Accessibility links

Ресей: еңбек мигранттары жоқшылық пен зомбылықтың тауқыметін тартуда.


Дүйсенбі күні Ресейдің қаржы министрі Алексей Кудрин Ресейде құқықтық мәртебесі болмай еңбек етіп жүрген еңбек мигранттарын тіркеу амалдарын жеңілдетуге шақырды. Елдегі демографиялық тоқырау мен еңбек ресурстарының жетіспеуі салдарынан, деп мәлімдеді қаржы министрі, Ресей еңбек мигранттарына аса мұқтаж. Ал осы үндеумен қарама-қатар Ресейдің күрделі көші-қон заңы мигранттарды өзінің қазіргі жағдайын заңдастырып алу ниеттерін ұмыттырып, алаяқ кәсіпкерлер мен полицияға жем болуға мәжбүрлеп келеді. Біздің тілшіміз Мәскеудің құрылыстарында еңбек ететін мигранттармен сыр бөлісіп көрген еді.

Ресей астанасын құрылыс нысандары қаптаған. Көшелер әрбір бұрышта бой көтеріп жатқан жаңа ғимарат құрылысындағы бұрғылардың жұмысынан дірілдейді. Көзге онша түсе қоймайтын, бірақ бір маңызды көрініс: қымбат тұрғын үйлер мен компаниялардың зәулім кеңселерін, негізінен, бұрынғы совет республикаларынан заңсыз ағылып келіп, болар-болмас жалақыға жалданған еңбек мигранттары тұрғызып жатыр.

Азамат соғысынан азып-тозған Тәжікстаннан жұмыс іздеп келген жас жігіт Хигмат Ресейдің құрылыс алаңдарында 3 жылдан бері еңбек етіп жүр. Бүгін ол өзге мигранттардың тобымен бірге Мәскеудің қақ ортасында болат пен шыныдан кеңсенің ғимаратын тұрғызып жатыр. 400 долларға жетпес айлық жалақысының басым бөлігін Хигмат Тәжікстанда қалған 3 баласы мен әйеліне жіберіп тұрады. Демек ол Мәскеуде пәтер жалдап тұра алмайды деген сөз, оның орнына Хигмат амалсыз тұрмысқа еш ықшамдалмаған құрылыс алаңында түнейді. Дәл осы күні Хигмат пен жұмысшылардың көпшілігіне кеңсе ғимаратының құрылысы әлі аяқталмаған, тот басқан қаңылтырмен қоршалған, екінші қабатының бір бұрышы “баспана” болды.

Жиһаздың түрі - қолдан қалай болса солай құрастырыла салған ағаш керует пен үстөл. Міне, осы “пәтерде” қыстың жақындауына қарамастан не жылу, не электр жарығы, не ыстық су жоқ. Жұмысшылар шағын электр плитасына су жылытып алып, сыртқа шықпай-ақ сол жерде жуына салады. Хигмат адам айтқысыз осындай жағдайда тұрудан шаршағанын жасыра алмады.

“Біздің қалай тұрып жатқанымызды көріп отырсыз. Жағдай шынында да нашар. Бұл біздің тура құрылыс алаңында түнеп жүргеніміздің түрі. Түнде суық, бірақ қазір соған төзіп жүрміз. Шынын айтсам, біз мұнда өмір сүріп жатқанымыз жоқ, әзер шыдап жүрміз. Бұл өмір емес”, - дейді ХИГМАТ.

Еңбек мигранттарының көпшілігі сияқты Хигматта да жұмыс істеуге ешқандай ресми құжаты жоқ. Таяуда Ресейдің көші-қон мекемесі Ресейдің қара жұмысшыларға өте-мөте мұқтаж болып отырғанын ашық мойындаумен қатар, дәл осы күні жалғыз Мәскеуде 1 млн.-нан астам заңсыз мигранттың еңбек етіп жатқанын айтып жылағандай болды. Президент В.Путин мен орыс үкіметінің басқа басшылары Ресейге шетелдерден жұмыс қолын тарту үшін көші-қон заңын жеңілдету қажеттігін қақсап айтып келеді.

“Олардың салық төлеуден жалтармауы үшін және оларды қажетті тіркеу шарасымен шошытпау үшін мигранттарды заңдастыру керек”, - деп мәлімдеді осы дүйсенбі күні Ресейдің қаржы министрі Алексей Кудрин.

Алайда мигранттардың жағдайын жақсарту үшін Ресейде іс жүзінде ештеңе істеліп жатқан жоқ. Ресми түрде рұқсат алып, жұмысқа тұру өте күрделі және көп уақытты алады. Сол себепті де ресми рұқсат алған мигранттар жоқтың қасы. Ресейдің кәсіпкерлері де шетелден жұмыс қолын жалдау үшін Федералдық миграция қызметінің табалдырығын тоздырып әуре болмайды.

Еңбек мигранттарына құқықтық көмек көрсететін, кеңсесі Мәскеуде орналасқан “Көші-қон және құқық” тобының мәлімдеуінше, Ресей компанияларының 90 процентінде шетелдік жұмысшыларды жалдауға құзыры жоқ. Олардың осындай заңсыз “мәртебесі” – еңбек мигранттарын арам-тамақ полицейлерге оп-оңай жем қылады. Полицейлер, әдетте, мигранттарды “пара бермесең, еліңе қуамын” деп қорқытады. Еңбек мигранттарын алаяқ кәсіпкерлер де аяусыз қанайды. Өйткені алданып қалған бейшара мигранттар әділдік іздеп сотқа жүгіне алмайды. Хигмат осындай жағдайға талай рет тап болғанын жасырмайды.

“Осыдан бірнеше ай бұрын мен осы жерде жұмыс істедім. 1 айдай жұмыс істегенімде бақылаушы мен кәсіпкер аяқ астынан із-түссіз ғайып болды. Сөйтіп біз 1 ай бойы тегін жұмыс істедік. Мұндай жағдай жиі болып тұрады”, - дейді ХИГМАТ.
XS
SM
MD
LG