Accessibility links

Қазақстан оппозиционерлері Шымкентте өздеріне шабуыл жасалғанын айтады


Мамырдың 3-күні Қазақстан оппозициясының өкілдері дүйсенбіде Шымкентте өздеріне қарсы шабуыл жасалғанын айтып, арнайы мәлімдеме жасады. Оппозиционерлер мұны "биліктің ұйымдастырған саяси терроры" деп бағалап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Шымкенттегі оқиғаға өз бағасын беруді талап етті.

Қазақстан оппозиционерлерінің басын біріктіретін “Әділетті Қазақстан” қозғалысының жетекшілері мамырдың 2-күні болған оқиғаны оппозицияға жасалған саяси террор деп бағалады. Сонымен бірге олар, Шымкентке осы жолғы сапар кезінде, бұған дейін Қазақстан оппозициясы алдағы президент сайлауында бірегей үміткер ретінде ұсынғалы отырған саясаткер, парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай мен оның серіктестеріне шабуыл жасалғанда, сол жерде болған жергілікті полиция сақшылары ешбір әрекетсіз, іс-қимылсыз қарап тұрғанын атап айтады.

Дүйсенбі күні “Неміс толқыны” радиосы хабарлағанындай, шабуыл жасаушылар алдымен Шымкенттегі бір ғимараттың ішінде серіктерімен бірге отырған Жармахан Тұяқбайды іздеген, президиумда отырған азаматтарға наразылықтарын білдірген, соңынан шиша, шыны лақтырған. Шабуыл барысында Жармахан Тұяқбай аман қалғанымен, оның күзетшілерінің бірі жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Жармахан Тұяқбайдың жанында болғандардың бірі – саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы омыртқасына шабуылшылар лақтырған құмыра тиіп, аяғын шиша жарақаттап кеткенін айтады. “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов, билік оппозициямен арадағы жағдайды күрделі, шиеленісті жағдайға әкеле жатыр деп санайды:

- Бұл - саяси террор. Екі түрлі контраст - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше облыстарды аралағандағы «алақайды» көріңіздер де, оның қазіргі саяси бірегей қарсыласы Жармахан Тұяқбайдың облыстарға шыққан осы сапарын көріңіздер. Президент сайлауы алдында заңдардың қалай бұзылатынын біз көріп отырмыз.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының жетекшілері мамырдың екісі күні Шымкентте болған оқиға түсірілген бейнетаспаны сейсенбі күні Алматыдағы журналистерге көрсетті. Бұл көріністі қозғалыстың мүшесі Болат Әбілов түсіндіріп отырды. Оның айтуынша, оқиға Шымкент қаласындағы “Турист” қонақ үйінде болған екен. Қонақ үйде оппозиционерлерге қарсы шабуылдан әсіресе қонақ үйге материалдық зардап келген. Бірақ қонақ үй қожайындары оған өкініп отырған жоқ дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин:

- Ол да өмірдің қиындығын көрген азамат болу керек. Біз өзіміз ықпал жасап, көмектеспесе, ол оған өкініп отырған жоқ. Екіншіден, бұған республика президенті көңіл аударуы керек, ол басқарып отырған мемлекетте осындай жағдайдың болуы оған ыңғайсыз болуы керек.

Орын алған оқиғаға байланысты «Азаттық» радиосы Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасынан ақпарат алуға тырысқанымен, басқарма мамандары журналистерді бір-біріне сілтеп, нақты жауап бермеді.

Қазақстан оппозиционерлері Шымкенттегі оқиғаны саяси террор деп атаса, “Отан” партиясының мүшесі, Қазақстан парламентінің депутаты Серік Әбдірахманов қандай да бір баға беруге сақтық танытты:

- Кім білсін енді. Біз оның анық-қанығын білмейміз. Оны көрмесек, білмесек, қандай баға беруге болады.

Ал “Азат” қозғалысының атқару комитетінің жетекшісі Ерсайын Ерғожа мұны арнайы ұйымдастырылған лас технология деп бағалап отыр.

«Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай мен оның пікірлестері өткен көкек айының 9-күні өздеріне қарсы Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде шабуыл жасалғанын мәлімдеген еді. Енді олар мұндай оқиға республиканың кез-келген облысында қайталануы мүмін дегенді айтады. Бірақ, соған қарамастан, қазақстандық оппозиционерлер өздерінің саяси күресін жалғастыратынын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG