Accessibility links

Ақаев биліктен қуылған Қырғызстанда ахуал әлі қалпына түскен жоқ


Қырғызстанның уақытша билігі елдегі жағдай бір қалыпқа келді деп мәлімдегенімен, Қырғызстанда жуырда болған бірқатар оқиғалар қырғыз қоғамындағы ахуалдың сабасына түспей отырғанын байқатады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы кеңесінің таяуда болып өткен сессиясында сөйлеген сөзінде Қырғызстан президентінің әрі премьер-министрінің міндеттерін уақытша атқарушы Құрманбек Бәкиев елдегі ахуал бірқалыпқа келді деп мәлімдеген болатын. Алайда, Қырғызстанда жуырда орын алған бірқатар оқиғалар - ертеден қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен елдегі жаңа биліктің әлсіздігі президент А.Ақаевтың биліктен қуылғаннан кейінгі соңғы бірнеше айда елдегі ахуалды сабасына түсіре алмай отырғанын аңғартты.

Өткен аптада, атап айтқанда маусымның 1-күні, шамамен 200-дей кісі Бішкектегі Жоғарғы Соттың ғимаратын наразылық білдірушілерден күштеп босату үшін шабуылдады. Олар сот ғимаратын сәуір айының соңынан бері басып алып отырды. Алайда, милиция қызметкерлерінің сот ғимаратының ішінде тәртіп орнатуына қарамастан, наразы халық тарқамады. Өткен аптаның барысында жұрт сот өкілдерінің жұмысына бөгет болу үшін Жоғарғы Сот ғимаратының төңірегінен кетпей жүрді.

Сот төңірегінде жүрген ондаған кісінің мәлімдеуінше, ақпан-наурыз айларындағы халықаралық стандарттарға қарама-қайшы өткен парламент сайлауына түскен өз үміткерлерінің шағымдарын судьялар қанағаттандырмады. Бұл сайлау, тәуелсіз бақылаушылардың ортақ пікірінше, халықаралық стандарттарға сай болмады. Әйтсе де сейсенбі күні наразылық білдіруші халық сабасына түскендей болып, соттың кейбір өкілін Жоғарғы Сот ғимаратына өткізді, ал сот төрағасы мен өзге судьяларды қызмет орындарына әлі жібермей отыр.

Ресми мемлекеттік мекеменің күнделікті жұмысына наразылық білдіруші халықтың осылайша 40 күн бойы бөгет болып отыруы өткен наурыз айының соңында президент А.Ақаевтың билігін көшедегі шерулердің күшімен құлатқаннан бері елдегі ахуал қаншалықты сабасына түсті деген сауал туғызады. Штаб-пәтері Бішкекте орналасқан аймақтық зерттеу Институтының өкілі Анара Тобышәлиеваның пікірінше, Қырғызстан осы күнге дейін өтпелі кезеңді бастан кешу үстінде.

- Біз мұндай оқиғаларға ала-сапыран құбылыстарды көргендей қарамауымыз керек. Бұл бұқара халықтың мұң-мұқтажын, талап-шарттарын ашық айтуға мүмкіндігі бар орынды да табиғи процес. Бұл оң істің бастамасы ғана, болашақта жұрт барлық мәселені өзара қалай ақылдасып, кеңесіп шешуді үйренеді, - дейді А.Тобышәлиева.

Шеруге шыққан халықтың президент А.Ақаевты биліктен қуған күннің ізінше Қырғызстан парламенті оппозиция лидері Құрманбек Бәкиевке президенттің әрі премьер-министрдің міндеттерін уақытша атқаруды жүктеді. Көп ұзамай Қ.Бәкиев оппозицияның басқа бір көрнекті өкілі Феликс Куловты премьер-министрдің бірінші орынбасары етіп тағайындады.

Оның ізінше ол министрлер мен өзінің жергілікті өкілдерін - әкімдерін тағайындады. Алайда, жаңа тағайындауларды елдегі саяси партиялардың барлығы бірдей құптаған жоқ. Өткен аптада, 31 мамыр күні, 100-ге жуық адам Ош қаласындағы жергілікті әкімшілікті басып алмақшы болды, бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталды. Олар облыстың Қ.Бәкиев тағайындаған әкімі - Әнуар Артықовты қайырымдылық көмекті заңсыз үлестірді деп айыптап, оның қызметтен кетуін талап етті.

Нью-Йорктегі Коламбия университетіне қарайтын Ортаазиялық зерттеулер орталығының профессоры Питер Синнот Бішкектегі Жоғарғы Сот ғимараты мен Оштағы әкімшілікке шабуыл ұйымдастырған күштердің жаңа билікті құлата алуы екіталай деп есептейді. Бірақ, деп ескертеді аталмыш профессор, олар елдегі ахуалдың әлі қалпына түспегенін анық байқатты.

- Мен мұны елдегі ахуалдың шайқалуы деп санамаймын. Мен мұны демократияның негізі әлі орнықпаған елдегі табиғи құбылыс ретінде көріп отырмын. Сіздер осы күнге дейін еркін де әділ өтпеген парламент сайлауы жайында дауласып жатырсыздар. Халық түбегейлі өзгерістердің болғанын тілейді. Олар, сондай-ақ, не Жоғарғы Сотта, не жергілікті әкімшілік мекемелерінде шынайы да әділ биліктің жоқ екенін сезіп отыр, - дейді профессор П.Синнот.

Жеке меншікке жер алу сынды көптен бері шешілмей келе жатқан әлеуметтік проблемалар да президент А.Ақаевтың биліктен қуылуынан кейін күн тәртібіне қайта шықты. Көбіне Қырғызстанның оңтүстігіндегі кедей облыстарынан келген мыңдаған халық Бішкек қаласының маңайындағы бос жатқан жер телімдерін басып алып, жаңа биліктен осы жер телімдерін өздеріне үлестіріп беруін талап етті. Олардың іс-әрекеті Бішкек тұрғындарының ашу-ызасын туғызды. Бішкек тұрғындары сырттан келгендер өз “заңдарын” орнатып жатыр деп санайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG