Accessibility links

Ресейде мыңдаған жас азаматтардың әскерге барғысы жоқ


Жылда сәуірдің 1-інде басталатын науқаны барысында 18 бен 27 жас аралығындағы дені-басы сау 155 мың ер бала Ресей армиясы қатарына алынады. Алайда Шешенстандағы қантөгіс, армиядағы зорлық-зомбылықтан беделі түскен Ресей армиясы қатарына барғысы келмейтін жастар саны мыңдап саналады.


Александр өткен 7 жылын көшеде милиция қызметкерлерінің көзіне түсіп қалмайын деп бас сауғалаумен-ақ өткізді. Ресейдің басқа мыңдаған жас азаматы сияқты 25 жастағы мәскеулік жігіт те әскери борышын өтеуден жалтарғысы келеді. Әзірге дейін бұл әрекеті сәтті болып келді.

- Кейде милиция қызметкерлерін көріп қалсаң, өзіңді қорғансыз сезінесің. Өйткені олар құжаттарыңды тексеріп қалуы мүмкін. Ресейдің қазіргі армиясын мен кәсіби армия деп есептемеймін. Оның ешқандай мағынасы жоқ, жай көзбояушылық сияқты. Сондықтан да мен оған қызмет етуден бас тартамын... осындай алып механизмнің тағы бір кішкентай тетігі болғым келмейді..., - дейді Александр.

Совет одағы ыдыраған соң қаржыландыру ауқымымен бірге Ресей армиясының абырой-беделі де күрт құлдырады. Осымен 6 жылға ұласқан Чешенстандағы соғыстың салдарынан беделі кеткен қарулы күштердің мәртебесін қайта көтеруді өзінің басым міндеттерінің бірі етіп алған Ресей президенті В.Путин үшін бұл өте ауыр сын болды. Ресейдегі адам құқын қорғаушы ұйымдар орыс армиясының қатарына шақырылған жастардың құқы бұзылады деп айтып келеді.

Адам құқын қорғаушылардың пікірінше, әскери борышын өтеуге денсаулығы жарамайтын жастарды да армия қатарына күштеп алып жатыр. Мәскеуде орналасқан адам құқын қорғаушы ұйымның өкілі Александр Петровтың хабарлағанындай, кәмелетке толған ер балаларды тіркеуге алу үшін армия өкілдері жастардың ойын-сауық мекемелері – диско немесе түнгі клубтарға жиі-жиі жорық жасап тұрады.

- Осыдан 2-3 жыл бұрын мұндай шаралар жаппай іске асырылатын. Қазір де Мәскеу немесе Петерборда, не болмаса Новосибирск сынды үлкен қалада кезекті осындай тінту шарасының жүзеге асырылғаны туралы естіп тұрамыз. Мұндай нәрселер айтарлықтай жиі болып тұрады. Кейде армия жасындағы жастарға қатаң шара қолданып, тіпті күш қолданған жайттар да болып тұрады, - дейді А.Петров.

Армия қатарындағы түрлі зорлық-зомбылық, жаңадан шақырылған жауынгерлерді жаппай жәбірлеу сынды сан-алуан әңгіме де жастарды 2 жыл мезгілін армия қатарында өтемек ықыласынан ерікісіз айырады. Мысалға, өткен жылдың қазан айындағы әскерге шақыру науқаны кезінде, деп хабарлайды адам құқын қорғаушылар, армияға шақырылғандар ар-ұжданы мен намысын қорлайтын өрескел оқиғаны бастан кешті. Ресей армиясының басшылығы оған шұғыл араласып, болашақта ондай кемшіліктерге жол бермеуге уәде берді.

Ресей армиясының қатарындағы зорлық-зомбылықтың, соның ішінде әскерге жаңадан шақырылған жауынгерлерді жәбірлеудің әлдеқашан үйреншікті құбылысқа айналғандығы соншалықты, ол құбылыстың “дедовщина” (немесе “қарттардың әлімжеттігі”) деген атауы да бар. Адам құқын қорғаушылардың мәліметі бойынша, армия қатарында қолданылатын заңсыз “дедовщина” рәсімдердің салдарынан жыл сайын жүздеген жауынгер қыршын кетіп жатыр.

Міне, армия қатарына жаңа шақырылғандардың, жәбір көрген осындай жауынгерлердің және олардың ата-аналарының құқын үкіметтік емес ұйым - “Жауынгерлер аналарының комитеті” шамасы келгенше қорғауға тырысып келеді. Осы комитеттің жетекшісі Валентина Мельникова армия қатарында қызмет етуден жалтарған ер балаларды толық қолдайды.

- Әскери қызметке жастардың барлығы барғысы келе бермейді; оның ішінде Чешенстанда қызмет еткісі келмейді; оның ішінде армия қатарында жүріп зорлық-зомбылық көргісі келмейтіндер бар және армияда өзінен ақша талап ететінін білетіндер де армия қатарына барудан жалтарады. Азып-тозған казармаларға барғысы келмеу – санаға әбден-ақ қонатын талап-тілек. Ресейдің қазіргі армиясы – бұрынғы Совет Одағының қарулы күштері. Кезінде Прага мен Бакуге басып кірген, Ауғанстанда және Таулы Қарабақта соғысқан кәдімгі Совет Одағының қарулы күштері..., - дейді қоғамдық комитет жетекшісі Валентина Мельникова.

Кәмелетке жасы толған жігіттер үшін 4 жыл әскери емес қызмет ету сынды балама қызмет атқаратын мүмкіндік бар. Бірақ, 4 жыл тым ұзақ, сондықтан ондай балама қызметке жыл сайын азын-аулақ ер балалар ғана барады. Ауқатты да зиялылардың отбасылары өз балаларын көбіне армия қатарынан алып қала біледі.

Бұл, демек, әскерге негізінен кедейлердің балалары шақырылады деген сөз. Алайда, жаңа шақырылғандардың басым көпшілігін денсаулығы нашар, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынған балалар құрайды. Нәтижесінде армия басшылығы әскерге шақырылған жастардың “сапасының төмендігіне” үнемі арызданып келеді.

Жуырда әскерге шақыратын бас штаб армияға алынғандардың 57 пайызға дерлігінің денсаулығында кемістігі барын мәлімдеді. Әскер қатарына жаңадан шақырылған 50 жауынгердің кем дегенде бірі түрмеде отырып шыққан.
XS
SM
MD
LG