Accessibility links

Адам құқын қорғаушылар Ресейде неонацизм өрістеп барады дейді


Неміс нацистері салған қырғыннан соң Ресей, бір қарағанда, неонацизмнің ошағы бола қоймайтын тәрізді. Алайда, ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 60 жылдығы қарсаңында, Ресейдің адам құқын қорғаушы ұйымдары елде нәсілшілдік, әсіреұлтшылдық пен неонацистік көңіл-күй өсіп бара жатыр деп дабыл қағады.

Фашистік Германиямен соғыстағы жеңістің 60-жылдығын тойлауға жан-жақты дайындалып жатқан Ресейде жергілікті адам құқын қорғаушы ұйымдар өздері “нәсілшілдік”, “шетелдіктерді жақтырмау мен шеттету” және “неонацзим” деп атаған құбылыстардың елде кең қанат жайып келе жатқанын мәселе етіп көтеріп отыр.

Сәрсенбі күні Мәскеуде ұйымдастырған баспасөз-маслихатында адам құқын қорғайтын қайраткерлер кезінде Совет Одағының азын-аулақ халықтарды аяусыз басып-жаншып, жер аударып, қырып-жойғанын орыстар ұмытпауға тиіс деп ескертті. Мысалға, Алла Гербер Мәскеудегі “Холокост” қорын басқарады.

Оның айтуынша, нацистік Германияның жеңілгеніне қарамастан, фашизм – ресейліктердің сана-сезіміне терең тамыр жіберген құбылыс болып табылады. Нацизммен қатар фашизм, оның пікірінше, ұзақ уақыттан бері ресейліктердің сана-сезімінде сақталып келеді.

- Біз Жеңіс күні қарсаңында жиналып отырмыз. Өйткені сонау баста бұқара халықтың санасындағы фашизм жеңілген жоқ, жойылған жоқ еді. Оның себебі: сырттан келгендер ғана фашизм ретінде қабылданды да, мысалға, гитлерлік Германия, ия, ол фашизм болатын. Алайда, біз қандай елде тұрдық, бізбен нендей сұмдықтар болды, оны біз халыққа ешқашан айтпадық, түсіндірмедік, оған анықтама бермедік. Міне, бүгін соның “жемісін” көріп отырмыз, - дейді А.Гербер ханым.

Осы баспасөз-маслихатында адам құқықтары жөніндегі Мәскеу Бюросы таяуда өткізген қоғамдық сауалнаманың қорытындысы бойынша елдегі нәсілшілдік, шетелдіктерді жек көру және неонацизмнің көріністері туралы арнайы мәлімдемесін таратты. Оған сәйкес, орыстардың тең жартысы шетелдіктерге Ресейде “тым үлкен еркіндік” немесе “тым көп билік берілген” деп санайды және олар Совет Одағының бұрынғы Орта Азия республикалары азаматтарының Ресейге келуіне шектеу қоятын шараларды қолдауға әзір екендерін мәлімдеген.

Қоғамдық сауалнама, сонымен қатар, орыстардың 1/3 бөлігінің неонацистерді “қоғамды тазартушы күш” немесе “қоғамның санитары” деп қабылдайтынын, ал 43 пайызының Ресейде шетелдіктердің жүргенін жақтырмайтынын көрсетіп берді. Баспасөз-маслихатын ұйымдастырушылар “нәсілшілдік, “әсіре ұлтшылдық” сана-сезімді өткен жылдың қыркүйегіндегі “Беслан трагедиясының” өршітіп жібергенін жасырмай атап өтті. 330-дан асатын адам құрбан болған осы қанды оқиға үшін барлық айып чешендер қозғалысымен тығыз байланысты қарулы құрамаларға жүктелді.

Сонымен қарама-қатар соңғы бірнеше айда шетелдіктерге қарсы шабуыл жасалғаны туралы хабарлар тым көбейіп кетті. Соңғысы: 2-інші наурыз күні Мәскеу метросында 2 алжирлік студентті соққыға жығып кетті. Екеуі де жеңіл жарақат алды. Алайда, басқалары ондай жеңіл жарамен құтылған жоқ.

Өткен жылы Мәскеу мен С.Петерборда ұлты грузин кісі пышақталды, вьетнамдық студент тепкіден қыршын болды, өзбек жұмысшысын соққыға жығып, пышақтап өлтірді, жеткіншектердің бір тобы 9 жастағы тәжік қызын әкесінің көзінше шынжырмен және қолға киетін темір құралмен соққылап өлтірді.

Осындай оқиғаларға куә болғандардың басым көпшілігі әлгіндей қаскүнемдерді шашын тақырлап қырып алған “жылтыр бастылар” деп сипаттайды. Алайда, ресми билік осындай шабуылдарға көбіне “жай басбұзарлық” деп қарап, адам құқын қорғаушылардың ащы наразылығын туғызып келеді. Адам құқықтары бойынша Мәскеу Бюросының директоры Александр Брод Ресейдегі әсіре ұлтшыл құрылымдарға қарсы күресу үшін ресми биліктің “саяси жігері” жетіспейді деп айыптайды.

- Ресейде нәсілшілдікке, жікшілдікке және неонацизмге тойтарыс беруге бағытталған жоспарлы мемлекеттік саясат жоқ. Мына қара-қоңыр түсті газеттерді парақтай келе, Ресейде неонацистік мәтіндегі жүздеген кітаптың орасан көп данамен басылып шығып жатқанын көріп отырмыз. Ондаған бейнефильм көбейтіліп, оның барлығы емін-еркін және белсенді түрде кітапханалар мен мектептерге және жоғарғы оқу орындарына жіберілу үстінде. Ал фашизмге қарсы мәтіндегі кітаптар мен фильмдер шығару туралы мемлекеттік бағдарлама қайда?! – дейді Александр Брод.

Оның айтуынша, Ресей үкіметі өзінің мүддесін алға жылжыту үшін әсіре ұлтшыл топтардың іс-әрекетіне көзін жұмып отыр. Адам құқын қорғаушылардың көбі осындай пікірде дейді А.Брод:

- Еріксіз “осындай қара-қоңыр түсті күштердің елде бар болуы біреулерге өте тиімді-ау? деген пікір қалыптасады. Неонацистік топтарды, құрылымдарды қолдау-қолпаштау арқылы халық арасында қорқыныш пен үрей туғызу – ежелден әбден сыналған амал. Ал одан кейін “бізге нақ осы президент керек; ол болмаса, онда біз фашистік президентке тап боламыз” деген қорытынды жасалады.

Түрлі шабуыл мен қастандықтың толқыны Ресейдегі көптеген шетелдік студентті университетті тастап, еліне қайтуға амалсыз мәжбүр етті. Шетелдіктерге қарсы жасалған бірқатар қастандықтан кейін, наурыз айында араб елдерінен келген 15 студент С.Петербор университетіндегі оқуы мен ғылыми ізденістерінен бас тартып, еліне қайтты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG