Accessibility links

АҚШ Қазақстанда әскери базасын ашуы мүмкін бе?


Қарашаның 3 күні Астанада Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Қазақстанда ресми сапармен жүрген АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының басшысы Джон Абизеидпен келіссөздер өткізді. Бұл сапардың нақты мақсаты хабарланбады. Бірақ, кейбір сарапшылар, президенттік сайлау қарсаңындағы АҚШ генералының Қазақстандағы сапары ел басшылығына қолдау көрсету арқылы көп ұзамай Қазақстан территориясында әскери база ашуға арналған деген болжам айтып отыр.

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының басшысы Джон Абизеид айтып өткендей, АҚШ-тың аймақта болуы ықпалдық емес, бұл 18-19 ғасырдағы ірі ойындардың қайталануы емес, деді ол. «Біз тек лаңкестік, жемқорлық және есірткі таратуға қарсы күресте көмек көрсеткіміз келеді, өйткені, бұл ортақ проблема, ал, Қазақстан сияқты серікпен оны шешетінімізге сенеміз», деді генерал.

АҚШ генералының Қазақстандағы сапарының мақсаты нақты хабарланбады. Ал, оның Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевпен өткен келіссөздері жабық есік жағдайында өтті. Ал, журналистер алдында жасалған мәлімдемеге сәйкес, Қазақстан мен АҚШ-тың қорғаныс салаларындағы қарым-қатынасы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Бұл туралы Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев хабарлады:

- Орталық Азиядағы 5 жылдық аймақтық жоспарымыз толық орындалып келе жатқандығын айтып кеттік біз. Қазақстанның қарулы күштеріне 31 миллион долларға дейін көмек болған.

Өз кезегінде АҚШ генералы Қазақстанның кез келген бастамасына қолдау көрсететіндігін жеткізді. Ал, отставкадағы полковник Амангелді Ерекешевтің айтуынша, АҚШ генералы Қазақстанда болашақта әскери базасын орналастырғысы келеді. Бірақ, кез келген дипломатияның бірінші аралық және соңғы мақсаты болады. Әзірге АҚШ пен Қазақстан арасында әскери салада келісімдер бар. Бұл, тек бірінші мақсат, дейді полковник. Бұл жолғы сапар болса аралық мақсатты жүзеге асыру үшін, Қазақстан билігіне қолдау көрсетеміз, деген уәде жасау үшін жасалды, дейді Амангелді Ерекешев:

- Қазақстанға келгісі келеді олар. Өйткені, база орналастырғызса, онда Орталық Азия олардың қолында болуы мүмкін. АҚШ-тың менталитеті былай: біз бәрінен күштіміз, бізде бәрі бар, басқа елде ондай жоқ.

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының басшысы Джон Абизеид болса, журналистердің база орналастыруға қатысты ниетіне жауап беруге тырысты. «Біз Қазақстанда әскери база ашуды жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ, белгілі бір жағдай туындап, Қазақстан үкіметі бізге ұсыныс жасаса, база ашуымыз мүмкін» деді генерал.

Кейбір әскерилер керісінше, әскери саладағы қарым қатынасты Ресеймен жүргізген абзал, деген пікірді ұстанады. Өйткені, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының құрамына кіретін елдерге Ресейде шығарылатын қару-жарақ жеңілдіктермен сатылуға тиіс, дейді олар. Оның сыртында, ұйым құрамына кіретін елдер бірқатар салықтардан босатылады, деген ақпарат бар. Ресейге де бұл сауда қатынастарының тиімді жақтары басым. Өйткені, Ресей қарумен қатар оның қосалқы бөлшектерінде сатады, дейді сарапшылар. Ал, отставкадағы полковник Амангелді Ерекешевтің айтуынша, Қазақстан жағрапиялық орналасуы жағынан қоршауда қалған мемлекет. Сондықтан, көп векторлы саясатты ұстануы шарт. Бірақ, қаруды Ресейден алған тиімді. дейді ол:

- Назарбев әскерилермен кездескенде қаруды тек Ресейден аламыз деген болатын. Арзандығына байланысты емес, біздің сарбаздар ол қаруды біледі. Ал, АҚШ технологиясын сатпайды. Өйткені, біз оны біліп алсақ, көбейтеміз, ал олар одан қорқады.

Ал, кейбір сарапшылар, Ресейдің мақсатыда осы аймаққа саяси ықпал жасау және АҚШ қаруы әлдеқайда сапалы деген пікірді ұстанады. Қазақстан басшылығы болса, әзірге екі елмен де қарым-қатынасын дамытып келеді.
XS
SM
MD
LG