Accessibility links

2006 жылы Қазақстанға келетін қырғыз еңбек мигранттарына берілетін квота саны арттырылуы мүмкін


Келесі жылдан бастап Қазақстанға келетін қырғыз еңбек мигранттарына берілетін квота саны артуы мүмкін. Сондай-ақ олардың Қазақстанда тіркелуін жеңілдету мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы желтоқсанның 21-і күні Қазақстан үкімет басшысы Даниал Ахметов пен Қырғызстан премьері Феликс Куловтың Тараздағы кездесуі кезінде сөз болды. Ал «Азаттық» радиосы тілшісімен сұқбаттасқан қырғыз саудагерлері өздерінің бұл жерде заңды түрде жұмыс істеулеріне көп кедергілер қойылатындығын жеткізді.

Қырғызстанның Ош ауданы тұрғыны 18 жастағы Әзиза мектеп бітіре сала саудамен айналысты. Қазірде Алматыда сауда-саттықты кәсіп етіп жүрген Әзиза өз елінде күнкөрістің қиын екенін айтады.

- Біздің үйде 9 бала бар. Сондықтан, күн көру қиын. Егісте тапқанымыз жетпейді. Сондықтан, осында келіп, сауда жасаймыз. Қырғызстанда қиналып жатқандар көп қой. Нан таба алмай жүргендер, жоқшылықтың кесірінен ажырасқандар жетеді, - дейді ол.

Алматыда сауда жасайтын қырғыздардың арасында көпбалалы отбасылар аз емес. Солардың бірі, 5 баланың анасы Чолпон есімді саудагер келіншек:

- Мұнда жүргендердің бәрі шаңырағында 5, 9, 13 баланы асырап отырғандар. Менің жағдайымды айтсам, тапқаным отыныма да, балаларымның тамағына да жетпейді. Ал сендер қырғыздар дейсіңдер. Шынында бізді ойлап жатқан ешкім жоқ! – деп, базынасын білдірді.

Қырғызстаннан келетін саудагерлер үшін ең күрделісі – Қазақстанда тіркеуден өту. Тіпті, мекен-жай тауып, ресми тіркеуден өтсең де, ақша табу үшін полицейлер ұстауға тырысады дейді Әзиза:

- Қуалап, затымызды алып қояды. Барлық құжаттарымыз дұрыс болса да, бір жерден бір нәрсе шығара салады. Қырғызстаннан келсек, әр кез «пропискамызды» сұрап, қудалайды. Ақша сұрайды. Сөйтіп, тапқанымыздың барлығын соларға беріп, қалғаны тамаққа қалады.

Қырғыз саудагерлері Бақыт пен Маматтұрсын Қазақстанда жұмыс істеуге 1 жылдық рұқсат алудың қиындығына шағынады. Көбінесе олар тек 3 айға ғана рұқсат алады екен. Ал ондай құжатпен саудамен айналысуға тиым салынады. Сондықтан, саудамен айналысудың заңсыз жолдарын қарастыруға тура келеді дейді қырғыз азаматтары:

- Бір жылдық рұқсатты бермейміз дейді. Ал 3 айлық рұқсатпен сауда жасауға болмайды. Бірден полицейлер ұстайды, қамауға алады, депортацияға жібереді. Сондықтан, қашып жүріп сауда жасаймыз.

- Қамалып қалатындар да көп. Бірақ, оларды ақша беріп, алып шығамыз.

Ал келесі жылдан бастап Қазақстанға келетін қырғыз жұмысшыларына берілетін квота мөлшерін арттыру мәселесі қарастырылатын болады. Қазақстан мен Қырғызстан премьерлері Таразда сәрсенбі күні өткен кездесуі кезінде осындай уағдаластыққа қол жеткізді деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметкері Нұрлан ҚАЛҚА «Азаттық» радиосына желтоқсанның 22-күні.

- Мәселен, қырғыз азаматтарының Қазақстанға келіп, еңбек ету мәселесі жөнінде ұсыныстар қаралған. Қырғыздар тарапынан айтылған ұсыныс - Қазақстанға келіп, еңбек ету квотасының санын ұлғайту жөнінде болды. Қазақстан премьер-министрі осыған орай бізге келген қырғыз азаматтарының мысалы, ғылым, мұнай саласы сияқты мамандарға зәру салаларға тарту мәселесін сарапшылар талқысына салу қажеттігін айтты. Себебі, біздің өзімізде де мамандар жеткілікті ғой, - деді Н.Қалқа мырза.

Қырғыз саудагерлері Бақыт пен Маматтұрсын болса, қырғыз азаматтары үшін Қазақстанда істейтін екі жұмыс бар дейді:

- Олар: құрылыс пен сауда. Бірақ бұл салаларда жалақыңды ала алмайсың. Әсіресе құрылыста бір ай істеп, төрт ай жалақыңды күтесің. Көп жағдайда «бастық ауысып кетті», «ақша жоқ» деп сылтауратып, ақшаны сол күйі бермей қояды.

Олар екі ел үкімет басшыларының қырғыз еңбек мигранттарына қатысты қандай да бір келісімге келгендері жағдайды түзейтін шығар деп үміттенеді.

- Естіп, қуанып жатырмыз. Ең бастысы – полиция бізге тиіспесе, жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, 1 жылға тіркесе болды. Қалғанын өзіміз жасаймыз. Біз де бала-шағаның қамымен тіршілік етіп жүрміз ғой, - дейді Алматыда ұсақ сауданы кәсіп етіп жүрген қығыз азаматтары.

Көп балалы ана Чолпон болса, өзінің үкімет басшыларының уәдесіне сенбейтінін айтады:

- Ешқайсысына сенбеймін. Бір президентіміз жеп-жеп қашып кетті. Екіншісінің істеп отырғаны - анау. Сондықтан, ешқандай жеңілдік бізге жасалмайды. Барлығы өтірік. Тек екі басшы қол алысты, болды!

Жыл сайын Қазақстанда Қырғызстанның екі мыңнан астам азаматы заңды түрде тіркеліп, еңбек етеді. Ал заңсыз еңбек мигранттар саны ресми деректер бойынша 45 мыңға жетеді.
XS
SM
MD
LG