Accessibility links

Қазақстанда туберкулезден көз жұматындар саны азая бастады


Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан ТМД мен Еуропа аймағындағы туберкулез кең таралған елдер қатарына жатады. Статистика бойынша, Қазақстанда жылына 25 мың адам туберкулезге шалдығып отыратын көрінеді.

Бұл санды Қазақстанның туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Ғалымжан Рақышев та қуаттайды:

- Ия жыл сайын сол маңайда болып отырады.

Тағы бір мәлімет, Қазақстанда 10 мың адамға шаққанда 153 адам осы ауруға шалдыққан. Дегенмен мұндай сандар қазақстандық дәрігерлерді аса қобалжыта қоймайды. Олардың айтуынша, бұл көрсеткіш елдегі туберкулезбен ауыратындардың өскендігін емес, аурудың Қазақстандағы бұрын белгісіз болып келген нақты ауқымын көрсетеді.

Ал оны анықтауға, мамандардың айтуынша, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы DOTS атты стратегиясы көмектескен. Қазақстан бұл стратегия аясында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді және дәрігерлердің айтуынша, бұл уақыт аралығында туберкулезбен ауыратындардың саны 41,6 пайызға кеміген көрінеді.

Туберкулезді бақылау және алдын-алу жөніндегі орталықтың Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің жетекшісі Михаил Фаворов DOTS стратегиясы Қазақстанда тұратын ондаған мың адамның өміріне араша болды дейді:

- Біздің есебіміз бойынша, DOTS бағдарламасы Қазақстанда жүзеге аспаған жағдайда, Қазақстан бүгінге дейін 20 мыңға жуық азаматынан айырылып қалар еді. Қазақстанның 15 миллион тұрғынына шаққанда аталған 20 мың адам елдің 1 пайызынан артығын құрайды. Бағдарламаның тигізген ең басты пайдасы да осы деп білемін.

Туберкулезбен ауыратындардың саны жөнінен Қазақстан ТМД елдерінің арасында алдыңғы орында тұруының себебін ауруды бақылау және алдын-алу жөніндегі орталықтың Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің жетекшісі Михаил Фаворов, ТМД елдерінің көпшілігінде DOTS стартегиясының қолға алынбағандығымен түсіндіреді.

Михаил Фаворовтың айтуынша, Ресей немесе Тәжікстанда Қазақстандағыдай туберкулез ауруы туралы толыққанды ақпарат жоқ.

- Қазір Қазақстанда туберкулезден өлгендердің саны кемісе, 4-5 жыл өткен соң туберкулезбен ауыратындардың саны да азаяды. Өйткені, DOTS стратегиясының аясында алдағы уақытта, індеттің тарау ошақтарының алды алынып отыратын болады.

Түрме реформалары жөніндегі халықаралық ұйымның өкілі Мәлік Әденов, Қазақстан түрмелерінде де туберкулезбен ауыратындардың саны кемігенін айтады. Алайда, оның айтуынша, түрмеде туберкулезбен ауыратын жастардың саны азаяр емес:

- Қазақстан түрмелерінде 1998 жылы туберкулезден ауырған адамдардың саны 15 000, ал осы аурудан қайтыс болғандардың саны 1 300 адам болды. Қазіргі кезде осы аурудан көз жұмғандардың саны 1 300-ден 74 адамға дейін кеміді. Түрмеде отырған адамдардың жартысынан астамының жасы 25 пен 45 жас аралығында. Жас адамдардың пайыздық арасалмағы көп болғандықтан, олардың арасында туберкулездің таралуы да көп.

Алматы қаласындағы Әуезов ауданааралық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Тоқтасын Көккөзов бұл ауру жастар арасында кең таралып отыр дейді:

- Біздің есебіміз бойынша 18 бен 34 жас аралығындағы адамдар туберкулезбен ауыратындардың ауырғандардың 50 пайызын құрайды. Мысалы, студенттердің арасында көп, Өйткені олар тамақты аз ішеді әрі дер кезінде ішпейді.

Өз кезегінде студент жастар да, өздерінің арасында туберкулезбен ауыратындардың көп екендігін айтады:

- Арамызда жүрген жолдастарымыздың көпшілігі туберкулезбен ауырады. Әсіресе жатақханада тұратын студенттер осы аурумен көп ауырады.

- Жастардың әлеуметтік жағдайы төмен ғой. Дұрыс тамақтанбаудан бөлек, қаншама жастар қазір ақша табу қамында көп жұмыс істейді. Қатты шаршағандықтан, олардың ағзасы әлсіремей ме?

Туберкулезбен ауыратындарды емдеу Қазақстанда тегін. Мамандар туберкулез ауруына қарсы шетелден келген дәрі-дәрмектердің сапасының талаптарға сай келмеуіне қатысты жақында туындаған жағдайларға қарамастан, Қазақстанда туберкулез ауруын емдеу шаралары бірқалыпты жүріп жатқандығын айтады.
XS
SM
MD
LG