Accessibility links

Қарағандыда адам саудасымен күрес жөніндегі кеңес құрылмақ


Жаңа кеңестің құрамына миграция жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы серіктесі болып табылатын мемлекеттік емес ұйым және Қарағандының әділет департаменті кіреді. Кеңес өкілдерінің айтуынша, Қазақстаннан шетелге кеткен жас қыздар көбінесе дәмханаларда, ал, жігіттер шаруа қожалықтарында жұмыс істейді.

Қазақстандағы заң саласында жұмыс істейтін мемлекеттік емес ұйымның заңгері Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстанда миграция үрдістерін реттейтін 200-ден астам құжат қабылданған. Бірақ, олардың көбісі бір-біріне, елдің конституциясына және мемлекетаралық келісімдерге қайшы келеді:

- Адам саудасына қатысты істер қылмыстық құқыққа жатады. Құқықтық нормаларды күшейту керек. Олар халықаралық шарттарға сәйкес келмейді.

Ұйымдасқан топтардың адам саудасына қатысы бар екендігін дәлелдеу өте қиын, дейді мамандар. Оның үстіне зардап шеккендер өз аңқаулығын жариялағысы келмейді, ал ресми өтінішсіз жұмыс істеу мүмкін емес, дейді заңгерлер.

Сондықтан, зардап шеккен адамды қорғау қиын. Қарағандының әділет департаментінің заңгері Дархан Оспановтың айтуынша, Қазақстанның қылмыстық кодексінде 18 жастан асқан адамдарды саудаға салған қылмысқа қарсы заң жоқ.

Қарағандыда Қазақстанның басқада қалаларында сияқты шет елге бармақшы болғандарға кеңес беретін кеңсе бар. Бірақ, оған телефон шалатындар адам саудагерлерінің құрсауынан сақталу жолдарын емес, шет елге жұмысқа бару жолдарын сұрайды екен. Қазақстанда азаматтарға шет елден жұмыс беру құқы бар фирмалар жоқтың қасы.

Бірақ, тұрғындар оған қарамайды, дейді заңгерлер. Ал, заңды бұзған адамдар кейін өздері зардап шеккенсоң көмек сұрай алмайды, дейді олар. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда адам саудасы үшін, 5 адам сотталған. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, оларға өткен жылы шағым айтып келген адамдарда болмаған:

- Өткен жылы комиссияға ондай шағымдар түскен жоқ. Негізі ондай шағымдар өте аз болады. Ал, негізі адам саудасына қатысты жұмыстарда Қазақстан органдары халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары баға алған.

Ал, миграция жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметінше, Қазақстанда соңғы 3 жылда адам саудасының 170 жағдайы тіркелген. Қарағандының әділет департаментінің заңгері Дархан Оспановтың айтуынша, адам саудасына қатысты ресми емес шағымдар көп болғанымен, қылмысты істер нақты өтініш түскенсоң ғана қозғалады.

Қазақстандағы мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасына сәйкес, ірі жоғарғы оқу орны студенттерінің 80 пайызы шет елде жұмыс істеуге қарсы емес. Ал, өзін қауіпсіздендіруді ойлайтындар 20 пайыз болып шыққан.

Көкшетау қаласының феминистер лигасының мәліметінше, Афиныда Көкшетаудың 50 қызы жезөкше болып жұмыс істейді. Осы мемлекеттік емес ұйымының заңгері Назугум Масимованың айтуынша, шет елге шығу үшін, тек еңбек визасын пайдалану қажет, туристік визамен жұмыс істеу заңға қайшы.

Шет елге шықпас бұрын, құжаттардың көшірмесін жасап, үйге тастап кету керек және құжаттарыңды берсеңдер визаны өзіміз жасаймыз дейтін фирмаларға сенбеу керек, дейді заңгер. Көкшетау қаласының феминистер лигасының заңгері Назугум Масимованың айтуынша, бұл лигаға әр жастағы адамдар келеді. Олардың ішінде студенттер және оқуға түсуге қаржы таппаған мектеп түлектері бар.

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 5 миллион адам құл сатушылардың құрбаны болады. Мәселен, Таиланд қыздары АҚШ-пен Батыс Еуропаның жезөкшелер үйіне 20 мың долларға сатылады, ал, Таиландтың өзінде бұл қыздарды 2 мың долларға сатып алуға болады, деген ақпар бар. Демек, адам сатушылар салған қаржысынан 10 есе артық пайда табады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG