Accessibility links

Студенттер арасында бизнес жоспарға бәйге жарияланды


Қазақстанның Ұлттық инновациялық қоры АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтымен бірігіп қазақстандық студенттер мен жас ғалымдар арасында үздік бизнес-жоспарлар мен ғылыми еңбектерге конкурс жариялап отыр.

Бірнеше кезеңде өтетін бұл шараның мақсаты - қазақстандық жастарды бизнес және ғылыми-зерттеу салаларына ынталандыру, сол арқылы олардың қабілет-қарымына жол ашу. Студенттер арасында жаңашыл, таңдаулы бизнес жоспар жасаған жастарға 50 мың доллар берілмек.

Американдық институт мұндай байқауларды бірнеше жыл бойы өткізіп келеді. Мақсат - жастар арасында жаңа ұсыныстар жасау белсенділігін арттыру және жастарды кәсіп бастауға үйрету. Жастар бірінші кезекте кез-келген кәсіптің идеядан басталатындығын түсінуі шарт дейді осы байқау ұйымдастырушылары. Жас өнертапқыш Арман Қожахметовтың айтуынша, қазақтың ұлттық дәстүрін де жоғары технологиялар арқылы дамытуға болады:

- Мысалы, домбыра жасаудың өзін алайық. Кейбір мамандар айтады - арманымыз бар, шетелге шығарсақ, киіз үй жасасақ деп. Кішкентай үй жасап, оны балабақшаға таратуға және мұндай сыйлықтарды туристерге беріп, Қазақстан имиджін көтеруге болады дейді олар.

Бірінші кезекте, байқауға қатысатын жастар инновациялық қордың ресми сайтында дербес ақпараттық сайт жасауы шарт. Кейін сайысқа қатысам деген жастардан құрылған команда осы сайтты әрлеу ұсыныстарын береді. Жеңімпаз 50 мың теңге алады. Осылайша, ол инновациялық қормен келісім-шартқа отырып, байқаудың бірінші сайысын ұйымдастырушы болып саналады. 50 мың теңгенің сыртында бірінші сайыстан жеңіп шыққан жастарға кеңсе қызметін, компьютерлер жұмысын, жарнама және бағдарламамен қамтамасыз етуге қажет ақша беріледі. Өз кезегінде команда байқау өткізудің бизнес жоспарын бір жарым ай ішінде жасап шығуы шарт.

Ал Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Мадияр Қожахмет, жастар бизнес-жоспар жасауға дайын емес деген пікірде:

- Іскерлік жобаны дайындау өте қиын қазір. Өйткені, мысалы, студенттер әлі ондай деңгейге жеткен жоқ.

Екінші кезекте, жастар өздері ойлап тапқан кәсіп түрінің бизнес-жоспарларын, бағдарламалдарын, қаржы моделін және маркетинг сараптамасын жасап ұсынады. Негізгі талап - бизнес идеялар жаңашыл болуы шарт. Ұлттық инновациялық қордың басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Қабашевтың айтуынша, бұл байқауға негізінен студенттер және жас ғалымдар қатысуына болады.

- Жеңімпазға 50 мың доллар беріледі. Егерде бұл қаражат кәсіпті бастауға жетпей қалса, қосымша қаржы беріледі, - дейді Ұлттық инновациялық қор өкілі.

Ал, қазақстандық жас өнертапқыш Арман Қожахметов, Қазақстан көбінесе шикізатына сеніп келеді, сондықтан жоғары технологияларға әлі де аз көңіл бөлінеді дегенді айтады:

- Өнертапқыштық әлі де дамымай жатыр. Үкіметтен қолдау болмай жатыр деп көп айтылады. Біз өзімізде бар нәрсені ұқсата алмай жатырмыз. Мысалы, мал шаруашылығы дамымай жатыр - асылдандыру сияқты жұмыстар. Біздегі мал басы өзін-өзі жеп қояды.

Байқау ұйымдастырушылардың пікірінше, сайыста жеңіліп қалған жастар да жерде қалмайды. Өйткені, олардың ұсынған бизнес-идеялары инновациялық қордың сайтында орналасады, әлбетте, бизнес-жоспар авторлары оған келісімдерін берсе. Сосын жұмыс берушілер, яғни, ірі компаниялар сол сайттан дарынды жастар бар екендігін байқап, оларды жұмысқа шақыруы әбден мүмкін. Қазақстанның санаткерлік меншікті қорғау комитетінің төрайымы Нұрғайша Сахипованың айтуынша, өнертапқыштар арасында жұмыс беруші немесе инвесторлардың қызығушылығын оятқандары көп емес екен:

- Комитетте толып жатқан конкурстар болады. Лайықтыларын таңдап, ұсыныс жасаймыз. Бірақ, олардың ішінде өте қойғаны шамалы. Оның ішінде әртүрлі сала бар, жаңа технология да бар. Бірақ, жаңа технологиядан көзімізге түскені жоқ.

Жастар конгресінің атқарушы директоры Мадияр Қожахмет, қазіргі жастарды алдымен кәсіпкерлікке үйретіп алу керек деп санайды:

- Менің ойымша ол бағытта емес, жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды оқытатын жұмыстар жүргізсе, оның пайдасы көбірек болады.

Байқау мамыр айының соңында басталып, маусым айында аяқталады. Ал, жеңімпаз тамыз айында белгілі болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұдан былай бұл байқау дәстүрлі болып, жыл сайын өткізілетін болады. Қазір осындай сайыстар 47 елде өткізіліп келеді екен. Өйткені, көптеген елдерде аталмыш байқау көптеген қаржы әкелетін болған. Мысалы, Латвияда оның тиімділігін түсінген ЕуроОдақ байқау ұйымдастырушыларына 300 миллион еуро бөліпті. Ал, байқау жеңімпаздары жасаған жаңа жобалар көптеген табыс табуға септігін тигізеді дейді байқау ұйымдастырушылары.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG