Accessibility links

Өзбекстан: Самарқанд тұрғындары қала басшылығының шешіміне наразы


Өткен демалыс күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында қатарынан 2 наразылық шеруі бұрқ етіп шықты. Сенбі күні қала шетінің тұрғындары баспаналарының бұзылуына қарсылық білдіріп тас жолды бөгесе, жексенбі күні жүздеген саудагер жергілікті биліктің қаладағы орталық базарды көшіру туралы шешіміне қарсы шеруге көтерілді. Бұл – мамыр айында Әндіжандағы халық толқуын ресми биліктің аяусыз басып-жаншудан кейінгі алғашқы халық наразылықтары болып отыр.

Самарқанд қаласының іргесінде орын тепкен Богимайдон ауылындағы 100-ге тарта үйдің тұрғындары ресми биліктің өздерінен үйлерін босатуын талап еткенін мәлімдеді. Ол баспаналарды сол тұстан өтетін тас жолды кеңейту үшін бұзу керек көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұзылатын үйлерге үкімет олардың нарықтық бағасынан әлдеқайда төмен өтемақы ұсынып отыр. Оған қарсы жергілікті тұрғындар өткен сенбі күні қолдарына “Жаңа үйді тұрғызбай жатып, ескі үйді бұзуға асықпа!” деген үндеу жазылған плакаттар ұстап, тас жолды бірнеше сағатқа бөгеді. Бұл - Өзбекстанның авторитарлық лидері Ислам Кәрімовке өте таныс үндеу. “Жаңа үйді тұрғызбай жатып, ескі үйді бұзба!” - деген мәтелді өзбек президенті жиі қолданады және көптеген кітабының бірін дәл осындай атаумен басып шығарды. “Азаттық”-қа берген сұхбатында тұрғын әйелдердің бірі болған оқиғаны былай деп суреттеп берді:

“Көп жапа шегіп, әбден түңілген бірнеше кісі: “Баспанамызды қиратсаңдар – қиратыңдар!” – деп жан дауысын естірту үшін көшеге шықты. Біз қолымызға плакаттар ұстап тас жолды бөгедік”.

Адам құқын қорғайтын жергілікті белсенді Жамол Мирсаидов сенбі күні шеруге шыққан жұрттың ішінде болды. Жұрт Мирсаидовқа жүгінді, осы кезде полиция жиналған халықты қуып тарату үшін күш қолданып, бірнеше адам жарақат алды. Ресми билік өкілдері бұл әрекетіне еш сыр білдірмеді. Сарапшылардың ортақ пікірінше, проблема Богимайдон тұрғындарының наразылығынан әлдеқайда тереңде жатыр. Олардың айтуынша, ауылдың өзі бұзуға болмайтын тарихи жәдігер әрі көне сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Богимайдан – керемет бау-бақша болып салынған. Өзбек сәулетшілерінің айтуынша, бұл ауыл Ақсақ Темір немесе Әмір Темірдің бұйрығымен 14 ғасырда тұрғызылған. Богимайдонда тұратын тәуелсіз журналист әрі тарихшы Ташполат Рахматуллаевтың пікірінше, тас жолды кеңейту ауылдың тарихи бөлігіне тимегенімен де, жол салу жұмыстарын көне тарихтың көзі болып табылатын жәдігерден аулақ жүргізу керек.

“Кейбір тарихи дерекке қарағанда, Әмір Темірдің 14 бау-бақшсы болған. Оның екеуі Богимайдон мен Богибаландта болған. Жаңа тасжол осы Богимайдон мен Богибаландтың қақ ортасынан өтуге тиіс. Ал бұзылуға тиісті ғимараттардың өздері 50 жылдай бұрын ғана салынған. Бұзылатын ғимараттардың ішінде ешқандай тарихи ескерктіш жоқ. Бірақ бау-бақша төңірегінің өзі – тарихи құндылық болып табылады. Бұл жерде тағы бір маңызды проблема бар: өз үйлерін босатуға тиісті жұртшылық: “Біздерді неге 1 жыл немесе ең болмағанда жарты жыл бұрын ескертпедіңдер? Біз қазіргі бұзылуға тиіс ғимараттарға пара-пар келетін басқа баспана табар едік” деп, наразы болып отыр”, - дейді Ташполат Рахматуллаев.

