Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында 27 мың жас жұмыссыз жүр


Оңтүстік Қазақстан облысында, ресми мәлімет бойынша, қазір облыстағы 77 мың жұмыссыз адамның 35 пайызы жастар. Жыл сайын оқу орындарын тәмамдаған түлектердің жартысына жуығы жұмыссыз қалады екен.

Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбекпен қамту департаменті мамандарының айтуынша, жұмыспен қамтитын арнайы үйлестіру кеңесі жұмыс беруші кәсіпорындар мен жұмыскерлерді дайындайтын оқу орындары арасында тығыз қарым-қатынас орнату үшін құрылған. Қазірдің өзінде оқушылар, студенттер және жалпы жастарды еңбек орындары жөнінде ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен 5 жарым миллион теңге бөлінген екен.

Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы 77 мың жұмыссыз адамның 35 пайызы жастар. Оның сыртында, еңбекпен қамту департаментінде тіркелмеген жастар бар дейді мамандар. Шымкент қаласының тұрғыны,жоғары оқу орнында философия мамандығы бойынша 5 курсте оқып жатқан студент Ыбырай Қасеновтың айтуынша, бұл мәселені реттемесе жағдай ушығып кетуі мүмкін:

- Қандай да бір мамандыққа деген сұраныс бұрын зерттелетін. Ал қазір бәрі ақша боп кетті. Ақшаң болса - қызметті де, оқуды да, дипломды да сатып аласың. Сондықтан, жұмыссыз жастар көбейді. Ертең бұдан да көбейеді. Өйткені, мемлекеттің әлеуметтік саясаты дұрыс емес. Кейді көңілден шығатын бір жобалар жасалады, бірақ, ол үлкен мұхиттағы кішкентай қайық сияқты.

Оңтүстік Қазақстан облысы білім департаментінің бастығы Ерғали Сарманов, жастар арасындағы жұмыссыздықтың басты себебі - мамандықты дұрыс таңдамауда жатыр дейді. Мысалы, осы облыстағы білі ордасын тәмамдаған 18 мың түлектің 4 мыңы мұғалімдер екен. Ал, облыс мектептерінде олар үшін не бәрі 200-ге жуық жұмыс орны ескерілген. Е.Сарманов мырзаның айтуынша, облыста жастарды жұмыспен қамту мақсатында құрылған арнайы үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында жергілікті кәсіпкерлерден бірқатар сұраныс түсіпті:

- Ол жерде кәсіпкерлер сөйледі. Олар өздеріне технологтар жетпейтінін, екі мың техник мамандарына мұқтаж екенін айтты, ал бізде ондай мамандар саны 500 адам.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі оқу орны - мемлекеттік университет ректорының орынбасары Шәріпжан Ескендіровтың айтуынша, жұмыс берушілердің өздері мамандарға жұмыс бергісі келмейді:

- Бізде мектептер 41 мың түлек шығарады. Қазақстан бойынша ең көп сан. Ал, бірақ мұғалімдердің 36 пайызының жоғары білімі жоқ. Солардың орнына неге жастарды алмайды?

Оңтүстік Қазақстан облысының білім департаментінің бастығы Ерғали Сармановтың айтуынша, оқу орындары бірнеше жыл бойы Қазақстандағы еңбек базарын зерттемей, мамандық беріп келеді. Соның кесірінен қазір облыста экономист, заңгер және мұғалім мамандығын алған жастар көбейген. Бірақ, оларға жұмыс орындарын табу қиынға соғып тұр.

- Жыл сайын оқу орындарын тәмамдаған түлектердің жартысына жуығы жұмыссыз, - дейді Ерғали Сарманов.

Шымкент қаласындағы ең ірі жұмыс беруші «Южполиметалл» кәсіпорнының кадр басқармасының бастығы Фатиха Боранбаеваның айтуынша, қазір кезде компанияға металлург-инженерлер, энергетиктер, механиктер және құрылысшылар қажет екен. Бірақ, мұндай мамандық алған жастар саны аз дейді кадр басқармасының бастығы.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік университет ректорының орынбасары Шәріпжан Ескендіров болса, қазірде жұмыс берушілердің өздері мамандарға тәжірибе бергісі келмейді деп отыр:

- Бізде биыл бітіретін 4800 адам, жалпы оқып жатқан 24 мың студент бар. Қазақстандағы ең үлкен оқу орнының біріміз. Ал, «Южполиметалл» біздің студенттерді тәжірибеден өткізгені үшін ақша сұрайды. Сондықтан, біз оларға маман дайындамаймыз дедік.

Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы облыста өткізілген еңбек жәрмеңкелеріне келген 1700 адамның ішінен тек 600 адам сұрыптаудан өткен екен. Ал, оқу орындарын тәмамдаған түлектердің қатарындағы мыңнан астам жас азаматтардың білімі жұмыс берушілердің көңілінен шықпай қалды дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG