Accessibility links

Интеллигенция өкілдері президенттен оппозициялық партияны жаппауды сұрады


Қазақстандағы шығармашылық интеллигенция өкілдерінің бір тобы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын жаппауды сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жариялады.

Үндеу жариялаған шығармашылық интеллигенция өкілдерінің қатарында мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, режиссер Болат Атабаев, Қазақстанның мұсылмандар одағының президенті Мұрат Телбековпен қатар «Өрлеу» қозғалысының жетекшісі Сейдахмет Құттықадам да бар. Ол оппозициялық партияның жабылуын биліктің өз күшіне деген сенімсіздігінің айғағы деп бағалайды.

- Бұл алдағы президент сайлауына байланысты екендігі анық. Билік Грузиядағы, Украинадағы оқиғалардан кейін өз күшіне сенбейді, - дейді ол.

Шығармашылық интеллигенциямен қатар, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бірнеше мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері де "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын жабу орынсыз деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Осы мәлімдемеге бірінші болып қол қойған мемлекеттік емес ұйымның төрайымы Розлана Таукинаның пікірінше, партияны жабу сияқты репрессиялар аталған ұйымдарға да бағытталуы мүмкін.

Қазақстан оппозициясының өкілдері "оппозициялық партияның үстінен жүрген сот үрдісінің астарында саясат жатыр және ол Қазақстанда президент сайлауы қарсаңында оппозиция күшін әлсіретуге бағытталған" деп біледі. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының баспасөз қызметі бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарына партия мүшелеріне жер-жерде қысым көрсетіліп жатыр деп баспасөз хабарламасын таратқан.

Совет одағы кезінде Қазақстанда Жоғарғы сот төрағасының орынбасары болған заңгер Абдолла Ямулутдиновтың айтуынша, оппозициялық партияны Алматы прокуратурасының айыбымен жабу шешімі Қазақстан заңдарына қайшы келеді.

- Фашистік мемлекетте бар мұндай, ал басқа мемлекеттерде мұндай болмау керек. Екі сағатта партияны жауып беру шешімі тіпті осыған құзыры жетпейтін сотта шығарылған, - дейді ол.

Шығармашылық интеллигенция өкілдерінің президентке үндеуінде елдегі тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін оппозицияны сақтап қалуға биліктің өз ынталы болуы керек делінген.

- Саяси күштерге бірдей жағдай жасау керек. Ал, бізде «Отан» партиясына қолдау көрсетіледі, ал оппозицияға қуғын жасалады, - дейді «Өрлеу» қозғалысының жетекшісі Сейдахмет Құттықадам.

Советтік Қазақстанда Жоғарғы сот төрағасының орынбасары болған заңгер Абдолла Ямулутдинов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу шешімін басқа сотта шығару керек еді деп санайды.

- Азаматтық істерді жүргізу кодексінде мұндай істерді қарау керек деген категория жоқ, бұл барып тұрған заңсыздық, - дейді Абдолла Ямулутдинов.

Қазақстан билігі шығармашылық интеллигенция және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің үндеулеріне қатысты әзірге ешқандай жауап берген жоқ.

Биыл қаңтардың 6-сында Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы шешім шығарған еді. Алматы прокуратурасы аталмыш партияны саяси партиялар туралы заңды бұзған деп айыптады. Бұған дейін оппозициялық партияның жиналысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатқа сын айтылған болатын. Заң орындары ол үндеуде ел үкіметі заңсыз деп аталып, Қазақстан тұрғындарын бейбіт наразылық акцияларына шақырылған деп тауып, оппозициялық партияны сотқа тартты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG