Accessibility links

Қазақстан жастарының 35 пайызы саясатқа араласқысы келеді


Жастар мәселесін зерттеумен айналысатын орталық мамандарының айтуынша, саясатқа қызығушылық танытқан жастар қатары соңғы бір жылда бес пайызға өскен.

Мамырдың 11-і күні Қазақстандағы "Жастар мәселесін зерттеу орталығы" алдағы айда жастардың саяси белсенділігі деңгейін анықтау мақсатында кең ауқымды әлеуметтік зерттеулер жүргізілмек екенін мәлімдеді. Ал осыған дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесі жастардың саясатқа қызығушылық деңгейі 2004 жылы 30 пайыз болса, 2005 жылы 35 пайызға жеткенін көрсетеді.

Республика бойынша жүргізілген сауалнамаға әр облыстан 2000 адам қатысыпты. Зерттеулер нәтижесі - жастардың саясатқа қызығушылық деңгейі өсіп келе жатқандығын көрсеткен. Бірақ, сайлауға баратын жастар көп емес дейді «Жастар мәселесін зерттеу орталығының» басшылығы.

Ондайлар небәрі 17 пайыз ғана екен. «Жастар мәселесін зерттеу орталығының» атқарушы директоры Владислав Сергеевтің айтуынша, Қазақстан тұрғындарының 30 пайызы жастар болса да, жергілікті атқару органдарында жастардың қызығушылықтарын білдіретін өкілдері жоқтың қасы.

Қазіргі таңда Қазақстан тұрғындарының үштен бірін құрайтын жастар арасында қылмыскерлер мен есірткіге салынғандар көп дейді бақылаушылар. Ал, осы кеселмен күресіп жүрген «Есірткісіз болашақ» жастар ұйымының жетекшісі Кеңжол Ахметовтың айтуынша, қазақстандық жастардың саясатқа белсенді араласуына Грузия, Украина және Қырғызстандағы саяси толқулар әсер еткен көрінеді.

Кейбір сарапшылар, бүгінде жастар үлкен күш болғанымен, жан-жақтан ағылып жатқан ақпараттың кесірінен олар белгілі бір топтың қолшоқпарына айналуы мүмкін деген дың пікір білдіреді. Ал, Жастар конгресінің атқарушы директоры Мадияр Қожахметтің айтуынша, жастардың саясатқа қатысуы мен қатынасы деген екі түрлі мәселе:

- Ондай қауіп бар. Осы саяси сауатсыздықты жастар арасында жоюға тырысу жұмысы болу керек.

Сарапшылардың пікірінше, жастар тек кәсіби маман ғана емес, жалпы ұлттық идеяларлды жүзеге асырушы болуға тиіс. Бірақ, Кеңес одағы ыдыраған соң жастар саясатына аз көңіл бөлініп келеді дейді олар. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін жастар саясатына 400 жоғары оқу орны ат салысатын.

Қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Сондықтан, қазір, жастар оппозиция және билікке жақын партиялардың саяси ойындарына қатысып жатқаны белгілі дейді кейбір саясатшылар. Саясаткер Дос Көшім, президент сайлауы қарсаңында елдегі оппозиция да жастармен жұмысын кеңейтуі керек деп санайды:

- Оппозиция көштен қалмау керек. Үкімет арнайы ұйымдар құрып жатса, оппозиция да жастармен жұмысын нақтырақ қолға алу керек.

Осының барлығы жастардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмей жатқандығынан дейтін пікір бар. Сондықтан, қазір жастар ірі саяси проблемаларды емес, алдымен өздерінің әлеуметтік қиыншылықтарын шешіп алмақшы. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, мұның өзі көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, саясатқа қоғамдық күштер аз араласады дейді саясаттанушы:

- Саясатқа қоғамдық күштер аз араласады, сондықтан бастама ретінде бұл да дұрыс. Өйткені, қанша ұсақ мақсат қойса да, соны іске асырар кезде көптеген кедергілермен кездеседі. Ақыры саяси жүйеде өзгеріс керектігін түсінеді.

Кеңес одағы кезіндегі комсомол сияқты жастар ұйымдары мен мықты идеология жоғалған соң жастар спорт және компьютерлермен әуестеніп, қоғамдық өзгерістерге аз араласатын болған дейді саясатшылар. Қазақстан парламенті Сенатының депутаты Зәуреш Батталованың айтуынша, үлкен ағаларының сөзін тыңдаумен ғана шектелетін жастар бар. Мысалы, бұған дейін өткен сайлауларға студенттерді топпен апарған жағдайлар болған дейді сенатор:

- Студенттерді топпен оқу мекемелерінен апарып жүр ғой, сонда өз пікірін білдіре алмай, өз құқығын қорғай алмай, қайда бар десе сонда барып жүрген жастар бар.

«Жастар мәселесін зерттеу орталығының» басшылығы хабарлағандай, жастардың саяси белсенділігін анықтау үшін, биыл жаз айларында республиканың барлық облыстарында ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізу жоспарланып отыр екен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG