Accessibility links

Бұрынғы совет елдері президенттерінің бүгінгі зейнеткерлік өмірі


Совет одағы тараған соң тәуелсіздік алған елдер президенттерінің биліктен кетуінің жаңа бір мысалы деп Украинаны айтуға болады. Ел үкіметі Леонид Кучмаға қызметтен кеткен соң белгілі бір жеңілдіктерді белгілегенімен де, жаңа президент Виктор Ющенконың кейбір одақтастары Кучмаға қарсы қылмыстық іс қозғалуы тиіс деп айта бастады.

Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма қандай жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады деген сауалдың жауабы әлі күнге айқын емес. Қаңтардың 28-інде елдің министрлер кабинеті демалысқа шыққан президентке жеке күзетші, жаздық бау-бақшалы үй-дача және зейнетақы тағайындау туралы шешім қабылдаған болатын. Салық төлеу мәселесіндегі жеңілдік те Кучмадан бұрын демалысқа кеткен президент Леонид Кравчукпен теңестірілген болатын.

Кучмаға сондай-ақ Киевтің орталығындағы еңселі сарай үйде тұруға және екі көмекші мен кеңесші, қос жеңіл машина мен төрт жүргізуші ұстауға мүмкіндік беріледі делінген. Ал дачада екі ас дайындаушы мен екі үй күтуші қыз және екі даяшы болады. Міне бұлардың бәрі Украина министрлер кабинетінің қаңтардың аяқ кезінде қабылдаған шешімі бойынша тағайындалған еді.

Ал бірақ қазір бірқатар саясатшылар, негізінен Кучманың орынтағын иеленген Виктор Ющенконың одақтастары, бұрынғы президентке қарсы оның қылмыстары бар деген күдікпен тексеру басталып, іс қозғалсын деп талап етіп жатыр. Егер Кучмаға қарсы сот ісі жүргізіліп, қылмысты деп айыпталатын болса, онда ол жоғарыда айтылған жеңілдіктердің бәрінен де айрылады.

Постсоветтік елдерде бірен-саран ғана президент мемлекет басынан өз еркімен кеткен болатын. Карнеги қорының Мәскеудегі орталығының сарапшысы Андрей Рябов ТМД елдерінде бұрынғы президенттерге берілетін жеңілдіктер мен артықшылықтар турасында арнайы заң жоқ дейді:

- ТМД елдерінде зейнеткерлікке шыққан президенттерді жеңілдіктермен қамтамасыз ету жүйесі әлі қалыптаспаған, мәселен, салыстырып қарасақ, Қытай халық республикасында бұрынғы басшыларының бірі Ден Сяопиннің демалысқа кеткен кезінен бір жүйеге келтірілген, бұл жүйе жақсы жұмыс істейді. Бұрынғы Соевт одағы кеңістігінде бұл жүйе енді қалыптасып келеді, бізде әзір екі ғана мысал бар - Ресей президенті Борис Ельцин мен Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе.

Сарапшы Рябов Украина президенті Леонид Кучма жөнінде ешнәрсе айта алмайды, оның себебін "Кучманың жеңілдіктері мен артықшылықтары өткен аптада қызметке кіріскен Украинаның жаңа үкімет басы Юлия Тимошенконың шешіміне байланысты" деп түсіндіреді.

Ал Ресей президенті Борис Ельцин 1999 жылдың 31 желтоқсанында президенттік екінші мерзімі аяқталар алдында өз еркімен демалысқа кетті де, орнына ізбасар ретінде Владимир Путинді атап, таққа отырғызды. Сөйтіп Ельцин Ресейдегі жеңілдіктерге ие болған бірінші зейнеткер еді. Рябовтың пікірінше, "Ельцинге тағайындалған жеңілдіктер белгілі бір жүйеге бағындырылмаған, бұл оның Путинмен жеке келісімдері арқылы жасалды".

- Әзірге бұл жүйе қалыптасты және тұрақты деп айтуға ерте. Керісінше, кеткен президентке жасалған артықшылықтар заңға негізделмеген, ол жаңа мемлекет басшысының жеке міндеттемесі арқылы жасалды, иә, Владимир Путин билік басында тұрған кезде өзіне алған ол міндеттемесін орындайтын болады. Бірақ, менің ойымша, егер Ресейдің келесі басшысы Ельцинге немесе Путинге сын көзқараспен қарайтын тұлғаның бірі болса, онда Ельцинге берілген артықшылықтардың қалатынына мен күмәнмен қараймын, - дейді Андрей Рябов.

Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе де оның билік басынан кетуі 2003 жылғы "раушан төңкерісінен" кейін жүзеге асқанына қарамастан, бірқатар маңызды жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болды.

Өзбекстанда тыйым салынған оппозициялық "Ерік" партиясының басшысы Мұхаммед Салих Эдуард Шерварднадзенің қауіпсіздік артықшылықтары мен жеңілдіктері жаңа президент Михаил Саакашвилидің кепілдік беруімен жасалып отыр дейді.

- Саакашвили парасатты адам болғандықтан, ол сондай қадамдарға барды. Сөйтіп, халықтың алдында не болса да, бұл біздің бірінші президентіміз еді деп құрмет көрсетті, - деп атап көрсетеді Салих.

Дегенмен Мұхаммед Салих бұрынғы басшыларға деген көзқарас "олардың сол президент болған кезде атқарған істеріне орай қалыптасуы керек" деп есептейді.

- Соған сәйкес, мәселен, Слободан Милошевич пен Саддам Хуссейн сияқты бұрынғы басшылардың адамдарға қорлық көрсеткен, оларды өлтірген жайттарын кейінгі билік басына келгендер ұмыта қояды деп ойламайсыз, - дейді Мұхаммед Салих.

Алайда Андрей Рябов та, Мұхамед Салих та заңның болуы - биліктің бір қолдан екінші қолға бейбіт жолмен өтуі үшін де, сондай-ақ бұрынғы басшының алдағы жағдайы мен қауіпсіздігі үшін аса қажетті шарттардың бірі деген ой түйеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG