Accessibility links

Жел телімдерін бағалаудың жаңа әдістемесі жасалды


Тамыздың 24-і күні Алматыда Құрылыс және бағалау академиясының ғалымдары Алматы қаласындағы қозғалмайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаудың жаңа әдістемесін жасап, көпшілік назарына ұсынды. Мамандар: ”жеке тұлғаның жер телімі мемлекеттің қажеттігіне деп алынған жағдайда, ең бірінші, бұл жерде қандай құрылыс салынады деген сауал туындап, қайтып алынған жерде бой көтеретін құрылыстың 30 жыл мерзім ішінде табатын пайдасы есептеліп, оның бір бөлігі жердің құнына саналуға тиіс", дейді.

Алматыдағы Фурманов көшесінің бойында тұратын соғыс ардагері, жазушы Қалмұхан Исабаевтың қазіргі тұрып жатқан үйінің іргетасы 1933 жылы қаланған. Ол өткен жылдың күзінде Алматы қалалық әкімшілігінен өзі тұрып жатқан үйі құлатуға жатқызылғаны жөнінде арнайы хат алыпты. Өмірінің 35 жылы осы үйде өткен ақсақал бұл үйдің тарихи маңызы бар дейді:

«Қазақстан үкіметінің Қызылордадан көшіп келуімен тікелей байланысты. Қазір министрліктер дейміз, ол кезде “халық комиссариаттары” деп аталған. Сол халкомдарға арнап салынып, осы үйде бір-бір халық комиссариаттары тұрған. Сол халық комиссарлары атылды, Сібірге айдалды, жоқ болып кетті. Зерттеп шығып, қай халком қай үйде тұрды деп тақта қоятын болса, өзінен-өзі мемориалды ескерткішке айналып шыға келеді. Қазір үкімет мәдениетімізді дамытайық, жоғымызды түгендейік дейді де, екінші жағынан сол мәдениеттің негізі осындай құрылыстарды бұзамыз дейді».

Қалмұқан Исабаевтың айтуынша, үйді бұзу туралы Алматы қаласы әкімшілігінің қаулысын таратқан азаматтар үй тұрғындарын “Алматыжер” компаниясына келіп құжаттарды рәсімдеуге шақырады. Бүгінде жасы 80-нен асқан жазушы бұл мәселеге қарсы екендігін айтып, газет бетінде мақала да жариялаған.

«Әкімшілік қызметкерлері Алматы көшелерінде соғысқа дейін бой көтерген үйлердің түпкі тарихи мәнінде жұмыстары жоқ. Үйді босат, мә ақша, дейді. Ал олардың берген ақшасына мен орталықтан мұндай үш бөлмелі пәтер сатып ала алмаймын”, - дейді Қалмұқан Исабаев.

Ал Алматы қаласында осындай бұзылуға жатқызылған үй құнымен келіспей отырған тұрғындар саны мыңдап саналады. Мемлекет қажетіне алынған жердегі меншік иелері мен атқарушы билік арасында дәл осы жердің нарықтық бағасын белгілеуге қатысты келіспеушілік жиі туындап, бұл қоғамдағы наразылықты күшейтіп отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстанда жердің нарықтық құнын анықтайтын әдістеменің болмағанлдықтан, әркім өз білгенінше даулы жерге баға белгілеумен келеді.

Тамыздың 24-күні Құрылыс және бағалау академиясының ғалымдары Алматы қаласындағы қозғалмайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаудың өздері әзірлеген жаңа әдістемесін жұртшылыққа таныстырды.

«Ол әдістемені жерді бағалауда пайдалану үшін бұл құжат үкіметте мақұлдануы тиіс», - дейді Қазақстан бағалау палатасының вице-президенті Александр Калинин.

Мамандар әзірлеген әдістемеге мемлекеттің қажеттігіне алынатын жер мен ғимараттардың нарықтық құнын анықтауға бағытталған 17 формула мен 18 кесте еніпті. Негізгі әдістеме - екеу.

Бірінші постулат бойынша жердің құны ғимарат құнының 30 пайызына тең болмақ. Сондықтан жеке тұлғаның учаскесі мемлекеттің қажеттігіне деп алынған жағдайда, ең бірінші, бұл жерде қандай құрылыс салынады деген сауал туындауға тиіс, дейді мамандар. Ал екінші әдіс - кірістік әдіс деп аталады. Ол бойынша, жердің құны оның келешекте әкелетін пайдасына қарай анықталуы тиіс.

Тұтынушыларды қорғау жөніндегі ұлттық лиганың президенті Светлана Савченко «қайтып алынған жерде бой көтеретін үй күрделі жөндеусіз 30 жыл шыдайды. Осы мерзімде табатын пайда есептеліп, оның бір бөлігі жердің құнына саналуға тиіс» дейді.

Құрылыс және бағалау академиясының ректоры Самархан Сайболатов: «Аталмыш әдістемені даярлау барысында халықаралық стандарттарға жүгіндік. Ұсынып отырған әдістеме тек қана Алматы қаласы үшін дайындалып отыр. Сатып алушыға төменгі баға керек, сатушы жоғары бағаға сатқанды қалайды. Осыдан келіп түрлі даулар туындап жатыр. Нақты баға керек. Қаланың аймақтық ерекшеліктері де ескерілуі керек. Осы мәселенің бәріне біздің әдістемеміз жауап береді», дейді.

Сондай-ақ, әдістеме жасау жөніндегі комиссия өкілдерінің есептеуінше, алдағы үш жылда Алматының жоғарғы бөлігіндегі жерлер мен ғимараттарды мемлекетке қайтарып алғаны үшін төленетін өтемақы 1,5 млрд долларды құрамақ.
XS
SM
MD
LG