Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.23.2005 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдарда қоғамда пікірталас тудырған бірқатар сот процестері мен тергеу жұмыстарының мән-жайы айтылыпты.

«Казахстанская правда» басылымы соңғы уақытта экономикалық қылмыстардың өскендігін тілге тиек етеді. Мәселен, «статистикалық деректер бойынша, көлік саласындағы қылмыс 158-ден 176-ға дейін, мұнай саласында 38-ден 50-ге дейін, құрылыс идустриясында 90-нан 105-ке дейін өскен». Сонымен бірге газеттің хабарлауына қарағанда, бірнеше даулы істерге, оның ішінде «Наурыз-банк» пен «Қазақстан темір жолы» компаниясына қатысты тергеу жұмыстары алға жылжыған. Мәселен, «Қазақстан темір жолындағы» қаржының жұмсалуы бойынша мамырдың соңында іс қозғалған. «Қаржы полициясы теміржол техникасын сатып алу бойынша тендердің заң бұзушылықпен өткізілгенін әшкереледі. Қазір тергеу тобы тендерді жеңіп алған ресейлік фирламалармен өзара есептерді тексеру бойынша іссапарға аттанды», - деп хабарлайды «Казахстанская правда» басылымы. «Ал, «Наурыз-банк» төрағасының бұрынғы орынбасары тұтқындалған. «Бұл мекеменің қаржылық қызметін сараптау барысында банк жетекшілігінің салымшылардың қаржысын қайтарылмайтын, кепілдік берілмеген несиеге жұмсағаны анықталды. Соның салдарынан, алдын-ала жасалған есеп бойынша, банк клиенттері мен мемлекетке 33 миллион доллар зиян келген», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті Экономикалық қылмыс және сыбайласқан жемқорлықпен күрес агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Ал «Эксперсс-К» газеті болса, келесі бір Қазақстандағы ірі банк, Халық банкі мен зейнеткер Римма Даниш арасындағы сот процесінен «Халық Халық банкіне қарсы» атты мақалада хабардар етеді. Мақала авторының ауынша, зейнеткер қаңтар айындағы 5600 теңге зейнетақысын ала алмаған. Ал құжатқа оның қолы қойылып, ақша із-түзсіз жоғалып кеткен. Зейнеткер сотқа шағымданғаннан кейін қолтаңбаны анықтайтын арнайы сараптама комиссиясы құжаттағы қолдың зейнеткердікі еместігін растағанымен, ұзаққа созылған бұл істі қарау уақытша тоқтатылады. Газет тілшісі банк төрағасы Григорий Марченкодан да зейнеткердің ісі бойынша мардымды жауап ала алмаған.

«Жас алаш» газеті бұрынғы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұылы мен «Хабар» агенттігі арасындағы сот мәжілісінен репортаж ұсынды. Газет тілшісінің айтуынша, «төрағалық етуші судья Шәріпбаева Алтынбек Сәрсенбайұлының сенімді өкілі Сергей Уткинің аузына қайта-қайта қақпақ қоя берді. Осыдан-ақ судьялардың кімнің ыңғайына жығылып бара жатқанын аңғаруға болады», - дейді газет тілшісі. «Қызықтың көкесі оысдан кейін басталды. Алтынбек Сәрсенбайұлының Дарағиа Назарбаеваны, Рахат Әлиевті, іске қатысы бар бірқатар адамдарды сот процесіне шақыру туралы өтінішін оқып болған соң төрағалық етуші судья басқа екі судьяның құлағына әлденені сыбырлап жатты. Не күбірлескенін кім білсін, артынша Сәрсенбайұлының өтінішін қабылдамай тастады», - деп жазады «Жас алаш» басылымы. Ал Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі болса, соттың шешімін оппозицияны қудалау үшін қабылданған «саяси шешім» деп бағалапты. Оның пікірінше, егер әрі қарай шағымданған жағдайда Жоғары сот та осындай шешім шығарады. «Бірақ, біз бұл іске қайтып келеміз, саяси жүйе өзгергенде бұл іс қайта қаралады», - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы «Жас алаш» газетінде. Ал осы газеттегі «Хабар» неге өтірік айтты?» деген мақалада «Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің «шындыққа жанаспайтын мәліметтер таратты» деген айып тағып, ресейлік «Комерсантъ» газетін сотқа бергендігі» еске түсірледі. «Комерсантта» Қазақстанда қай телеарнаның кімге тиесілі екендігі қозғалған. «Хабар» агенттігі «Комерсантъ» газетінің деректердің шындыққа жанаспайтындыығ мойындады деп хабарлады. Шындығында «Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің талап-арызын Ресейдегі Тверь аудандық соты қабылдамай тастаған. Осыдан кейін «хабарлықтар» қалалық сотта да, басқа жерде де бұл туралы ләм-мим деп жақ ашпады. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екенін мойындағаны, әлде? Хабар неге өтірік айтты?» - деген сауалмен аяқталады «Жас алаш» газетіндегі мақала.

«Егемен Қазақстан» газеті «Айып тағылды, әзірше кінәлілер жоқ» деген мақалада Қарашығанақ кен орнын игеруге қатысатын шетелдік Би Джи групп компаниясына қарсы кеден заңдылықтарын бұзды деген айыппен қылмыстық іс қозғалғандығын, алайда, компания айыптауларға негіз жоқ деп, аппеляциялық шағым бергені сөз етіледі.
XS
SM
MD
LG