Accessibility links

Азаматтық соғысты ұмытпаған тәжік жастары жаңа төңкерістерде үрке қарайды


Тәжікстан жастары Қырғызстандағы оқиғаларды қызығушылықпен көріп-тыңдап келеді. Бірақ, өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында елде болған азаматтық соғысты көріп өскен жастар, көшеге наразылық танытып шыққандардың әрекеті теке-тірес пен қантөгіске алып келуін жақсы біледі.

Азаттық радиосына берген сұхбатында, тәжікстандық жастардың кейбірі саяси келіспеушіліктердің заңды түрде шешілуін жөн көретінін айтқан. Тәжікстан халқының 40 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды, сол үшін Тәжікстан үкіметі енді жастармен санасып, олардың пікірлеріне құлақ аса бастауы мүмкін.

Тәжікстандағы жастардан Қырғызстандағы оқиғаларға орай пікірлерін сұрағанда, олар үрке жауап берді. Мысалы, Тәжікстан ұлттық университетінде оқитын студент жігіт көршілес Қырғызстандағы оқиғаларды теледидардан көрген кезде, соған ұқсас Тәжікстанда болған оқиға есіне келгенін айтып берді.

- Олар үкімет ғимараттарына шабуыл жасап, ғимараттарды өртеді. Тәжікстанда да соған ұқсас әрекеттер болған, соның салдары елді азаматтық соғысқа алып келген. Мұндай әрекеттер жақсы нәрсеге апармайды, - деді тәжік студенті.

Қырғызстандағы тонаушылық пен зұлымдық Тәжікстан азаматтарының көбіне елде 1992-97 жылдары болған азаматтық соғысты еске түсірді. Сол соғыс елді ойран қылып, 50 мыңнан астам адамның өмірін қиып кетті. 1992 жылдың көктемінде Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен жаппай наразылық акциялары үкіметті қолдаушылар мен оппозицияның жақтастары арасында қанды қақтығысқа айналған.

27 жастағы Мохаммед Захир Хабибов елдегі жетекші Халық демократия партиясының мүшесі. Оның айтуынша, Тәжікстан азаматтары, әсіресе, жастар Қырғызстандағы оқиғалардың өз елінде қайталануын қаламайды.

- Біздің елімізде де осыған ұқсас наразылық акциялары болған, бірақ, енді ондай әрекеттер Тәжікстанда қайта болмайтынын мен жақсы білемін, - дейді Хабибов.

Тәжікстан мен Қырғызстан парламенттік сайлауларын ақпанның 27-сі күні өткізген болатын. Оппозициялық топтар мен халықаралық ұйымдар аталған екі елдегі сайлауларды сынап, бұл сайлаулар әділ өтпеді деген.

Қырғызстандағы наразылық білдірушілердің әрекеттері елде төңкеріске және қырғыз президенті Асқар Ақаевтың биліктен кетуіне алып келді. Ал, Тәжікстанда жетекші партия, яғни президент Эмомали Рахмоновтың партиясы парламенттегі көп орынға ие болды. Елдегі оппозициялық партиялардың бұл сайлауды заңсыз деп есептеу керек деген шақырулары жоққа шығарылды.

Соңғы жылдары Тәжікстан жастарының көбі қоғамда белсенді түрде қатысып келеді, сондай-ақ елде үкіметтік емес ұйымдардың саны да көбеюде. Алайда, жастардың ақпандағы парламенттік сайлаулардағы ролі үлкен болған жоқ. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Тәжікстан жастары елдің саясатына белсенді түрде араласуға әлі дайын емес.

Саясаттанушы Фахредин Халбектің айтуынша, азаматтық соғысты көріп өскен жастар өздерінің рухани күш-жігерін жоғалтып, өздерін саясаттан алшақ ұстауға тырысады.

- Қазір Тәжікстан жастары елдің саяси өміріне белсенді қатыспайды. Менің ойымша, Украина, Қырғызстан немесе Грузия елдеріндегі жастарға ұқсап, олар қоғамдағы қозғаушы күшке айналмайды, - дейді Халбек.

Парламенттегі аз орынға қол жеткізген Тәжікстанның оппозициялық партиялары проблемаларын заңды түрде шешуге тырысып жатыр.

Ал, Киевте оқитын 23 жастағы Тәжікстан азаматы Нилуфар елде Қырғызстандағы “КелКел” немесе Украинадағы “Пора” сияқты жастар ұйымдарына ұқсас ұйым құрылса, онда жастардың елдің саяси өміріне қатысуларына жәрдем берер еді дейді.

- Мұндай ұйым Тәжікстанның дамуына өз үлесін қосқысы келген жастардың басын біріктіріп, Тәжікстанға пайда келтіреді, - дейді студент.

Дегенмен, бұл елде болған азаматтық соғыс жастардың есінен әлі шыға қойған жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG