Accessibility links

Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтар қамқорлыққа мұқтаж


Қазақстандағы Чернобыль ардагерлері одағының деректеріне қарағанда, 1986-шы жылы Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 31 мыңнан астам қазақстандықтың бүгінде 6320-сы ғана тірі қалған. Олардың барлығы дерлік мүгедектер. Солардың бірі 3-ші топтағы мүгедек Серік ӘЖИЕВ 1986-ші жылы қазан айынан бастап 4 ай Чернобыльда жасақшылар қатарында қызмет еткенін және жарылған энергоблоктың шатырында болғанын айтады.

Ол басқа серіктестері сияқты Кеңес одағы ыдырағаннан кейін совет-гермен соғысы ардагерлерімен бірдей берілген жеңілдіктерінен құралақан қалып, азғантай жәрдемақыны місе тұтуына тура келіпті.

- Бұрынғы КСРО кезінде соғыс ардагерлерімен бірдей жеңілдіктер пайдаландық. Ал бүгін олар 15 мың теңге қосымша ақы алса, бізге тек 2300 теңге беріледі, - дейді С.Әжиев.

Қазақстанда келесі жылдың қаңтар айынан бастап «чернобыльдықтарға» берілетін төлемақы көлемі өспек. Алайда, мұндай қаржы дәрі-дәрмекке де жетпейді дейді Қазақстандағы Чернобыль ардагерлері одағының президенті Рақым ЗӘЙТБЕК ұлы:

- Президент қаңтар айынан бастап 1 мың теңге қосылады деді. Болды! Ал дәрі-дәрмекке айына кем дегенде 20 мың теңге кетеді.

Ал медицина қызметінің отставкадағы подполковнигі, Чернобыль ардагері Павел КОСТОГРЫЗОВ «чернобыльдықтардың» денсаулығына қатысты шешілмеген мәселе көп дейді. «Қазақстандағы әрбір «чернобыльдық» жыл сайын өзінің мүгедектігін дәлелдеу мақсатында ұзын кезектерге тұрып, үлкен күш-қуатын сарп етеді. Шын мәнісінде, Чернобыльдағы радиация көлемі оларды мүгедек деп табуға жетерлік» дейді медицина қызметкері.

«Чернобыльдықтар» мәселесін шешудің бір жолы – заңдық түрде олардың мәртебесін белгілеу дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ:

- Мемлекеттің шешімен қалыпты жағдайдан тыс істерге араласқан адамдардың бәрі кейін ардагер деген мәртебе алуы керек. Бірінші кезекте оларға қажеттілігі барлық адамдарға бірдей тегін көрсетілетін медициналық көмек бар ғой. Сол бойынша оларға қосымша бөлінуі керек. Сонан кейін жыл сайын олардың денсаулығын зерттеуден өткізуге оларға қаржы беріп тұруы керек. Өйткені, мына ядролық радиацияның әсері білінбей бірте-бірте шығуы мүмкін.

Келесі жылы Чернобыль апатына 20 жыл толады. Соған сәйкес 2006-шы жылды «Чернобыль апатынан зардап шеккен мүгедектерді еске алу жылы» деп ату керек дейді қазақстандық «чернобыльдықтар». Сол кезде ғана Чернобыль мүгедектерінің мәселелеріне үкімет назар аудартатын шығар деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG