Accessibility links

Қазақстан 300 доллар тұратын "халық компьютерін" шығармақ


«Инжиниринг және технология трансферті» акционерлік қоғамы биыл шілде айынан бастап Алматыда отандық компьютер жасап шығару жоспары барын хабарлады.

«Инжиниринг және технология трансферті» акционерлік қоғамының Алматыдағы өкілдігін басқаратын Бауыржан Әбдірәсілов қазір қазақстандық компьютерлерді биылдан бастап құрастыру мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді. Бөлшек сауда бағасы шамамен 300 АҚШ долларынан қымбат болмайтын техниканы «Logycom», «АЛСИ», «Glotur» сияқты қазақстандық компаниялар Алматы қаласында салынған «Алатау» техникалық орталығында жасап шығармақ. Бұл іске мемлекет тарапынан көмек сұрап отырған Бауыржан Әбдірасылов үкіметтен әлі нақты жауап болмай отырғанын айтады.

- Электронды құрал-жабдықтар шығаратын кәсіпорындардың санын көбейту үшін арнайы құрылған инженерлік технология парктері Алматыда да бар. Компьютер бағасы арзан шығу үшін сол паркте құрылған өндірістік кәсіпорындарға үкімет тарапынан жеңілдіктер жасалады. Салық елу пайызға азаяды, өзге салықтар түрлері мүлдем алынбайды, - деді Бауыржан Әбдірасылов.

Қазақстандық «Logycom» компаниясының өкілі Денис Иванов елде құрастырылған бағасы арзан компьютерлердің 4 жылдан бері сатылып келе жатқанын айтады. Қаңқасы тегіс шетелдік болғанымен, атауы отандық «Опти» деп аталатын техниканың 2004 жылы 20453 данасы жасалған. Алайда ол толықтай Қазақстанда жасалған бөлшектерден компьютер құрай алатын күн әлі кем дегенде бес жылсыз тумайды деп санайды.

- Компьютерге жан беретін ішкі бөлшектерін жасауға 5 жыл уақыт қажет. Еске сақтап, жылдамдығын арттыратын дүниелерін құрауды 20 жылда ғана үйренеміз. Сондықтан қосалқы бөлшектерін әзірге шетелден тасуымызға тура келеді, - дейді Денис Иванов.

Компьютерлік өнеркәсіптің түбі Қазақстанда да дамуын хош көріп отырған инженерлік академияның ғалым-хатшысы Амандық Төлешов бұл істің жылдам шешілуін қалайды. Алайда, бұл шаруа тек бағасы арзан компьютерлер шығарумен шектелмеуі тиіс деген пікір айтып, оның сыртында отандық тауардың бәсекеге төтеп бере алмау қаупі барын ескертіп отыр.

- Жылдан-жылға компьютер арзандап жатыр. Дәл қазір Қытай техникасынан арзан дүние жасай қою мүмкін емес. Қазақстанда электроника саласы дамымаған. Мұндай өндіріс қарқын алып дамығанда ғана бұл іске кірісу керек. Қазақстанда қазір компьютерге қажет шикізат та жоқ. Сондықтан, бәсекеге төзетін тауар өндіру деген мәселе әуресі көп бастама, - дейді Амандық Төлешов.

Алматыдағы ұлттық кітапхананың компьютер маманы Ғалымжан Болатаев 300 АҚШ долларына негізі тәуір компьютерді дүкеннен сатып алу мүмкін еместігін айтады. Әріп теруге ғана мұршасы жететін техниканы алып шығынданғанша, көп іс бітіретін компьютерге ақша аямаған жөн деп санайды маман.

- Техника күн сайын арзандап жатыр. 300 долларға компьютер құрастырудың тек бір ғана әдісі бар. Өтпеген тауарды қалайда өткізу үшін тұрмыстық техника сататын кәсіпорындар, қоймада қалып қойған ескі бөлшектерден жаңа техника құрап, сату қулығына барады. Одан да сақтану керек, - дейді Ғалымжан Болатаев.

Акционерлік қоғамның Алматыдағы басшысы Бауыржан Әбдірасылов «ақпараттық үкімет» бағдарламасын жүзеге асыруға серпін беретін бастаманы шілде айында бастап кету ойлары барын хабарлап отыр. Олардың берген мәліметі бойынша, қазір Қазақстан жұртының шамамен тек 5 пайызында ғана меншік компьютерлері бар екен.
XS
SM
MD
LG