Accessibility links

Қазақстанда, ресми деректер бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің 57 пайызын әйелдер құрап отыр. Олардың үлес салмағы денсаулық сақтау министрлігінде 71 пайыздан асса, білім және ғылым, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде 66 және 69 пайыздың үстінде.

Ал, әйелдер құқын қорғау жөніндегі ұйымдардың мәліметі бойынша, Қазақстан парламентіндегі депутаттардың небары 10 пайызы ғана әйелдер. Әйелдер тек орташа қызметтерде көп те, басшылар қатарында өте аз дейді олар.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда әйелдерге көп жағдайда ер адаммен бірдей жұмыс істесе де еңбекақы аз төленеді. «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанованың пікірінше, Қазақстанда әлі де жынысына қарап кемсіту, яғни дискриминация бар:

- Әйелдің еңбегін бағалауда, несие беруде, бизнесте бар.

Гендерлік саясат саласында жұмыс істейтін кейбір мамандар Қазақстанда шығыс дәстүрін сылтауратып, әйелдерді жынысына қарап кемсіту, яғни, жоғары лауазымды қызметке жақындатпау бар деп есептейді. Ал, дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың пікірінше, керісінше ислам дінінде әйелдерге көптеген құқықтар берілген:

- Ислам дінінде әйелдерге сайлау және сайлану, меншік иесі болу құқы берілген.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жоғары немесе арнайы оқу орындарын бітірген әйелдер саны ерлерді басып озған. Ғылыммен айналысатындар қатарында әйелдер жыл өткен сайын артып келе жатқан көрінеді. Тарихшы Данагүл Мақаттың айтуынша, әйел адамға міндетті түрде мемлекеттік қызметке ұмтылудың қажеті жоқ:

- Ұлттық менталитетті ескерген жөн, әйел өзінің қоғамдағы орнын білу керек. Сосын, ер-азаматтарға көмектессек те артық болмайды.

Ал, дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың пікірінше, әйел адамға тең құқық бердік екен деп, оларды ауыр жұмысқа салу қазақ ұлтына жат нәрсе:

- Совет дәуіріндегідей қазіргі әйелдердің жұмысы. Трактор айдаған, кен орнында жұмыс істеген, көше сыпырған әйелдерді көргенде бұл өте өрескел көрінді маған. Бұл бізге жат.

Бұған дейін, Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы елдегі әйелдер құқын қорғау деңгейін тексеру мақсатымен мониторинг өткізген болатын. Жобаға 5 қоғамдық ұйым қатысып, «Сорос қоры» қаржымен көмектескен. Мониторинг нәтижесі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жұмысқа қабілеті бар адамдардың 45 пайызын құрайтыны белгілі болды.

Әйелдердің басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тамақтандыру, мәдениет және қаржы саласында жұмыс істейтіні анықталды. Ал, тіл маманы ғалым Асылы Османның айтуынша, қазақ әйелдері бірінші кезекте эволюциялық жолдағы мақсатты жүзеге асырғаны жөн:

- Қазақ әйелдері бірінші кезекте ана болу керек.

Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы таратқан мәліметке сай, қазіргі таңда еңбекке қабілеті бар әйелдердің 16 пайызы жұмысқа зәру екен. Осыған орай, Қазақстанда әйелдерді жынысына қарап кемсіту бар деген пікір қалыптасқан. Ал дінтанушы Мұртаза Бұлытайдың пікірінше, Қазақстанда Ислам дініндегі әйелдерге берілген көптеген құқықтар іс жүзінде орындалмай келеді:

- Бізде тек 8 наурызда ғана әйелдерді құрметтейміз, бұл - алдау, Кеңес одағы кезіндегі идеологияның қалдығы. Оларды 365 күн құрметтеп, құқықтарын беру керек.

Ресми мәлімет бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 50-ге жуық әйелдер ұйымдары бар екен. Қазір олардың барлығы жыл сайынғы дәстүрлі әйелдер мерекесін атап өтіп жатыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG