Accessibility links

Оппозициялық «Сөз» газетіне қарсы сот процесі басталды


Алматының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында «Сөз» газетіне қарсы сот процесі басталды. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті өз "ар-ожданына кір келтіретін, шындыққа жанаспайтын хабар таратты" деп оппозициялық басылымды сотқа беріп отыр.

Қаңтардың 14-і күні Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің талап-арызы бойынша оппозициялық «Сөз» газетінің үстінен сот процесі басталды. Бұл күні сотқа қатысушы тараптардың іске қатысты барлық құжаттары негізге алынып, екі жақ өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Бұған дейін бірнеше рет дайындық шаралары өткен осы сот процесіне «Сөз» газетінде былтырғы қыркүйек айының 23-і күні шыққан мақала түрткі болған. Онда «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшілерін "ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аңдып, бейнетаспаға түсіргендігі" туралы ақпарат жарияланған еді.

Алайда ҰҚК «Сөз» газетінің таратқан бұл хабары "ешқандай қисынға келмейді" деп отыр.

- ҰҚК қызметкерлері «Ақ жол» партиясының жетекшілерін бақылап-аңдыған емес. Сондықтан да газет редакциясы өз қатесін түзетіп, кешірім сұрауға тиіс еді. Осылайша о баста біз бейбіт келісімді ұсынғанбыз, - дейді ҰҚК-нің Алматы қаласы және облысы бойынша басқармасының баспасөз хатшысы Болатбек Төлетайтегі.

ҰҚК өкілдері «Сөз» газетінің ҰҚК-тен кешірім сұрауын және моральдық өтем ретінде 5 миллион теңге төлеуін талап етіп отыр. ҰҚК өкілдері егерде моральдық шығындарын өндіріп алған жағдайда оны Астана қаласындағы бір балалар үйінің есеп шотына аударатындықтарын айтты.

Алайда “Сөз” газетінің қазақ тіліндегі бетінің редакторы Шәріп Құрақбаев редакцияның "айыппұл төлеп, кешірім сұрайтындай қателік жібермегендігін" айтады.

Сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қоғамдық қорының өкілі Ғалия Әженова Азаттық тілшісіне "бұл биыл бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты басталған екінші іс" екенін айтып берді.

“Сөз” газетіне қатысты келесі сот отырысы қаңтардың 19-ына қалдырылды.
XS
SM
MD
LG