы оң ниетті жарыс- бәсеке бар дегенді айтады.

"Время новостей" деп аталатын мәскеулік апталықтың сарапшысы Аркадий Дубнов Қазақстан президнті Нұрсұлтан Назарбаев пен оппозицияның жекелеген жетекшілері арасында орын алған жағдайлар да аз емес дей келіп, оған мысалдар келтіреді:

-Қазақстанның оппозициясы қазір қандай жағдайда дейтін болсақ, оларды алдымен Ақ жол сияқты партиялар деп айтуға болады, " жас бөрілер" деген атқа ие олар президент Назарбаевтың қолдауымен өсіп-жетілгендер, олар экономикадағы өз үлестеріне қол жеткізіп, белгілі бір тауелсіздікке ие болған соң, енді саяси билікті өз қолдарына алғысы келеді,-дейді талдаушы Аркадий Дубнов.

Дубнов сондай-ақ Қазақстанның жаңа саяси партиялары шекараның аржағынан ағылатын қандай да бір грант немесе қаржысыз өздерін-өздері қолдай алады жане олар белгілі бір саяси ықпал ете алатын деңгейге жетті деп атап көрсетеді. Осы аптада Қазақстан оппозициясының қатары тағы бір тұлғамен толыға түсті. Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай Қазақстанның демократиялық күштер коалициясына қосылғандығын мәлімдеген болатын. Бұл коалицияға Ақ жол партиясы мен Қазақстанның демократиялық таңдауы жане Қазақстанның коммунистік партиясы сынды басты партиялар біріккен.

Тұяқбай өзінің мұндай шешімге президенттің саясатымен келіспейтіндіктен келгендігін айтады. Бірақ соңғы кезде оппозиция қатарынан табылған жоғары лауазымды шенеунік бір ғана Жармахан Тұяқбай емес.

Қазақстанның шетте жүрген бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин қазан айында Қазақстан оппозициясын бірігуге шақырып, арнайы хат жолдаған болатын.

Өз кезегінде талдаушы Дубнов Назарбаев оппозицияның күш алып бара жатқанына алаңдаулы дей келе, Ресей президенті Вл. Путиннің Юкос мұнай компаниясын қырына алғаны тәрізді, Назарбаев та енді билікке ұмтылған опозицияны экономикалық тетіктер арқылы ұстап, оларға тежеу салып, кедергі жасауға тырысады деген пікір білдіреді.
XS
SM
MD
LG