Accessibility links

Ресей: федералдық парламент “Беслан трагедиясын” тергеудің бастапқы қорытындысын жариялады


Сәрсенбі күні “Беслан трагедиясының” себеп-салдарын тергеген Ресейдің парламенттік комиссиясының төрағасы қантөгіске жол бермейтіндей мүмкіндік болды деп атап көрсетіп, жергілікті билік өкілдерін “қызметіне лайық емес” және “проблемаға атүсті қарады” деп айыптады. “Беслан трагедиясынан” 16 ай өткенде Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация Кеңесінде Александр Торшин өзі бастаған парламент комиссиясының бастапқы қорытындысымен таныстырды.

Парламенттік комиссияның қорытындысына сәйкес, егер Беслан қаласы орналасқан Солтүстік Осетия республикасының милициясы өз міндетін тиянақты атқарғанда, трагедияны болдырмауға мүмкіндік бар еді. Комиссияның төрағасы Александр Торшиннің мәлімдеуінше, Беслан мектебіндегі оқиғадан 2 аптадай бұрын Ресейдің ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев пен оның өкілі Солтүстік Осетияның ішкі істер министрлігіне 2004-інші жылдың 1-інші қыркүйегіндегі “Білім күні” қарсаңында қауіпсіздікті нығайту туралы нұсқау беретін жеделхат жолдады. Алайда, деп атап көрсетті А.Торшин, қарулы топ шабуыл жасаған кезде Бесланның № 1-інші мектебінің жанынан бір-ақ милиция қызметкері көрінген және ол 1100-ден асатын ата-анамен, мұғаліммен және оқушы балалармен бірге кепілдікке алынды. Парламенттік комиссияның төрағасы 3 күнге созылған трагедия барысында жергілікті билік көп олқылыққа жол берді деп мәлімдеді.

“Кепілдікке тұтқынға алынғандардың шамалас саны 1-інші қыркүйектің екінші жартысында-ақ белгілі болды. Соған қарамастан лауазымды тұлғалар тағы бір тәулік бойы баспасөз құралдарына кепілдікке 354 адамның түскенін хабарлаумен болды. Құқық қорғау мекемелері арасындағы түсіністік төмен болды. Балаларын құтқармақ болып мектеп ғимаратына ұмтылған және мектепке оқ жаудырған Беслан тұрғындарын мектепті қоршап тұрған құқық сақшылары тоқтата алмады. Жіберілген қателік пен олқылықтарды осылай жалғастыра беруге болады”, - деді А.ТОРШИН.

А.Торшинның айтуынша, террористік қастандықтардың алдын-алуға бағыталған шаралар заман талабына лайық емес және құқық қорғау мекемелерінің өкілдері осындай төтенше жағдайға байланысты жаттықпаған. Ресейдің қауіпсіздік күштері мен Кремльден Чешенстандағы әскерін алып кетуді талап етіп, мектепте 1.200-дей жанды кепілдікте ұстап тұрған қарулы топтың арасындағы беталды шайқаспен 3-інші қыркүйекте аяқталған “Беслан трагедиясында” кепілдікте отырған 330-дан астам адам қаза болды, басым көпшілігі мектеп оқушылары болатын.

“Беслан трагедиясының” ресми желісі бойынша, Ресейдің қауіпсіздік күштері мектептегі жарылыстың ізінше кепілдікте отырғандарды босату үшін тікелей шабуылға шықты. Билік өкілдерінің хабарлауынша, құрбандардың көпшілігі атыс кезінде оққа ұшты. Бірақ қаза болғандардың жақындары ресми билікті “құтқару операциясын нашар ұйымдастырды” және “өзінің олқылықтарын жасырмақ болды” деп айыптады.

Александр Торшиннің сөзін теледидардан көріп тыңдағандардың арасында - Беслан мектебінде кепілдікте болған және оқушы қызынан айрылған Анетта Гаджиева да бар еді. “Азаттыққа” берген сұхбатында ол көгілдір экраннан көріп естігеніне әзірше риза болғанын айтады.

“Штабтың жұмысына және жалпы кепілдікке алынғандарды құтқаруға міндетті болған барлық лауазымды кісінің іс-қимылына Александр Торшиннің өзара өте нашар түсіністік болды деп бағалауы, әрине, оның өзі үшін абырой болды. Әлбетте, біз бүкіл баяндаманың өзін әрі қарай тыңдап, қарап көрейік. Сонда ғана біз нақты баға бере алатын боламыз. Ал біз көрген сәттен бері әзірше біздің көңіліміз қалған жоқ”, - дейді А.ГАДЖИЕВА.

Парламенттік комиссияның алған мәліметтері сейсенбі күні Ресейдің Бас прокуратурасы жасаған хабардан қатты ерекшеленеді. Сейсенбі күні Бас прокурордың орынбасары Никалай Шепель тергеу барысы ресми биліктің кепілдікте отырғандарды босатпақ болған іс-қимылынан ешқандай қателікті таппады деп мәлімдеді. “Беслан трагедиясына” билік өкілдерінің олқылықтары себеп болды деп санайтын қаза болғандардың туыстары Н.Шепельдің бұл мәлімдемесіне қатты наразы болды. Қаза болғандардың жақындары Ресейдің арнайы күштерін мектептің ішінде әлі тірі тұтқындардың болуына қарамастан от шашатын, мина ататын қаруды және тағы басқа ауыр қаруды қолданды деп талай рет айыптады, бірақ ресми билік оны үнемі жоққа шығарып келеді. Парламенттік комиссияның бастапқы қорытындысында А.Торшин, алайда, қарудың ауыр түрін қолдану қажет болды деген ресми биліктің уәжін қолдады. Сонымен бірге ол трагедия желісінің әлі талай сәті күмән келтіріп отырғанын атап көрсетіп, міне осындай сәттерді толық анықтауға керекті құжатты әлі Бас прокуратурадан күтетінін мәлімдеді.

Ресей президенті В.Путин алғашқы да “Беслан трагедиясын” Федерациясы Кеңесінің тергеуіне қарсы болып, Бас прокуратураның тергеуге алуына бұйрық берген болатын. Солтүстік Осетияның парламенті жүргізген үшінші тергеуі “құтқару операциясы нашар іске асырылды”, “оған кінәлі билік өкілдері жазаға тартылсын” деген қорытынды шығарды.
XS
SM
MD
LG