Богимайдондағы толқумен қарама-қатар Самарқандта тағы бір наразылық шеруі болды. Самарқандтың киім-кешек сататын ең үлкен “Чуқурбазар” базарының саудагерлері, негізінен әйелдер, жергілікті биліктің базарды жабу туралы шешіміне қарсы жексенбі күні наразылық шеруіне шықты. Өзбек милициясы базар төңірегін дереу қоршап алды. Оқиға болған жерге бармақ болған Би-Би-Си-дің тілшісін милиция тұтқындап, оны бірнеше сағат бойы өз бөлімшесінде ұстады. Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, наразылық шеруіне шыққан халықтың саны бірнеше жүзге жеткен. Бұл 2 шеру – ресми биліктің мамыр айында Әндіжандағы халық толқуын аяусыз басып-жаншуынан бергі алғашқы оқиға болып отыр. Түрлі дерек бойынша, Әндіжандағы халық толқуы кезінде бірнеше жүз қарусыз халық, оның ішінде әйелдер мен балалар да бар, оққа ұшып қаза болды. Баспана-ғимараттарды бұзу Өзбекстанда соңғы жылдары халықтың қабырғасына әбден батқан үлкен проблемаға айналды. Бұған дейін осы жылы егде тартқа бір әйел Ташкентте ресми биліктің өз үйін босату талабына қарсы өзін-өзі өртемек болды. Бұған дейін де өзбек үкіметінің базарлардағы саудаға қойған шектеулері елдің түкпір-түкпірінде талай халық толқуын туғызды. Осындай шектеулерге қарсы ең ірі наразылық – 2004 жылы Ферғана жазығындағы Қоқан қаласында көтерілді. Ашу-ызаға булыққан бірнеше мың адам көшеге шығып, полиция мен билік өкілдерімен қақтығысты. “Азаттық”-қа берген сұхбатында Ташкенте тұратын тәуелсіз саяси сарапшы Камрон Әлиев халықаралық қауымдастықтың ащы наразылығын туғызған Әндіжандағы қантөгістен Өзбекстан үкіметінің сабақ алмағанына өз өкінішін білдірді. Ол Әндіжандағы қантөгістен соң билік өкілдері халықтың мұң-мұқтажына назар аудара ма деп үміттенгенін жасырмады. Оның атап көрсетуінше, Самарқандта жергілікті билік тұрғындардың өз үйлерін босатуына көбірек уақыт берсе немесе базардың жабылуын сатушыларға ертерек хабарлағаны дұрыс болар еді.

“Әрине, егер олар (яғни ресми билік. С.А.) осылай істегенде, халықтың наразылығы қазіргідей зор болмас еді. Алайда, соңғы 10-15 жылдың ішінде билік пен бюрократтар халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспады; халыққа тыныштық бермей, әбден әуре-сарсаңға салды. Басқа жағынан алғанда, деспоттық биліктің ең әлсіз жері – бір адам баршаға үстемдігін орнатқысы келеді. Алайда, әдетте, оған бір кісінің шамасы келе бермейді. Бірақ оның маңайындағылар ойна келгеніни істеп бағады”, - деді Камрон Әлиев.

Оның сөзіне қарағанда, үкіметтің Самарқандтағы шешімі – осында туып өскен И.Кәрімовтің халық арасындағы абырой-беделін түсіруді мақсат етіп істеген қасақана қадамы болуы да мүмкін. Дүйсенбі күні жол құрылысының жалғасуына қарамастан, Самарқанд пен пен Богимайдонда тыныш болды. Қауіпсіздік шарасы күшейтіліп, милиция әсіресе базардағы халықты астыртын бағып отыр. Бірақ, алда 1-інші қыркүйек – бұқара халықтың жаппай қатысуымен атап өтілетін тәуелсіздік күні бар.
XS
SM
MD
LG