Accessibility links

Путиннің президенттік екінші мерзімі 1000 күннен соң аяқталады


Путин өзіне билік басында тағы бір мерзімге қалу мүмкіндігін беретін өзгерістерді Конституцияға енгізу жағдайын қарастырмаймын деп, бұл тұрғыда айтылып жүрген қаңқу сөздерді жоққа шығарып келеді. Ал оппоненттері Путиннің сөзі мен алған бағытында алшақтық болмас үшін түрлі қимыл-әрекеттерге кірісіп кетті.

Бұл сөздеріміз дәлелді болу үшін алдымен осы дүйсенбі күні Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында Путиннің ел басқаруына бір мың күн қалғанын атап өтуге көшеге шеруге шыққандар "Путин кетсін!" деп ұрандатқандарын айтуға болады. Оппозициялық «Яблоко» партиясының жастар жетекшісі Илья Яшин Ресей астанасындағы шерулерді бастағандардың бірі, ол шерушілер алдында былай деді:

- Тура бір мың күннен кейін В.В.Путин биліктен кетуге тиіс болады, ол кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп, енді мың күннен кейін, Ресейде демократиялық жолмен сайланған басшы пайда болады, біз бұған сенеміз. Үш жылдан кейін Ресей саясатындағы цензура, шешен соғысы, кәсіпкерлерге қарсы қылмысты істер, жекеменшікті қайта бөліске салу кезеңі аяқталады. Бүгін ол өзінің қорытынды кезеңіне аяқ басты.

Үш жыл деген саясатта, әсіресе Ресейде, ұзақ мерзім. Солай болса да Мәскеудегі шерушілер Ресей саясаткерлерінің алдағы уақытты бажайлап, Путиннен кейінгі болашақты барлай бастағанын көрсетті.

Путиннің туған жері - Санкт Петербургта да шеру болып өтті. Мұнда Ресей президентінің балалық, жастық шағы өткен көшеге жиналған 40 шақты адам бір мың күн көрсетілген күнтізбенің үстіне отырып алып, өз наразылықтарын танытты. Ол күнтізбеде мынадай сөздер жазылған еді: "Бұл көшеде бұзақы, мақтаншақ бала болған, кейінгі чекист, болашақ президент өсіп ержеткен. Оның басқаруы салдарынан бізде Шешенстан, матростар қаза тапқан «Курск», кепілдік тұтқынына түскендер қырғынға ұшыраған «Норд-Ост» театры, Беслан мектебі мен қатаң бақылау, тікелей басқару жүйесін бастан кешудеміз". Бірақ, бұндай сөздер жазылған күнтізбені тез арада полиция алып кетті. Екі қаладағы шерушілер де саны жағынан тым көп болған жоқ.

- Дегенмен де олар аз болса да, Ресейдегі жастар қозғылысы күш алып келе жатқанын көрсетеді, - дейді Мәскеудегі саясаткер Владимир Прибиловский.

Сербия мен Черногория, Грузия мен Украинадағы, Қырғызстандағы өзгерістерге әкелген оқиғалардан кейін, осы жылдың басында Ресей жастары да «Оборона» деп аталған саяси одаққа біріккен болатын. Прибиловский «Оборона» сияқты жастар қозғалысы дәл қазір бір ықпалды күшке ие болмауы мүмкін, бірақ, жастардың бір мүддеге топтасуынан билік, Кремль сескенеді деп атап көрсетеді.

- Бүгін олар мықты күш емес, бірақ, ертең олар үлкен күш болуы мүмкін, ал бүрсігүні олардың мықты күш болатындығы анық. Ал билік болса бәрінен қорқады, әсіресе жастардан. Барлық уақытта кез-келген билік оппозицияға үлкен күмәнмен қарайды. Ал жастарды басқару қиын, тіпті мүмкін емес, - дейді Владимир Прибиловский.

Алайда, билік те қол қусырып, қарап отырған жоқ. Соңғы күндері арнайы күштер тіркелмеген Ұлттық большевик партиясының Мәскеудегі кеңсесін қоршады. Бұл партияның жетекшісі, 62 жасар жазушы Эдуард Лимонов болғанымен, партия мүшелерінің көпшілігі жастар. Үкімет ресмилері енді Ұлттық большевиктерге тиым салу турасында айтуда. Олардың 40-тан астам мүшесі ұсталған, кейбіріне сот жүргізілмекші.

Билік тарапы үкімет жағындағы «Вместе шагать», «Наши» деп аталатын жастар қозғалыстарын қаржыландырып, қолдауға тырысқан. Десек те, В.Путинге қарсы жастар қозғалыстары мен партиялар әзірге бәрібір басым көпшілік бола алмай тұр. Тек өткен айда жүргізілген сауалнама нәтижесі елде президент Путинді қолдайтындардың 69 процент екендігін көрсеткен.
XS
SM
MD
LG