Accessibility links

Орталық Азия мемлекеттеріндегі заңсыз еңбек мигранттарының саны қайтсе азаяды?


Қазақстан республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттеріндегі заңсыз еңбек мигранттарының тасқыны көбейіп кеткен. Сарапшылар бұған Орталық Азия елдерінің осы турасындағы заңдарының осалдығы себеп деген пікір білдіріп отыр. Ал «Транспаренси Қазақстан» ұйымының жетекшісі Сергей Злотников заңсыз миграцияның өркендеуіне мемлекеттік шенеуніктердің өздері жол ашып отыр. Өйткені, миграция саласындағы жемқорлық қатты өршіп кетті» дейді.

Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің заңсыз көші-қонға қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Түнқатар Байсағызов: «үстіміздегі жылдың 10 айында біз еңбек миграциясы заңдылығы бұзылған 36 мың жағдайды анықтадық» дейді. Оның айтуынша, көші-қон полициясы құрылған 2002-ші жылдан бері заңсыз мигранттар саны қатты өсіп кеткен. Қазақстан республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда оралмандар мәселесі басты назарға шығарылып отыр екен. «Бұл ретте заңсыз миграция мәселесін шешу үшін ең алдымен мигранттарға қойылар талапты күшейту қажет» дейді комитет төрағасы:

- Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік жағдайының жөнделгеніне байланысты Орталық Азияның басқа мемлекеттерінен талай адам осы жаққа келіп жатыр. Сонымен қатар, тек қана жұмыс іздемей, заңды жолдармен емес, қылмыстық жолмен келіп жатқан азаматтар да бар. Көші-қон полициясы, кеден қызметкерлері және шекара қызметкерлері жасап жатқан әрекеттер өте қатал деген сөгіс естіп жатырмыз. Анығында, қатал әрекетсіз біз еш жаққа бара алмаймыз. Себебі, дүниежүзінде болып жатқан террорлық оқиғаларға қарап отырсақ, Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық жағдайы қанша жерден жақсы болғанымен өзіміздің қауіпсіздігімізді сақтауымыз керек.

Ал соңғы жылдары оралмандар мәселесін зерттеп жүргенін айтқан Анкара техникалық Университетінің докторы Петер Финке осы мақсатта Моңғолияда болып қайтқанын жеткізді. «Сол сапарым барысында Қазақстанға келіп, мұндағы жағдайға икемделе алмай, қайта қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың неліктен ондай қадамға барғандығын анықтадым» дейді Петер Финке:

- Олар: «ең бірінші бізге жұмыс керек» дейді. Содан кейін «жақсы жерге қоныстансақ» дейді. Мысалы олар орысша жақсы білмейді. Кейбір жерлерде осынысынан қатты қиналады екен. «Әсіресе, солтүстік облыстарда, мына Петропавл облысында қиын» дейді. Оларға Талдықорған облысы жақсы екен.

Ал «Транспаренси Қазақстан» ұйымының жетекшісі Сергей Злотников «заңсыз миграция мемлекеттік шенеуніктер қызметіне қоғамдық бақылау жасалғанда ғана тыйылады. Қыл-аяғы шекарадан өткен сәтте басталатын пара алу фактілері осы саланың кез-келген тармағында кездеседі. Осы келеңсіздіктерге тосқауыл қоймай, заңсыз еңбек мигранттарының мәселесін шешу мүмкін емес» дейді. Оның айтуынша, миграция саласындағы коррупциядан Отанына оралған оралмандар да жапа шегуде:

- Егер оралмандар шенеуніктерге ақша төлесе, оларды жақсы өңірлерге қоныстандырады. Бұл дегеніңіз – атқарушы билікке мәслихаттар тарапынан жасалынатын бақылаудың мүлдем дәрменсіз болып кеткендігінен хабар береді.

Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың әлеуметтік-гуманитарлық даму департаментінің жетекшісі Ибод Рахимов: «ЕуразЭс-тің 2000-шы жылдың 30-шы қараша күні қабылдаған қаулысына сәйкес бүгінде Қауымдастыққа мүше мемлекет азаматтары визасыз жүріп-тұратын болды. Осы жайт та заңсыз миграцияның өсуіне себеп болып отыр» дейді. Оның айтуынша, сырттан келген еңбек күші жергілікті жұмысқа қабілетті жұртшылықты нәпақасынан айыруда:

- Сырттан келетін мигранттар жергілікті халыққа жұмысшы ретінде бәсекелес болады. Яғни, осындай тасқынның әсерінен жергілікті азаматтар жұмыс таба алмай қиналады.

Ал Тәжікстан республикасының «Қоғам және құқық» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Муатар Хайдарованың айтуынша, Тәжікстан республикасының 700 мыңнан астам азаматы алыс-жақын шет елдерде жұмыс жасап жүр. «Бұндай тенденцияның елдегі демографиялық жағдайдың төмендеуіне әсер ететіне айтпаса да түсінікті. Бірақ осы азаматтардың жыл сайын республика қазынасына құятын табысы кей кездері республика бюджетінен асып кетеді. Бұл еңбек миграциясының кейбір мемлекеттерге тиімді тұсы» дейді Муатар Хайдарова:

- Тәжікстан сыртта жүрген азаматтары жіберетін ақшасы 300 миллион долларды құрайды. Бұл республиканың 1 жылдық бюджетінен көп ақша.

Ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Балтық елдерінің миграция жөніндегі тәуелсіз кеңесінің өкілі Елена Садовскаяның айтуынша, бір жүйеленбеген көші-қон негізінен Орталық Азия мемлекеттерінің осы саладағы заңдарының осалдығынан орын алуда. «Бұл ретте мемлекеттік мекемелер де әртүрлі мәлімет таратуға мәжбүр болады. Мәселен 2003-ші жылы Қазақстан республикасының сыртқы істер министрлігі Қазақстан шекарасынан 7 жарым миллион адамның өтіп, осының 7 мыңға жуығының заң бұзғандығы анықталып, олардың 1160-ы қайтадан өз мемлекеттеріне аттандырылғанын хабарлады» дейді Елена Садовская. Оның айтуынша, дәл осы мазмұндас мәлімет таратқан ішкі істер министрлігі заң бұзған мигранттар санын 100 мың қылып көрсетіпті. «Визалық жүйемен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие азаматтарды бірден заң бұзған деп айтуға әсте болмайды. Ол негізінен өздерін заңсыз жұмысқа жалдайтын қалталы азаматтардың кесірінен заң бұзған болып шығады» дейді Елена Садовская.
XS
SM
MD
LG