Accessibility links

Арқалық соты журналист Жұмат Әнесұлына айыппұл салды


Арқалық қалалық соты жергілікті журналист Жұмат Әнесұлын айыпты деп тауып, ақшалай айыппұл төлеуге міндеттеген шешім шығарды. Билікті сынап мақала жазған журналисті қала әкімі сотқа берген еді.

Қазақстан журналистер одағының мүшесі, 20 жылдай уақыт «Торғай таңы», «Ауыл тынысы» атты жергілікті газеттерде тілші болып істеген Жұмат Әнесұлына қатысты қозғалған іс бойынша Арқалық қалалық соты сәрсенбі күні шешім шығарды. Істі қараған судья Бекзат Кәрбенова журналисті қала әкімі Жомарт Түбекбаевтың "ар-намысына тиетін мақаласы үшін айыпты" деп тауып, оған 65530 теңге мөлшерінде айыппұл салды.

«Жас Алаш» газетінің былтырғы қазан айының 28-і күнгі санында журналист Жұмат Әнесұлының «Айдалада қалған Арқалық» атты сыни мақаласы жарияланған. Арқалық қаласының бүгінгі жүдеу жағдайы, ұрланып-тоналған дүниелер жайында сөз болған осы мақала авторын Арқалық қаласының әкімі Жомарт Түбекбаев сотқа берді.

Өіне шығарылған сот шешіміне байланысты Жұмат Әнесұлы соттың куәгерлерден ешбір жауап алмастан асығыс шешім шығарғанына өзінің қайран қалғанын, бұл шешімді заңды деп мойындамайтындығын айтты. Ол алдағы уақытта жоғары сатыдағы соттарға шағымданатындығын жеткізді.

Арқалық қаласындағы сотқа қоғамдық бақылаушы ретінде қатыспақшы болған «Әділ сөз» қоғамдық қорының жанындағы сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, сот газетте жарық көрген мақалада жазылған жайтқа сараптама жасап, оны талдаудың орнына қала әкімінің "журналист менің ар-намысымды қорлады" деген шағымын негізге алып, соны қанағаттандырған шешім шығарып отыр.

- Шын мәнінде мақаланы жақсылап түсініп оқыған кімде кім журналистің қала әкіміне тиісіп, оны "ұры-қары" деп отырмағанын, ол қаладаға жалпы жағдайды жазғанын түсінеді. Бірақ судья осы жайтты ескерместен асығыс шешім шығарып отыр, - дейді Ғалия Әженова.

«Журналистер қауіп-қатер астында» қоғамдық ұйымның жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда билікті, тіпті жергілікті басқару орындарын сынап мақала жазған журналистердің көбі кінәлі болып, сот алдында қомақты айыппұлдар төлеуге жазаланып жатыр.

- Бұл журналист адамның тіршілігіне орасан зор қиындықтар туғызып отыр, ол олма, журналист жұмысын ары қарай істеуге бөгеттерге тап болады. Жалпы болған оқиға-жайтты туралы шындықты хабарлап, мақала жазған журналистер бүгінгі күні Қазақстанда сөз бостандығына, баспасөз еркіндігіне және БАҚ-қа қарсы жүргізіліп жатқан қуғын-сүргін науқанының құрбаны болып жатыр, - дейді Розлана Таукина.
XS
SM
MD
LG