Accessibility links

Омбудсманға шағымданғандардың 16 пайызы заң орындарына наразылық айтқан


Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының мәліметінше, бір жыл ішінде тұрғындардан түскен шағымдардың 16 пайызы құқық органдарына наразы адамдардан келген.

Қуат Далабаев ертеректе ішкі істер органдарында лейтенант болып жұмыс істеген.

- Совет одағы ыдыраған соң Қазақстан заңдарына өзгерістер енгізіле бастады. Осы өзгерістер жекелеген топтардың мүдделеріне бағытталғандықтан, ішкі істер саласынан кетуді шештім, - дейді Қуат Далабаев.

Бертін келе ол кәсіпкерлікпен айналысып, ұшақтармен жұмыс істей бастаған. Бірақ, күндердің күнінде оның үстінен бір емес, 42 қылмыстық іс қозғалыпты. Мұны «мені сотқа бергендердің тойымсыздығы» деп түсіндіреді кәсіпкер. Ол Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетіндер бар деп отыр.

- Ақша төлегенмін ұшақ жөндеуге. Сол ақшаны алған жоқпыз деп маған жала жапты. Өздеріне сол ақшаны пайдаланғысы келді, - дейді кәсіпкер Қуат Далабаев.

42 қылмыстық істің салдарынан 17 ай абақтыда отырған Қуат Далабаев өзінің кінәсіз сотталғанын дәлелдеп, бостандыққа шыққан соң өзінің үстінен қылмыстық іс қозғаған адамдардан моральдық шығынын өтеп алмақ болып арызданыпты. Бірақ, әзірге Қуат Далабаев әділдікке қол жеткізе алмағанына шағым айтады:

- Ол адамдардың біреуі де жауапқа тартылған жоқ әлі.

Заңгерлердің пікірінше, осы тектес оқиғалар елде аз емес. Қазақстанда көптеген елдердегідей, заңнамалар қылмыс құрбандарын да, қылмыс жасағандарды да қорғайды. Бұл екеуі де сот үрдісінің басты тұлғалары болып табылады. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жабайхан Әбділдиннің айтуынша, тұрғындардан түсетін шағымдардың бір бөлігі қылмыскерлерден келеді.

- Бізді дұрыс соттамады, бізге кем беру керек еді деген хаттар болады, - дейді Жабайхан Әбділдин.

Оның айтуынша, шағымдардың тағы бір бөлігі қылмыстан зардап шеккендерден келеді:

- Хаттардың арасында мынау кісі бәлен қылды, оған аз беріпті, бұл шығып кетуі мүмкін дегендері де бар.

Бірақ, қылмыстан зардап шеккендер көбіне көлеңкеде қалып, керісінше, қылмыс жасағандарға қолдау көрсетіледі дейді кейбір заңгерлер. Құқықтанушылардың арасында бұнымен келіспейтіндер де бар. Мысалы, Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғандығы белгілі. Сауалнамалардың нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі өлім жазасын жоюға қарсы. Олардың ішінде қылмыстан зардап шеккендер көп. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Арбол Арғыновтың айтуынша, Қазақстандағы қылмыстық ахуалды өлім жазасымен шешуге болмайды:

- Жай кісілер өлім жазасы болу керек дейді. Ол бәрібір проблеманы шешпейді. Мәселен, сот қателігі болса, кінәсі жоқ адам атылып кетуі мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қылмыстың алдын алуға арналған конгресінде айтылғанындай, қылмыстан зардап шеккен адамдардың жартысынан көбі полицияның сөз болып отырған мәселеге мән бермейтіндігіне наразы. Ал, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Арбол Арғыновтың айтуынша, бір жыл ішінде тұрғындардан түскен шағымдардың 16 пайызы құқық қорғау органдарына наразы адамдардан келген:

- Бізге 2004 жылда 1156 арыз түсті, оның ішінде 206 арыз құқық қорғау органдарына қатысты.

Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, орташа ауыр қылмыс жасаған адам қылмыстан зардап шеккен адаммен татуласып, зардабының шығынын өтеп берсе, жауапкершіліктен босатылады. Бұл жағдайда қылмыстан зардап шеккен адамдар өтемақы мөлшерін өзі белгілейді. Оның сыртында, мемлекет куәлерді қорғауы тиіс. Республика бас прокурорының аға кеңесшісі Төрехан Адайдың айтуынша, Қазақстанда куәларды қорғау жүйесіне арнайы қаражат бөлінбегенімен, заңда бұл мәселе ескерілген:

- Тергеу органдары куәгерге бүркеншік есім қойып, көпшілікке көрсетпей мәлімет алады.

Адам құқықтары жөніндегі орталықтың мәліметінше, шағымданып келетін адамдардың біразы сот шешімдеріне наразы. Кейбір саясаткерлер Қазақстан соттары билікке тәуелді және жемқорлық бар дейді. Бас прокурордың аға кеңесшісі Төрехан Адайдың айтуынша, судьялардың пара алатын жағдайлары болып тұрады:

- Жақында мысалы, Таразда судьяға қатысты іс қаралды. Пара алып жатқан кезінде қолға түсті. Мен өзім жүргізгем ол істі. Кеше ғана үкім шығыпты.

Қазақстан заңына сәйкес, қылмыстық істі тергеп жатқан органдар қылмыстан зардап шеккен адамдарға заңгерлердің көмегі берілетінін, қылмыскерлерден айыппұл алуға болатындығын және мемлекет атынан берілетін өтемақы төленетіндігін хабарлауға тиіс.
XS
SM
MD
LG