Accessibility links

60 жыл бұрынғы Нюрнберг процесіне артылып ақталмаған үміт


Алдағы жексенбі күні әйгілі “Нюрнберг процесінің” басталғанына 60 жыл толады. “Нюрнберг процесі” - 2-нші дүниежүзілік соғыс сынды адамзат тарихындағы ең зор қырғынға жауапты және теңдессіз зұлымдықты іске асырған ең басты қылмыскерлерді жауапқа тартуды мақсат еткен талпыныс болатын. Соттың бірінші сатысы 1945-інші жылдың 20-сыншы қарашасында басталды. Югославияның бұрынғы басшыларын соттап жатқан әскери қылмыстар бойынша Халықаралық Гаага трибуналы немесе Халықаралық қылмыстық сот сынды бүгінгі жаңа құрылымдардың негізі осыдан 60 жыл бұрын немістің Нюрнберг қаласында қаланған болатын. Дегенмен де, қантөгіс соғыстар әлі жалғасып келеді, ал қырғын-сүргін құрбандарының қолы әлі де әділ сотқа жете бермейді.

Адамзаттың қазіргі заман тарихындағы ең маңызды сот процесі осыдан 60 жыл бұрын Германияның 2-нші дүниежүзілік соғыстан қираған Нюрнберг қаласында басталды. Неміс нацистерінің тұтқынға түскен жоғары лауазымды 24 көсемі, оның ішінде – фашистік Германияның жазалаушы құрылымы – Гестапоның “атасы” Герман Герингке, нацистердің ең басты нәсілшілдік теоретигі Альфред Розенбергке, нацистердің сыртқы істер министрі Хоаким фон Риббентропқа және тағы басқаларға әскери қылмыстар және адамзат баласына қарсы қылмыс жасады деген айыптар тағыды. “Нюрнберг процесінің” бірінші сатысы мен одан кейін 3 жыл бойы жалғасқан өзге сатылары аса маңызды бірнеше дәстүрдің негізін қалап берді. Оның ішінде, адамзат тарихында алғаш рет белгілі бір елдің жоғары лауазымды тұлғалары халықаралық соттың алдында жауапқа тартылды. Оған қоса тұңғыш рет “әскери қылмыстар” және “адамзат баласына қарсы қылмыстар” деген жаңа айыптарды қабылдап, оларды сот процесінде қолданды. Олай дейтін себеп, 2-нші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында ғана адамзатқа қарсы зұлымдық – соғыс қимылдарының “құрамдас бір бөлігі” ретінде қарастырылып келген болатын. Сот процесіне Америка Құрама Штаттарының атынан бас айыптаушы болып қатысқан Роберт Джексон өзінің кіріспе сөзінде “Нюрнберг процесінің” себептерін былайша сипаттаған еді.

“Біздің қаралап, жазаға тартқалы жатқан қылмыстардың молдығы соншалықты, олардың зұлымдығы мен келтірген кесел-зияны соншалықты, өркениетті қоғам оларды ескерусіз қалдыра алмайды. Өйткені өркениет әлемі мұндай құбылыстың қайталануына қайтып шыдай алмайды”, - деді Р.ДЖЕКСОН.

“Нюрнберг процесінің” 1946 жылы шығарылған өкімі бойынша, сотқа татылған 24 адамның 12-сі өлім жазасына кесілді, үшеуі ақталып шықты, қалғандары – ұзақ мерзімдерге бас бостандықтарынан айрылды. Келесі 3 жыл бойы жалғасқан 10 шақты сот процесінде нацистердің соғыс жылдарындағы зұлымдық іс-әрекеттерін тікелей іске асырғандар немесе зұлымдықтарға атсалысқандар және т.б. жауапқа тартылды. Атап айтқанда, дәрігерлер, өнеркәсіп иелері және нацистік арнайы қызметтердің маңдайалды “өлім батальондарының” мүшелері жаза тартылды. Бұл сот процесі, сондай-ақ, осыдан 60 жыл бұрынғы “Нюрнберг процесіне” АҚШ жағынан қатысқан екінші прокурор Телфорд Тэйлордың атап көрсеткеніндей, келешек ұрпақтарға сабақ болды.

“Айыптыларды немесе айыптары бірдей мыңдаған адамды жай жазаға тарту – нацистердің үстемдігі астында жүрген халықтардың бастан кешкен адам айтқысыз зұлымдықтарын ешқашан өтей алмайды. Көз көріп, құлақ естіп көрмеген осындай зұлымдық оқиғалардың не ойдан шығарылмай, не ертегі емес, нақты өмірде болғанына ешқашан ешкімнің күмән келтіре алмайтынындай айқын да бұлтартпай дәлелденгені - жәбір көрген халықтар үшін әлдеқайда маңызды...”, - деді Т.ТЭЙЛОР.

Геноцид қылмысының алдын-алу және жазалау жөніндегі БҰҰ-ының Келісімі, Соғыс заңдары мен кеден туралы Женева шарты және адам құқықтары бойынша баршаға бірдей Декларация – “Нюрнберг процесінің” нәтижесінде дүниеге келген құжаттар болатын.
XS
SM
MD
LG