Accessibility links

Сот “Жас Алаш” газетін парламент мүшесіне жығып берді


Сейсенбі күні Алматыда “Жас Алаш” басылымы мен парламент депутаты Серік Әбдірахманов арасындағы дауға байланысты жүрген сот ісі аяқталды. Медеу аудандық соты депутаттың талап арызын ішінара қанағаттандырып, оның ар-ожданы мен қызметтік беделіне келген нұқсанды 168 мың теңгеге бағалап шешім шығарды.

- Парламент депутаты Серік Әбдірахмановқа моральдық шығын есебінде «Жас Алаш» газетінен 100 мың теңге, ал мақала авторлары Руслан Сәрсеев пен Ерік Рахымның әрқайсысынан 10 мың теңгеден өндірілсін. Басылым сондай–ақ талапкердің сенімді өкіліне төленген 30 мың теңге мен сот сараптау орталығының сарапшыларына жұмсалған 18 мың теңгені де төлеуге міндетті, - деді Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотының төрешісі Ерхан Тотыбайтегі.

Газетті сотқа берген арызында талапкер өзіне келген моральдық шығынды 50 млн теңгеге бағалаған болатын. Серік Әбдірахмановтың сенімді өкілі, заңгер Шынқуат Байжанов Азаттық радиосына:

- Шығарылған шешім заңды. Жазылған мақаларлардың шындыққа жатпайтындығына көз жеткіздік. Біз үшін өндірілген шығынның көлемі маңызды емес. Сот шешімімен келісе ме, жоқ па - оны Серік Әбдірахмановтан сұраңыздар, - деді.

Ал депутат Серік Әбдірахманов “Сотта менің таза екенім дәлелденді. Шығарылған шешімге ризамын. Енді газет менен ұяттары болса кешірім сұраулары керек. Сол газет бетінде менің шындық сөзім шықса болды. Ашумен шығын көлемін 50 млн теңгеге көтеріп, жатып алайын деген едім” дейді.

Сот шешіміне сәйкес, өндірілетін моральдық шығынмен қатар, алдағы бір ай ішінде газет С.Әбдірахмановтан кешірім сұрап мақала жариялауы тиіс. “Жас Алаш” газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек бұл шешіммен келіспейтіндігін айтты:

- 100 мың теңгенің өзін көп деп ойлаймын. Себебі, қазір үкімет газетке ешбір қаржы беріп отырған жоқ. Бүгінде 45 мың оқырманымыздың қалтасындағы ақшасымен шығып отырмыз. Жұрт айтып жүргендей “Жас Алаш” бай газет емес. Редакция орналасқан Мақатаев көшесіндегі 22-інші мекен-жайдағы ғимаратқа барып көріңіздер. Сылақтары түсіп, қабырғалары құлайын деп тұр.

Сондай-ақ, Жүсіпбек Қорғасбек «депутат Серік Әбдірахманов бірқатар басылымдер мен телеарналардан “Жас алаш” газеті мен оның қызметкерлерінің атына шындыққа сәйкес келмейтін ұшқары пікірлер айтты. Біз бұл туралы сот барысында қарсы шағым түсірген болатынбыз. Алайда ол қабылданған жоқ» дейді:

- Оның өзінің бір себептері болуы мүмкін. Бірақ, Серік Әбдірахмановтың Астанадағы тіркелген орнына орай шағым түсіріп, бұл сот процесін одан әрі жалғастыратын шығармыз. Әлі де ақылдасамыз.

Ал “Әбдірахманов неге үрейлене береді?” атты мақаланың авторы Руслан Ербота:

- Менің мақаламда екі-ақ ауыз сөз бар: «Ұрлық туралы үнемі сөз қозғап, үнемі мәселе қозғап жүретін депутат неге үрейлене береді?» деген сұрау белгісімен аяқталады. Мен оған сұрау салып отырмын. Оны сыбайлас жемқорлықпен күреспейтін депутат деп біржақты пікір айтқан жоқпын. Керісінше, оны сыбайласқан жемқорлықпен күресуші қайраткер ретінде атап өттім. Қазақтың “Сезікті бұрын секіреді” деген мақалы үшін сот осындай шешім шығара беретін болса, сөз бостандығына шектеу деп есептеймін. Өйткені қазақтың жай мақалынан журналистерді сотқа тарта беретін болса, онда қоғамның алға қалай жылжи беретінін өздеріңіз қағалай береңіз, - дейді.

Осы дауға байланысты “Айқын” басылымының тілшісі Жұмабек Жанділдин “Соттың істі бұлай шешкені ақиқат болғаны. Ақиқатты жазбаса ол журналистің бүлдірушілікке барғаны. Әр журналист өзінің жазғанына жауапты болуы керек” деген пікір айтты. Ал “Апта.кz” басылымының жауапты хатшысы Жан Тілеубайұлы “Басылымдарды соттау сонау “Дат” газеті жарыққа шыққаннан бері жалғасып келеді. Оның жалғаса беретіндігіне сенімдімін” дейді.
XS
SM
MD
LG