Accessibility links

Алжирде араб елдерінің жетекшілері жиналмақшы


Сейсенбі күні Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы қамтитын араб елдері лигасының 2 күндік жиыны басталады. Араб елдері “Бейрут бастамасы” деп аталатын бейбіт ұсынысын тағы да талдамақшы.

Аталмыш Лиганың соңғы жылдардағы жиындарына қарағанда, араб елдері басыларының бұл қосуы Таяу Шығыстағы ахуалға еш ықпал ете алмайтын сияқты. Араб елдері “Бейрут бастамасы” деп аталатын бейбіт ұсынысын Израиль сәтсіз деп бағалап, одан әлденеше рет бас тартқан болатын.

Сонымен қатар, Ливан мен Ирақтағы ахуал және осы аймақ елдерін демократияландыру сынды ең маңызды аймақтық проблемаларға Алжирдегі жиында онша көп назар аударылмайтын сыңайы бар. Араб елдерінің Лигасы басшыларының Алжирдегі бас қосуы бүкіл Таяу Шығыста орын алған драмалық өзгерістердің көлеңкесінде өтпекші.

Америка басқыншылығына қарсы наразылықтың өсе түсуіне қарамастан, Ирақта қаңтар айындағы ұлттық сайлаудан кейін демократияның алғашқы қадамы жасалды; Ливанда мыңдаған халық елдегі демократияның өрісін кеңейту мен 30 жылдай елде болған Сирия армиясын шығаруды талап етіп жатыр; Израиль мен Палестина жанжалына келсек, Ясир Арафаттың қазасынан кейінгі сайлауда билік басына салмақты да ұстамды лидердің келуіне байланысты бейбіт келісімге деген құлшыныс нығая түсті, нәтижесінде екі жақ, қолайсыздау болса да, өзара бітімге келді.

Міне, осындай өзгерістердің толқынына қарамастан, Алжирдегі 2 күндік бас қосуында араб елдері Лигасының жетекшілері Израильге деген стратегиясын өзгертеді немесе оны ысырып қояды, не болмаса Таяу Шығысты дүр сілкіндіріп жатқан осы құбылыстарды жай сөз етумен шектеледі деп күтілуде.

Лондондағы зерттеу орталығы – патшалықтағы бірлескен қызмет Институтының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бағдарламасының басшысы Тури Мунтидің пікірінше, араб елдерінің лидерлерін ішкі мәселелері көбірек толғандырады.

- Олар (араб лидерлері) өздерінің ішкі проблемаларына көбірек алаңдайды. Оларды аймақтың экономикасы толғандырады. Олар өз ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуды көбірек ойлайды. Бұл араб елдері басшыларының осы аймақтың істеріне Американың немесе жалпы Батыстың араласуына наразылық білдіру немесе араласпауын талап ету үшін жиналған бас қосуы емес. Бұл, сондай-ақ, Батысқа деген наразылықтың барлығын растайтын бас қосу да емес, дейді Тури Мунти.

Араб елдері лидерлерінің көзқарастары бір жерден шықпайды. Оның бірден-бір айғағы: 22 араб елінен 14-інің ғана лидерлері Алжирге келеді. Келмейтіндердің ішінде Сауд Арабиясының таққа мұрагер ханзадасы Абдуллаһ, Ливан президенті Эмиль Лахуд және басқалар бар. Иордания патшасы Абдулла да бармайды.

Араб елдері Лигасының 2002 жылы Бейруттағы форумында арабтардың бейбіт ұсынысына өзгерту енгізбек болған әрекеті сәтсіз аяқталғаннан бері Абдулла патша Лиганың жиындарынан аяғын аулақ басатын болды. 2002 жылы жарияланған “Бейрут бастамасында” егер Израиль 1967 жылы басталған Таяу Шығыс соғысына дейінгі шекарасына қайта оралатын болса, 21-ден асатын араб елі онымен бейбіт әрі жақсы қарым-қатынас орнатуға дайын екені атап көрсетілді.

Алайда, өзінің араб әлемімен арадағы қарым-қатынасы Израиль-Палестина арасындағы барлық өзекті проблеманың шешілуіне тәуелді болмауы керек деп мәлімдеген ресми Тель-Авив ол бастаманы қабылдамады. Иордания патшасы міне осы “Бейрут бастамасын” Израиль мен әлем қауымдастығының пікірлерімен жетілдірмек болды. Мысыр оны қолдап шықты.

Алайда оның орнына “Бейрут бастамасының” бастапқы нұсқасы Алжирде қайта сөз болмақшы. Дүйсенбі күні Алжирдің сыртқы істер министрі Әбділәзиз Белхадим: “Азап шеккендердің елі – Алжир – Израильмен арадағы қатынастарды жақсартатын кездесудің орны емес!” –деп мәлімдесе, араб елдері Лигасының Бас хатшысы, нағыз араб ұлтшылы, Әмір Мұсаның мәлімдеуінше, өзінің саясатын (араб елдерімен арадағы) өзгертпейінше, Израильмен арадағы қарым-қатынасты жақсартудың қажеті жоқ.

Алайда, саяси сарапшы Т.Мунти Алжирде бас қосқан араб лидерлерін Ливан мен Ирақ сынды елдердегі қоғамдық толқулардың бара-бара көтерілуінен “сескенеді” деп сипаттайды.

- Олар (араб лидерлері) өз аймағындағы өзгерістерге енжар қарамайды. Олар өзгерістерден жақсы хабардар; ол құбылыстардан сескеніп отыр. Олардың ендігі көздегені - әлгі құбылыстарды тізгінде ұстау. Аймақта араб елдері лидерлерінің Алжирдегі кездесуінің күн тәртібіне ықпал ететін саясат мол. Мен автократияны жақтамаймын. Бірақ та олар уысынан шығып кетуі мүмкін құбылыстардың іштей басылуына мүдделі , - дейді саяси сарапшы Т.Мунти.

Әйтсе де, бірқатар араб елі осы аймақтағы өзгерістердің кейбірін қолдайды. Атап айтқанда Мысыр, Иордания, Марокко мен Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекет Израильмен арадағы қарым-қатынасын, оның ішінде әсіресе экономикалық ынтымақтастығын жақсарту мүмкіндігін қарасыру үстінде.

Басқа араб елдері болса, арабтар Лигасы лидерлерінің Алжирдегі бас қосуында жаңа парламент құру сияқты Лиганың ішкі мәселесін талдаумен шектелгенше, демократиялық реформалау идеясын тиянақты талдауға тиіс деп есептейді.

Арабтардың Әш-Шарқ Әл-Аусат” ("Al-Sharq Al-Awsat") газетінің сейсенбілік санында саяси сарапшы араб лидерлерінің Алжирдегі бас қосуын Таяу Шығыс алдында тұрған ең өзекті проблемаларды талдауға шамасы жетпейді деп ащы сынға алды.

Атап айтқанда, Абдиль-Рахман Әр-Рашид: “Жоғарғы дәрежедегі бас қосудың арабтарға “араб парламенті” тәрізді үлкен жақсылық сыйлаймын ант-су ішуі күлкі туғызады. Арабтардың бар аңсағаны осы ма еді? Әлде бос әңгіме болатын басқа кеңес пе?” деп сынады.
XS
SM
MD
LG