Accessibility links

Қырғыз президенті үшін парламент сайлауы отбасының ісіне айналды


Қырғызстанда келесі айда өтетін парламент сайлауы президент Ақаев пен өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың отбасылық ісі болмақшы. Президенттің қызы, ұлы және екі келіні парламент депутаттығына үміткер болып тіркелді. Өзге үміткерлердің ішінде премьер-министрдің ұлы мен президенттің көмекшісінің күйеу баласы тағы бар.

Қырғыз елінде биыл ақпанның 27-інде өтетін парламент сайлауына түсетін үміткерлердің арасында үкімет өкілдері ұрпақтарының қаптап кетуі – қазіргі саяси режимді нығайту мақсатымен істеліп жатқанға ұқсайды. Мұндай тәжірибе ТМД кеңістігінің өзге елдерінде де байқалады. Алайда, бақылаушылардың ортақ пікірінше, мұндай айла-амал президент Асқар Ақаевтың абыройын айрандай төгуі мүмкін.

32 жастағы Бермет Ақаеваны өткен аптада Бішкектегі №1 сайлау аймағына қарайтын Қырғызстан ұлттық университетінің студенттері мен сол ауданның тұрғындары ұсынды.

“Үлкен рахмет, құрметті достар! Бұл мен үшін үлкен құрмет, маған жүктелген зор сенім”, – деді Бермет Ақаева.

Бақылаушылардың айтуынша, сайлау комиссиясы оппозициялық саясаткер Роза Отынбаеваны тіркеуден бас тартқан соң Бермет Ақаеваның жеңіске жетуіне еш күмән қалған жоқ.

Оппозициялық “Атажұрт” партиясының лидері әрі АҚШ пен Ұлыбританияда Қырғызстанның елшісі, Қырғызстан сыртқы істер министрі болған белгілі саясаткер Роза Отынбаеваны осы айдың басында сайлау комиссиясы депутаттыққа кандидат ретінде тіркеп, бірақ бірнеше сағаттан соң еш себебін түсіндірмей үміткерліктен шығарып тастады. Қырғыз оппозициясы бұл әрекет саяси мақсатта істеліп отыр деп мәлімдейді.

Осы аптада Қырғызстан Жоғарғы соты аймақтық сайлау комиссиясының Роза Отынбаеваны үміткерліктен аластату туралы қаулысын күшінде қалдырып, Бермет Ақаеваның депутаттыққа өтуіне тікелей жол ашып берді.

Осы аймақтағы сайлау комиссиясы белгілі тәуелсіз журналист Болотбек Мариповты да тіркемей қойды. Аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Инна Кимнің мәлімдеуінше, “Мариповтың паспортында 2003 жылдың ақпаны мен қыркүйек айы аралығында Бішкекте тіркелгені туралы белгі жоқ болғандықтан ол тіркелуге жатпайды”.

Журналистің әріптестері атап көрсеткендей, сайлау кодексіне сәйкес, тұрған мекенінде тіркелмегендер емес, 5 жыл бойы шетелде тұрған адамдар депутаттыққа үміткер ретінде тіркеуге жатпайды. Олар Болотбектің паспортына соғылмаған жарты жыл ішінде шетелде емес, “Аналитика” және “Общественный рейтинг” газеттерінің тілшісі ретінде Бішкеке жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынды.

Қырғыз президентінің ұлы 28 жастағы Айдар Ақаев та әкесінің туған жері Кемин ауданынан балама үміткерсіз дауысқа түскелі жатыр. Бұл ауданнан Айдарға дейін президенттің ағасы – Асанқұл Ақаев депутат болып сайланған.

Президент Ақаевтың әйелі Майрам Ақаеваның екі сіңлісі – Өкен мен Аязгүл де, сондай-ақ премьер-министр Николай Танаевтың ұлы мен президент әкімшілігінің жетекшісі Тойчубек Қасымовтың күйеу баласы да парламент сайлауына дауысқа түсуге дайындалып жатыр. Асқар Ақаевтың өзі президенттік мерзімі аяқталған соң биліктен кететінін әлденеше рет мәлімдеген болатын.

“Время новостей” газетінің тілшісі Аркадий Дубновтың Азаттық радиосына берген сұхбатында атап көрсеткендей, “Асқар Ақаев – президенттік биліктен кеткен күннің өзінде де, билікті отбасының уысында қалдыруға үміттенеді”. Бірақ президенттің бұл стратегиясы жаман нәтижемен аяқталуы мүмкін.

Мысалы, оппозициялық "Res Publika газетінің өкілі Замира Сыдықованың пікірінше, тума-туыстары болып сайлауға түсуі – президенттің абырой-беделіне кір келтіреді.

“Асқар Ақаевтың өз балаларын парламентке ұсынуы оның өз жағдайын ауырлатты. Халық қазіргі президентті оның мерзімі аяқталғанша төзуге дайын еді. Ал енді билікті өз балаларына бермек болған әрекеті қоғамның үлкен наразылығын туғызды”, – деді Замира Сыдықова.

Кемин ауданында депутаттыққа үміткер болып тіркелген Айдар Ақаев – өткен жылдың желтоқсан айына дейін қаржы министрлігінің кеңесшісі болып қызмет атқарды. Сол кезде ол Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып тағайындалды.

Бақылаушылар Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің ұлы Ильһам Әлиевтің де – 2003 жылы Әзірбайжан президенті болып сайланар алдында Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болғанын атап көрсетеді. Бақылаушылардың ортақ пікірінше, олимпиада комитеті – болашағы бар саясаткерлер үшін билікке алып баратын төте жол сияқты.

Айдар Ақаев – 1999 жылы Бішкекке оралғанға дейін БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде қызмет істеген апасы Бермет Ақаевадан гөрі халыққа жақсы таныс. Бермет – өзінің күйеуі Әділ Тойғанбаевтың арқасында танылды.

Баспасөз құралдарының хабарлауынша, Қазақстан паспорты бар Әділ Тойғанбаев – Қырғызстан экономикасының ең маңызды салаларын қадағалап отыр. Президент Асқар Ақаевтың өз абыройына нұқсан келуіне қарамастан, парламент сайлауына ұл-қыздарын және туыс-тумаларын ұсынуға бел буғаны елдегі бақылаушыларды алаңдатып отыр.

Замира Сыдықованың атап көрсетуінше, бұл қадамға Асқар Ақаев амалы жоқтықтан барып отыр.

“Өз балалары мен туыстарын парламентке өткізбек болған әрекеті екі нәрсені аңғартады. Біріншісі – Ақаевтың төңірегінде оның өзі шексіз сенім артатын кісілердің жетіспейтіндігі, сондықтан ол туыстарының көмегіне үміт артуға мәжбүр. Екінші себебі – парламентте өз адамдарына көпшілік мандат алып беруге ұмтылуы – ол Ақаевтың мезгілінен бұрын биліктен аластатылуынан қорқатынын ғана байқатпайды, одан үлкені – президент билігінде отырған кезінде атқарған қылмыстары үшін жауапқа тартылуынан қатты қорқады”, – дейді Замира Сыдықова.

Асқар Ақаев президенттік билікті өз балаларының біріне тапсырып кетуге тырысып көрмей ме? Аркадий Дубновтың пікірінше, президент сайлауына дейін қалған 9 айдың бедерінде ол не қызы Берметті, не ұлы Айдарды президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жете алатын және одан соң билікті уысында ұстап тұра алатын саясаткер ретінде дайындап үлгермейді.

Ақаевтың төрт баласының екеуі – ұл. Егер Асқар Ақаев билікті өзінің мұрагеріне қалдыруды ойласа, онда осы екі ұлының бірін таңдайды. Оған қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзбек басшысы Ислам Кәрімовтің мұрагерін ойлайтындай жайы бар – екеуінде де екі қыздан бар.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға үлкен саясатқа белсенді кірісіп, “Асар” партиясының лидері ретінде парламент сайлауына түсіп, депутат болып сайланды. Дариға “Үлкен театрды” ән салуымен де Ресейге жақсы таныс.

Осы аптада президент Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен және Ресейдің өзге де ресми тұлғаларымен келіссөзіне Дариғаны ресми делегация құрамында алып барды. Ресми хаттамада Дариға Назарбаеваның қызметі деген тұста – “Президенттің қызы” деп көрсетілді.

Дариғаны ресми делегациямен Мәскеуге алып баруы, бәлкім, президент-әкесінің билікті қызына беретін болса, оған Кремльдің “батасын” алу мақсатын көздеуі мүмкін. Ислам Кәрімовтің қызы – Гүлнар Кәрімова – ресми билікте іс атқарған еш тәжірибесі жоқ. Бірақ Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігінде кеңесші қызметін атқарып жүріп, үлкен саясатпен етене танысатын мүмкіндігі бар.
XS
SM
MD
LG