Accessibility links

Қарағанды облысында Араб әмірілігіне жезөкшелікке салу үшін әкетілген 8 жасөсіпірім табылмай отыр


Тамыз айының бас кезінде Наталья Сорская деген Ресей азаматшасы Қарағанды облысындағы Сәтпаев қаласына келіп, «жеңгетайлықпен» айналыса бастайды. Соның нәтижесінде ол биылғы жылғы қыркүйектің 14-і мен 15-і аралығында 8 жасөспірім қызды Араб әмірліктеріне аттандырады. Бұл істің қиындығы сол – қыздардың барлығы кетер кезінде аналарына өздерінің қандай қызметке бара жатқандарын ашық айтқан.

Мұның өзі істі қиындатады дейді Қарағанды облыстық прокуратураның тергеу заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Камал АБЕУОВ:

- Бұл істің қиындығы қандай? Әдетте «ана жаққа барып, мынандай-мынандай ақша табасың» деп алдайды. Ал мына факті бойынша «мынандай іспен мынандай табыс аласыңдар» деп ашығын айтқан. Сонымен олар кетті. Оған қоса шешелеріне қандай жағдайда кетіп бара жатқандарын айтып, хат тастап кеткен.

Қыздар өз келісімдерін бергендіктен де, бұл іс адамды алдап-арбау жолымен құлдыққа салу туралы Қылмыстық Кодекстің 128-ші бабы негізінде емес, «жастары кәмелетке толмағандарды қылмыстық жұмысқа тарту» деген 131-ші бап бойынша қозғалып отыр:

- Сол қыздарды тауып алып, солардан түсінік алып, істің мән-жайын анықтайық деп отырмыз. Олар сол Араб әмірліктеріне кетті ғой...

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осындай жолмен шетелге шығарыла жаздаған жетім қыздардың бірі 16 жастағы ОЛЬГА «Азаттық» радиосына алдымен шетелде ақша тауып, содан кейін еліне оралуды армандағанын айтқан еді:

- Мен шетелге барып, ақша тауып келгім келді. Содан кейін Шымкентке қайтып келемін деп ойладым. Қазір ғана қателескенімді біліп отырмын.

Сәтпаев қаласынан кетіп, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен жас бойжеткендерге де алдын-ала Араб әмірлігігінде бай азаматтарға интим-қызметі үшін 500 АҚШ доллардан астам айлық пен жақсы тұрмыс уәде етілген. Ал оған келіскен қыздардың барлығы жайсыз отбасыларынан шыққандар. Әдетте мұндай күңдікке түсетін қыздар елдің аз қорғалған тобынан дейді әйелдер дағдарыс орталығының қызметкері Люция КҮМІСБЕКОВА.

Оның айтуынша, күңдікке түсетіндер - негізінен жетімдер, нашар отбасы балалары, ажырасқандар, күйеулері алыста табыс тауып жүргендер. Соның ішінде балалар әлеуметтік жағынан ғана емес, құқықтық жағынан да қорғалмағандықтан да, алдап-арбауға тез түседі дейді адам құқығын қорғаушы Айнаш ШОРМАНБАЕВА:

- Бала құқығын да білмейді. Оны тәуелділікке салу да оңай. Шетелге барса, одан да шыға алмайды, шағым бере алмайды, қаша алмайды.

Қарағандылық заң орындары кәмелетке жастары толмаған балаларды жезөкшелікке салу үшін шетелге әкету фактісі бойынша қылмыстық іспен алғаш кездесіп отыр. Олар бұл істі өте күрделі қылмыстар санатына жатқызады. Себебі, құрбандарды табу да, қылмыскерлерді заң бойынша жазалау да қиын. Ал бұған дейін жасөспірімдерді жезөкшелікке салу үшін шетелге аттандыру фактілері бойынша қылмыстық істер Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында қозғалған. Біріккен ұлттар ұйымы ЮНИСЕФ балалар қорының мәліметтеріне қарағанда, жылына 1 миллионнан астам бала әлемде жезөкшелік, қайыр сұраушылық, шахталар мен құрылыста қара жұмысқа жегілу үшін сатылады. Ал 5 миллионнан астам адам жылына әлемде құлдық құрбанына айналады.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG