Accessibility links

Бейбіт жиын өткізуді шектейтін заң жобасы қоғамда пікірталас туғызды


Қазақстан парламентінің елдің қолданыстағы сайлау заңына сайлау кезіндегі бейбіт жиындар мен шерулер өткізуге шектеу қоятын өзгертулер енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауы Қазақстан қоғамында пікірталас туғызып отыр.

Наурыздың 28-інде парламент мәжілісі мақұлдаған бұл заң жобасында елдегі сайлау кезінде кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары аяқталған сәттен бастап, сайлауда дауыс берудің алғашқы нәтижесі ресми түрде жария етілгенше сайлауға байланысты қандай да болмасын митингтер мен жиын-шерулер өткізуге тыйым салу көзделген. Бұндай тыйым салу Конституцияға және адам құқығы саласындағы халықаралық принциптерге қайшы келеді деп атап көрсеткен елдегі оппозициялық күштер заң жобасын қатты сынға алып жатыр.

«Қазақстан парламентінде елдің сайлау туралы заңына енгізілмек боп жатқан бұл өзгерістер азаматтардың Конституцияда көрсетілген негізгі бостандықтары мен құқықтарын шектейді» деп мәлімдеме таратты көкектің 5-күні Алматыда "Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесі" қоғамдық ұйымы.

- Бұл заң жобасын әзірлеушілер сайлау комиссиясындағы жеті адамның құқығын қорғау деген желеумен республиканың барша азаматтарын, олардың қол сұғуға болмайтын құқықтары мен бостандықтарынан айырмақшы, - дейді Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің заңгері Жан Күнсеркин.

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті 20 жастағы Айгүл өткен парламент сайлауына бақылаушы болып қатысты. Ол Украина мен Қырғызстанда өткен сайлауларды мемлекеттік теледидардан көрген екен. Айгүл Қазақстанның сайлау туралы заңына өзгеріс енгізуді көздейтін даулы жобаға қолдау білдіреді:

- Ондай жиын өткізуге тыйым салынғаны дұрыс. Мына қырғыз еліндегі, тағы басқа мемлекеттердегі сияқты оқиғалар Қазақстанда қайталанып жатса жақсы ма? Қаншама шығын келді солардан...

Айгүлдің бұл сөзін 21 жастағы Айбек те қостайды. Айбектің пікірінше, мұндай өзгерту "қоғамда тыныштықтың кепілі" болмақ. Ал сайлау нәтижесі жөнінде ешқандай талас болмас үшін сайлауды әділ өткізуге күш салу керек дейді жас жігіт:

- Өйткені, сайлаудың қортындысы толық шықпай, халықтың арасында сайлау туралы артық сөз, теріс пікір тудырмау керек. Әйтпесе келіспеген адамдар наразылықты қоздырып, халықты жинап, күш жұмсайтын әрекетке бастауы мүмкін. Сондықтан, мұндай түзету дұрыс болады деп ойлаймын.

- Ал егер сол азаматтардың сайлау құқығы тапталып жатса ше?

- Бұл жерде енді мемлекет сайлаудың заңды өткенін бұлтарпайтын, нақты дәйектермен көрсетуі керек.

Бірақ, Айбектің бұл пікірімен болашақ заңгер Зәуре келіспейді:

- Егер бұл түзету қабылданса, онда Конституцияда жазылған құқық, яғни әрбір адамның жиын-митингке қатысып, өз пікірін білдіру құқығы бұзылады. Ал оны шектеуге болмайды, ол құқықты шектейтін кез-келген заң - Ата заңға қайшы болып табылады.

Заң факультетінің студенті Зәуре өткен сайлау кезінде депутаттыққа үміткер болып түскен өз танысы сайлау барысында заңсыздықтарға кезіккенін айтады. Бірақ та оның шағымын сот дұрыс қарамады дейді Зәуре. Ал 20 жастағы Гүлімжан осы күнге дейін бірде-бір сайлауға қатыспапты. Өз айтуынша, саяси айтыс-тартыс оны қызықтырмайды, сондықтан ол сайлау заңына жиын-митингке тыйым салатын өзгерту енгізуге қарсы емес.

- Қазақстан азаматы ретінде пікірім мынадай – бұндай өзгерту енгізу керек. Сайлау қалай өтседе көтерілістер болмас үшін қажет. Мәселен, онсыз да жағдайы мәз емес Қырғызстандағы сондай көтеріліс одан сайын жаман әсер етті. Сондықтан біздегі заңға әлгіндей өзгеріс енгізген жөн, - дейді Зәуре.

«Қазақстанның отаншыл жастар одағы» ұйымының жетекшісі Маханбет Әбжан болса, парламент сайлау заңына әлгіндей түзету енгізгенімен, ол заң наразылық акцияларын өткізуге бөгет бола алмайды деген пікірде.

- Егер халық шеруге шығамын, революция жасаймын десе оны жасай алады. Өйткені, өзіңіз білесіз, Украинада да, Грузияда да, Қырғызстанда да революциялар, адамдардың алаңға шығуы - заңға қайшы болды, яғни заңсыз болды. Сондықтан, менің ойымша, заңға қаншама түзету-толықтыру енгізгенімен, бәрібір, халық жиналып, алаңға шығып, билікті өз қолына алам десе - алады, - дейді жастар белсендісі Маханбет Әбжан.

Сайлау заңына даулы өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы сәуірдің 8-і күні Қазақстан парламенті қос палатасының бірлескен отырысында екінші оқылымда қаралады. Егер парламент оны мақұлдап, қабылдаса, заңды күшіне енгізу немесе оған қарсылық білдіру президенттің еншісінде қалмақ.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG