Accessibility links

Журналист Асхат Шәріпжановтың ісі қалалық соттың бақылау сатысына берілмек


Асхат Шәріпжановтың өліміне қатысты шығарылған сот үкімімен марқұмның отбасы келіспейді. Журналист қазасын зерттеу жөніндегі қоғамдық комиссия қалалық соттың бақылау сатысына шағымданбақ, ал егер одан нәтиже шықпаса, Жоғары сотқа жүгінбекші.

Шәріпжановтар отбасының адвокаты Мұстахим Төлеев журналист Асхат Шәріпжановтің қазасына байланысты "тергеу жұмысында да, сот процесінде де көптеген деректер назарға алынбады" деп отыр. Сол себептен адвокат журналистің өлімі жайлы өз пайымдарын жариялауға мәжбүр болғанын айтады.

- Оны жол апатына ұшырамас бұрын қарақұсынан ауыр затпен әдейі ұрып басын жарған. Миы жан-жаққа шашырап кеткен. Сондықтан, ол сондай ауыр халде болғандықтан, Абай даңғылының жолына жүгіріп шыққанда машинаның астына түскен, - дейді адвокат Мұстахим Төлеев.

Былтыр шілде айының 20-ы күні Алматы ауруханасында көз жұмған журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты желтоқсанның 22-інде Алматы қаласы Алмалы аудандық соты оны "жол-көлік апатынан қаза болды" деп тауып, жүргізуші Қанат Қалжановты 3,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда, адвкоат Мұстахим Төлеев "құқық орындары мен сот мүшелері биліктің тапсырысын орындағандықтан, біржақтылыққа салынды" деген пікірде.

- Біз бұл іске байланысты мәселенің мән-жайын ашып көрсетсек те, сот алқасы оған көзін жұмып қарады. Бетіне шымылдық киіп алғандай. Неге дейсіз ғой? Себебі - билік арнайы тапсырыс берген, - дейді Мұстахим Төлеев.

Асхат Шәріпжановың қазасын зерттеу жөніндегі қоғамдық комиссияның мүшесі, саясаткер Заманбек Нұрқаділов журналист қазасының құпиясын тексеру орындары анықтап ашуы тиіс деп санайды.

- Оны тексеру орындары тексеруі керек: былай өлтірді ме, әлде бұзақылар өлтірді ме?! - дейді Заманбек Нұрқаділов.

Адвокат Мұстахим Төлеев болса журналистің өліміне "тәуелсіз тергеу жұмысын жүргізіп, тиісті сараптама жасауға мемлекет орындары тарапынан кедергілер жасалады" деп отыр.

Журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына байланысты қозғалған іс бойынша былтыр сот үкімін шығарған Алмалы аудандық сотының төрешісі Зәуре Кейкібасоваға бірнеше мәрте телефон шалғанымызбен, оны телефонға келтіру мүмкін болмады.

Сондай-ақ, биылғы қаңтардың 19-ы күні Алмалы аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарған Алматы қалалық сотының судьялары Тұрысбек Миятбеков, Қайынжамал Бұқпанова және Елена Ақмолдаевадан түсіндірме алу үшін қалалық сотқа хабарласқан едік. Бірақ қалалық соттың баспасөз-хатшысы Айзада Байекова судья Тұрысбек Миятбековтің ауырып жатқандығына орай ешкім де түсіндірме бермейтіндігін айтты:

- Судьялар түсіндірме беруге құқылы емес... Бұл жөнінде тек Миятбеков пікір білдіре алады. Себебі, бұл іс бойынша сол баяндама жасады. Ал ол жоқ. Ауырып жатыр.

Журналистің өлімі бойынша тергеу жұмысын жүргізген Алматы қалалық ішкі істер басқармасына бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, мекеменің баспасөз қызметіндегілер "бұл іс бойынша жауапты қызметкерлер орындарында жоқ" деген сылтау айтумен болды:

- Бізде ешқандай мағлұмат жоқ. Қазір бастықтар келсін, содан кейін... Қашан келетіндерін білмеймін. Күтіп отырмыз.

Ал журналист Асхат Шәріпжановтың өлімін зерттеу бойынша қоғамдық комиссия мүшелері өздерінің құқық орындарына қоятын, әлі күнге дейін жауабын таппаған нақты 6 сауал бар екендігін алға тартып отыр. Бұл жөнінде қоғамдық комиссияның мүшесі, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи былай дейді:

- Біріншіден, неліктен сот та, тергеу де бұл өлім қасақана тапсырыспен жасалғаны жөніндегі версияны ескермеді? Екіншіден, Асхатқа оның қазасына дейін қауіп төнгендігі жөнінде әңгіме айтылғаны белгілі болса да, неге ол тергеудің де, соттың да назарынан тыс қалды? Үшіншіден, Асхаттың жарақат алуы, маңдай сүйегінің ішіне кіріп кетуі машинаның шапшаңдығы мен жол апаты оқиғасына сай келмейді. Бірақ сот та, тергеу де бұл мәселеге мән бермеді. Төртіншіден, "оның ағзасында алкоголь бар" деген версияны қоздырғысы келді. Бұған кім мүдделі? Бесіншіден, Асхаттың диктофоны, компьютерге жазылған дыбыс файлдары қайда кетті?! Алтыншыдан, Асхаттың «Навигатор» интернет-газетіне кіретін кілті қайда кетті? Мұның барлығы Асхаттың қазасы жоспарланған, арнайы тапсырмамен жасалған қастандық деп айтуға толық мүмкіндік береді.

Асхат Шәріпжановтың өлімін зерттеу бойынша қоғамдық комиссия енді қалалық соттың бақылау сатысына шағым түсірмекші. Егер одан да нәтиже шықпаса, онда Жоғары сотқа жүгінетіндерін айтады комиссия мүшелері.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG