Accessibility links

«Сорос-Қазақстан» қоры Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға 135 мың АҚШ долларын бөлді


Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауылының тұрғыны, бұрынғы медбике Сәлима Ақылбекова бүгінде Алматы қаласының көшелерінде шемішке сатады. Ал күйеуі ауылда қысы-жазы бала бағып отырады:

- Балаға қарап отырады. Басқа не істейді? Әйтпесе, екеуіміздің де арнайы біліміміз бар. Мен – медбикемін, ол – электрик. Екі жас баламыз бар.

Тек жаз кезінде ғана күйеуі күнбағыс, жүгері, мақта шаруашалығымен айналысып, азғантай пайда табады екен:

- Ауылда жұмыс жоқ қой. Сондықтан, жаз кезінде жер егеді. Өзбек жұмысшыларына өнімді шаптырамыз. Жердің әр гектарын шенеуніктерден 25 мың теңгеден сатып аламыз. Биыл 35 мың болып кетіпті.

Ал қалада туған-туыстарын паналап өмір сүретін Сәлима болса, шемішкеден түскен ақшасын үнемдеп, жер өңдеуге жегілетін техниканың жанар-жағар майын сатып алуға жұмсайтынын айтады:

- Күніне шемішке сатудан 300-600 теңгедей түседі. Ал ауылда 5 теңгеде таба алмайсың. Оны жинап, жер жыртуға «соляркасына» беремін.

Алматы маңынан келіп, сүт-май, құрт сататын Мағрипа апа жасы келгенде жұмыссыз қалғандардың бірі:

- 18 жыл бала бақшада аспазшы болып істедім. Бала бақшалардың барлығы ауылда жабылып қалды емес пе?! Одан кейін басқа орындарға жасың келмейді деп алмады.

Енді ол тезірек 53-келіп, зейнеткерлікке шығар күнді асыға күтеді:

- Зейнетақы алсам, қазіргідей базарда тентіреп жүрмес едім ғой?! 5 мың теңге алып отырсам да жетер еді. Зейнетақы алсам, басқалар қарыз да береді.

Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия БАЙСАКОВАНЫҢ айтуынша, ауыл әйелдерінің жағдайына қатысты бірнеше мәселені атап көрсетуге болады:

- Бірінішден, әйелдер мен оның балаларының сапалы білім мен медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту мен отбасының материалдық жағдайы үлкен проблемаға айналып отыр.

Орталық жүргізген зерттеулерге қарағанда, қазір ауылдарда әйелдердің көп балалы болуы азайып бар жатқандығы байқалған. Егер бұрын ауылдағы қазқ отбасы үшін 7-8 адам қалыпты құбылыс болса, қазір осынша баласы бар 40-50 жастағы әйел сирек кездеседі дейді Зульфия Байсакова.

Сонымен бірге ол қалаға келгенімен, баспасанасы жоқ, дұрыс тамақтауға, киінуге мүмкіндігі болмайтын ауыл жастары мен зейнеткерлікке шықпаған, бірақ ешқайда жұмысқа алынбайтын егде ауыл әйелдері мен ауыл зейнеткерлерінің жағдайы назар саулды қажет ететінідігін тілге тиек етті. Осындай бір-бірімен тығыз байланысты күрделі мәселелер ауыл тұрғындарын барлық жағынан қорғансыз екендігін көрсетеді, - дейді Дағдарыс орталықтары Одағының төрайымы.

Оның айтуынша, былтырғы жылы Қазақстанның 5 облысында, атап айтқанда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауылды жерлердегі әйелдердің қарап отырмай, өз проблемаларын олардың өздерінің ұйымдасып шешулеріне мүмкіндік жасайтын жобалар жүзеге асқан. Мәселен, Алматы облысы Талдықорған қаласы маңындағы Шымыр ауылындағы әйелдер өз күштерін жұмылдырып, төсек жапқыштар мен жатын орын бұйымдарын әзірлеп, сатумен айналысқан. Оған қоса олар ауыл кеңесі жанынан қоғамдық кеңес құрып, ауыл бюджетінің қайта қаралуына қол жеткізген. Сөйтіп, ауылдағы 2 көше жөнделіп, жастардың күшімен қирап жатқан ауыл бала бақшасының орны реттелген.

- Ендігі жобаның екінші кезеңіндегі мақсат - ауыл тұрғындарының ауылдың жоспарлау ісіне араластырып қана қоймай, оның бюджетін қалыптастыруға қатыстыруға қол жеткізу дейді Зульфия Байсакова. Оның пікірінше, ауыл тұрғындары мемлекеттен өздеріне қанша ақша бөлініп, оның қандай мақсаттарға бөлінетіндігінен де хабардар болуы тиіс.

Әйелдер дағдарыс орталықтары одағының ауыл әйелдерінің жағдайын оңалту жолдару мен оларды бюджеттеу ісіне араластыру жобасына Сорос-Қазақстан қоры 15 мың доллардан астап қаржы бөліп отыр. Бұл Сорос-Қазақстан қорының «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Бұл жөнінде бағдарлама үйлестірушісі Бота АЯЗБАЕВА былай дейді:

- Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша грант беру конкурсының нәтижелері шықты. Аталмыш бағадрламаның мақсаты – шағын қалалар мен ауылдардағы адамдардың азаматтық белсенділігін арттыру. Осыған сәйкес 135 мың АҚШ доллары 9 мемлекеттік емес ұйымға берілмек.

Жалпы, Сорос-Қазақстан қоры үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мен басқа жобаларды қоса есептегенде Қазақстанға 2005-2006 жылдарға 200 мың доллардан астам бөлмек.
XS
SM
MD
LG