Accessibility links

Оңтүстік-шығыс Азиядағы «құс тұмауы» қазақстандықтарды да алаңдатып отыр


Қазақстанның бас санитарлы дәрігері Анатолий Белоног құс тұмауының жұқтырғыштары кәдімгі адам тұмауымен қосылған кезде адамның ағзасында жаңа вирус пайда болуы мүмкін екендігін айтады.


Оңтүстік-шығыс Азия, соның ішінде Қытай мен Таиланд елдеріндегі өлі құстардан табылған жұқпалы ауру вирусын журналистер «құс тұмауы» деп атап кетті. Бұл қауіпті дерт құстан адамдарға жұғады. Дерт ошағына болжам жасау үшін жылы жаққа ұшатын құстардың ауруларын сәл болса да қадағалап отыру керек.

Жұқтырғышты тарататын да сол жыл құстары дейді мамандар. Бірақ, Қазақстанда бұл жұмысты атқару ешкімге жүктелмеген десе де болады. Санитарлы эпидимиологиялық қызметтер тек адамдар арасындағы дертті бақыласа, мал дәрігерлері тек үй жануарларын қадағалайды дейді кейбір бақылаушылар.

Әйткенмен Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринария департаменті директорының орынбасары Қасым Мұқанов жабайы құстарға арнайы бақылау жүргізілетіндігін айтады.

– Құстар бізде тексеріледі, онымен айналысатын арнайы ветеринариялық ғылыми мекеме бар. Олар Оңтүстік, Шығыс Қазақстандағы құстарды атып алып, лабораториялық әдіспен тексереді, – дейді Қасым Мұқанов.

Ресми Ханой кеше ғана Вьетнамда құс тұмауынан 6 жасар қыз баланың қаза болғаны туралы ақпаратты растады. Әлем елдері қауіпті дерттің жаппай тарауына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар жүргізуге қамданып жатыр.

Қазақстанның бас санитарлы дәрігері Анатолий Белоногтың айтуынша, қазақстандықтарды қорқытатын бір нәрсе бар. Ол – құс тұмауының жұқтырғыштары кәдімгі адам тұмауымен қосылған кезде, адамның ағзасында жаңа вирус пайда болуы мүмкін.

Жалпы, вирустардың көбеюіне адамдардың өздері кінәлі дейді дәрігерлер. Мысалы, бұрын адамдар тек жаяу не атпен қозғалса, қазір індет жұқтырғандар ұшақтармен әлемнің кез келген нүктесінен тез арада өзге елге қауіпті вирусты ала барады. Ресми мәлімет бойынша, осы уақытқа дейін Алматы әуежайына жуырда табиғат апатынан зардап шеккен оңтүстік-шығыс Азия елдерінен 10 ұшақпен 870 адам келген.

– Жолаушылардың барлығы медициналық қараудан өткен, олардың ешқайсысынан вирус табылған жоқ, – дейді Қазақстанның бас санитарлы дәрігері Анатолий Белоног.

Тағы бір мысал, ауаны салқындататын кондиционерлер қолданысқа енгелі онда ылғалды жақсы көретін «легионел» микробы да пайда болған. Сөйтіп миллиондаған жылдар бойы тыныш жатқан вирус адамның денсаулығына зиян тигізе бастады.

Жамбыл облысының санитарлы эпидемиологиялық департаментінің маманы Марат Асаров ауа райының құбылуына байланысты микробтартың дамып отыратындығын айтады.

Көптеген жылдар бойы «В гепатиті» жыныстық жолмен тарайтын. Шприцтер пайда болғалы аурудың бұл түрі дамып кетті дейді эпидемиолог дәрігерлер. Бұрын атымен болмаған антибиотик дәрілерді адамзат ауру-сырқаудан құтылу үшін ойлап тапты. Бірақ, есесіне бұл дәрілерге қарсы тұратын микроағзалар пайда болған. Олар бұрынғы вирустардан әлдеқайда қауіптірек.

– Себебі қоздырғыш дәріге үйреніп қалады да басқаша түрі пайда болады, – дейді эпидимиолог маман Марат Асаров.

Бірақ ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринария департаменті директорының орынбасары Қасым Мұқанов оны басқаша түсіндіреді.

– Вирус дәріге байланысты емес, ол эволюция жолымен өзгереді, – дейді ол.

Тағы бір мысал, адамдар тазалық сақтап, пәтерлердегі микробтарды дәрілеп сүртеді. Ал, табиғат микробтарды бір біріне бәсекелес етіп жаратқан. Дәрігерлердің айтуынша, кез келген адамның денесінде шағын жарасы болады. Оған қонған микроб бәсекелестерінен қарсылық көрмеген соң адамның ағзасында оңай ұялай бастайды.

Кейбір мамандар құс денесінің температурасы 41 градусқа жететіндігін, ал адамның тыныс органдарындағы температура 35 градус шамасында болатындығын айтып, бұл вирус адам ағзасында тіршілік ете алмайды деген болжам айтады.
XS
SM
MD
LG