Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.27.2005 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда алдағы аптада қабылданғанына он жыл толатын республиканың Негізгі заңына көбірек назар беріліпті. Сонымен бірге, Қазақстандағы демографиялық ахуал және джаз өнері туралы мақалалар жарияланған.

«Айқын» және «Литер» басылымдарының сенбілік санында басылған көлемді сұхбатында, Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған екі Конституцияны салыстырып, өз бағасын беріпті. Ол өзі Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты бола жүріп, Конституциялық комитеттің жұмысын, 1993 жылғы қаңтардағы Конституцияны қабылдау процедурасын, қабылданған Негізгі Заңның тікелей өзін қатал сынағанын айтыпты. «1990-1995 жылдар қоғамды демократияландыру жоспарында, парламентаризм мен көппартиялылықтың пайда болуында маңызды болды, бірақ бұл кезеңді тиімді экономикалық реформалар жасауда жоғалтып алдық. Ал, 1993 жылғы Конституция туралы айтар болсам, мен оның ұзақ өмір сүрмейтініне сендім» деген Е.Ертісбаев мырза, қазіргі қолданыстағы Конституциядан ешқандай күрделі құқықтық қайшылықты көріп отырмағанын айтады. Оның пікірінше, «жан-жақты жетілген Конституция жоқ және болмайды да. Барлық жағдайларда, қажетті жаңа заң Конституциямен қайшылыққа ене алса, конституциялық өзгерістер қабылданады. АҚШ Конституцияға 200 жыл ішінде 27 түзету енгізісе, Германияның Конституциясына 40 жыл ішінде Конституцияны өзгерту туралы, оған 100-ден аса түзетулер енгізген 35 заң қабылданыпты» деген дәйек келтіреді Ертісбаев. Ал, «қазіргі Ата Заң жұмыс істемейді» деп, оның жаңа жобасын ұсынып жүрген қазақстандық оппозицияның пікірімен президент кеңесшісі өзінің келіспейтінін білдіріпті. Оның айтуынша, «10 жыл бұрын бар халық қабылдаған Конституция жұмыс жасауда. Заң шығару құзырында Негізгі Заң қоғамды және экономиканы қайта құрудың күшті тетігі болды» деген баға береді Е.Ертісбаев.

«Казахстанская правда» газеті болса, Конституция күні қарсаңында Шығыс Қазақстандағы «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 350 балаға облыс прокуроры Хакім Көшқалиев бастаған шенеуніктер мен қоғамдық ұйымдардан, дін өкілдерінен құралған арнайы қонақтар келіп, Ата заң балаларға денсаулық сақтау, білім беру және басқа салаларда қандай құқықтар беретінін, сондай-ақ мемлекет өскелең ұрпақтан не күтетіні жайлы әңгімелегенін жазыпты.

Ал «Жас Алаш» газеті «Қазақ халқы өспей ме?» деген мақалада республикадағы демографиялық жағдайды көтеріпті. Басылым келтірген «Популейшн референс бюро» қоғамдық зерттеу ұйымының ТМД халқының өсімі жөніндегі мәліметі бойынша, 2050 жылы Қазақстанда халық саны қазіргі 15 миллионның о жақ бұ жағында сақталатын көрінеді. Ал сол кезде Қытайда 1,437 млрд халық тұрса, Үндістан адам саны жөнінен Қытайды басып озып, оның тұрғындары 1,628 млрд адамға жетеді екен. Алайда, қазақстандық демограф, Орталық Азия Университетінің ректоры Мақаш Тәтімов бұл деректі «судай өтірік» депті. «Қазақстан халқының өсу-кемуін осында жүрген біз білеміз» деген ғалымның айтуынша, «2050 жылға таман Қазақстанның халқы кем дегенде 25 млн-ға дейін өсетін» көрінеді. Оның пікірінше, «БҰҰ сияқты әлемдік ұйымдардың бір қателігі бар: олар Қазақстан орыстанып кеткен, бала туу күрт кемиді деп ойлайды» екен. Ал, М.Тәтімов болса Қазақстанда «қазір бала туу көп» дейді. «Сыртқа көшіп кеткен адамдардан келіп жатқандары көп. Егер ғасыр ортасына дейін халық саны 25 миллионға жетіп, оның 80-90 пайызы қазақ болса, ауылда 5 миллион адам тұрса, демографиямыз одан әрі жаман болмайды» деген тұжырым жасайды демограф Мақаш Тәтімов.

«Экспресс К» газеті Астана қаласында джаз мерекесі өтіп жатқанын хабарлапты. Бұл мерекені ұйымдастырушылардың бірі Астанадағы Қазақ Ұлттық Музыка Академиясының профессоры Гүлдана Жолымбетова Қазақстанға джаздың келу тарихын кеңестік саяси репрессия жылдары Қарағандыға жер аударылған джаз өнерпазы Александр Варламовтан бастайды. Ол кезде джаз музыкасына тиым салынған уақыт болған екен. Ал Варламов болса, Қарағандыда сәнді биг-бэнд түрін дамытып, оны тыңдау үшін жұрт Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен Қазақстанға арнайы келеді екен. Содан бері бұл музыка түрі қазақстандық өнерсүйер қауымға, соның ішінде маған да сіңісті, сүйікті музыкаға айналды, дейді профессор Жолымбетова. Оның газет тілшісіне берген сұхбатында джазды сүйіп тыңдайтындар арасында Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев және Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Асқар Бөрібаев сынды лауазымды шенеуніктердің есімдері аталады. Ал қазірде елордада өтіп жатқан «Астана-блюз» жобасы алдағы күз айында джаз музыкасына арналған өзге де мәдени шараларға ұласпақ.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG