Accessibility links

Қазақстанның мереке күндері қандай сипатта?


Қазақстанда ресми түрде танылған 8 мереке бар. Солардың есебінен жылына 20-25 күн демалыс болып жарияланады. Мұның сыртында 40 шамалы ресми емес және кәсіби-салалық мерекелер аталып өтіледі екен.

Жұртшылық арасында ресми мерекелердің мазмұн-сипатына, басқа да қыр-сырларына байланысты әрқилы көзқарастар қалыптасқан. Мысалы, мамырдың 1-күнгі мерекенің Қазақстан халықтарының мейрамы деген атауының өзі өрескел қателік деушілер бар. Олардың пікірінше, Қазақстанда бір-ақ халық - Қазақстан халқы ғана бар.

Қазақстанның кейбір мемлекеттік мерекелері совет одағы кезінен қалған. Мысалы, жаңа жыл мерекесі, халықаралық әйелдер күні және жеңіс күні. Сондай-ақ, Қазақстан тәуелсіздік алғалы пайда болған мерекелер бар. Ол - Тәуелсіздік күні, Конституция күні және Республика күні.

Бірақ, кейбір сарапшылар бұл мерекелер өзара тым ұқсас. Сондықтан, олардың санын қысқарту керек деген пікірде. Соңғы кезде жаңа мерекелерге бұрынғы 1 мамыр мерекесінің өзгертілген түрі - Қазақстан халықтарының бірлігі күнін жатқызып жүр. Енді, оның саяси реңі азайып, көктем мерекесіне айналған.

Алайда, кейбір сарапшылар бұл мерекенің атауының өзі дұрыс емес деген пікірде. Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, Қазақстанда көптеген ұлт пен этностар болғанымен тек бір халық бар:

- Халықтар деп атау мүмкін емес. Өйткені, мұнда тек бір халық тұрады, ал қалғандары диаспора өкілдері.

Наурыз мерекесі басқаларға қарағанада қатты ерекшеленеді. Жер бетінде ол 5 мың жыл бойы аталып келеді. Бірақ, 1926 жылы совет билігі бұл мерекені атап өтуге тыйым салған болатын. Тек арада 65 жыл өткен соң наурыз мерекесі Қазақстанда қайта жанданды. Бірақ, шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлының айтуынша, қазір наурыз мерекесінің мазмұны ашылмай келеді:

- ССРО кезіндегі мерекелерді айғау-шу қылып өткізу қанға сіңіп қалған. Бір түрлі саяси ауқым сияқты. Яғни, үй тігеміз, оның сыртында не ішінде стақан сылдырлатып, ән айтып өткіземіз.

Ал, кәсіби мерекелерге тоқталсақ, бұған дейін ресми түрде Қазақстан күнтізбесінде тек баспа күні ғана болған. Оның сыртында, қаржыгерлер Қазақстанның ұлттық теңгесінің туған күнін өздерінің кәсіби мерекесі санап келді.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтің айтуынша, көптеген кәсіподақтар, шаруа қожалықтары, министрліктер мен мекемелер кәсіби мерекелерін ескі Кеңес одағы кезінде қалыптасқан уақыты бойынша атап жүр:

- Бәрібір, сол күндері саладағы қызметкерлер жиналып жасайды.

Кеңес одағы кезінде мұндай мерекелер барысында еңбек ұжымдары арасында жарыстар ұйымдастырылатын. Егер Совет одағы кезінде жарыста ұтып шыққан ұжым мүшелеріне құрмет қағаздары берілсе, қазір бағалы сыйлықтар берілетін болды.

Бірақ, Қазақстандағы кәсіподақ өкілдері мұндай мерекелерді заңдастыру керек деген пікірді ұстанды. Осылайша, әлеуметтік серіктестік жөніндегі республикалық 3 жақты комиссия кәсіподақтардың кәсіби мереке күндері ретінде берген мерекелер тізімін құптады. Бірақ, кейбір кәсіби одақ мүшелері бұл тізімді ұзарту керек деген пікірде.

Олар оған геолог, машина жасаушы және химиктер күнін қосу керек деп есептейді. Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтің айтуынша, кәсіби мерекелердің санын көбейту керек:

- Жақсы дәстүрді сақтау керек. Кеңес үкіметіде халықтың жауы емес. Қазір халық салынып, арақ ішіп жүретін кезден кеттіғой.

Ал, еңбек министрлігінен кәсіподақтарға бұл мерекелер Кеңес одағы кезінде болған, ал, қазіргі мерекелер тәуелсіз Қазақстанның дәстүрлері мен талаптары бойынша ұйымдастырылады деген жауап келді. Бұл пікірге шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы қосылып отыр:

- Кәсіби мерекелерді жалғастыра берсек, сол атаулардың астында қалып қоямыз. Біз ұлттық сана көтеретін мерекелерді қолға алуымыз керек.

Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша да, кәсіби мерекелердің санын азайту керек:

- Басқа елдерде мамандыққа байланысты мереке жоқ. Онда тек ұлттық мерекелер. Ал, біздегі әдіс Кеңес одағынан қалған әдет.

Қазақстан күнтізбесінде ресми 8 мереке жазылған. Бірақ, жыл сайын ол мерекелерге қосымша бір-екі күн қосылып отырады. Оның сыртында, көптеген кәсіпорындарда 40 кәсіби мереке аталады. Кейбір экономистердің пікірінше жыл сайын еңбеккерлердің бір айға жуық уақыттарын жұмыс істемей, тойлаумен өткізуі Қазақстан экономикасына кесірін тигізіп келеді.
XS
SM
MD
LG