«Менің көзім соқыр емес қой, бізге әлі Үкіметтен Еңбек туралы заң жобасы келіп түскен жоқ. Қарап отырғанымыз, Мерекелер туралы заң жобасына өзгерістер енгізу жөнінде еді ғой», – деген наразылығын білдірген Тоқтар Әубәкіровтің сөзін Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаммеджанов басып тастады.
Ал заң жобасын ұсынушылардың бірі Владимир Нехорошев өздерінің бір заң жобасын талқыға сала отырып, басқа бір заңға Еңбек туралы заң жобасына өтіп кетуін Ресей тәжірибесінен алдық деп қарап отыр. Оның сөздеріне қарағанда, Ресей думасы да Конституцияларында Ресей зайырлы мемлекет деп көрсетілгеніне қарамастан, олар Еңбек кодекстеріне өзгерістер енгізу арқылы християндардың рождество мерекесін демалыс ретінде атап өтетін болған.
Енді бір Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов болса, өздерінің қандай заң жобасын мақұлдағанын әлі түсіне алмағанын айтады.
– Егер осыны қажет деп тапсақ, маңызы зор болса онда неге президент әкімшілігі ұйықтап отырды?! Әр нәрсені өз орнымен рәсімдерді бұзбай алып келу керек еді алдымызға. Ал бүгін апыл-ғұпыл бір заңнан бір заңға көшіп кеттік. Міне екі күн болды. Түсініктеме бере алмай жатыр. Олар Елбасы айтты деп бізді қыса береді. Зәреміз ұшып, қорқып отырған жандармыз. Оның үстіне қорқыта берсе, біз не боламыз?!, – дейді депутат С.Әбдірахманов.
Ал Амангелді Айталы болса, үш жылдан бері діни меркелер туралы заң жобасының қабылдануына қарсы болып келе жатқан Үкіметтің халықтың мүддесіне емес, тек бір адамға ғана жұмыс істеп отырғанын көрсетті дейді.
– Осыдан үш жыл бұрын түрліше уәждер айтып қарсы болған Үкімет президент айтқаннан кейін қолдайды амалсыз. Бұл біздің Үкіметтің талғамсыздығын, позициясының жоқтығын, мәселенің неде екеніне емес, кімнің айтқанына мән беретін, Үкіметтің біздің заң жобаларымызға берген бағаларының құнсыз екенін, ауытқып тұратындығын осы заң жобасынан көріп отырмын, – дейді Амангелді Айталы.
Енді бір Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов президенттің аузынан шыққан сөздердің заң арқылы бекітілуі Қазақстан Конституциясына қайшы, ал әшейінде Конституциялық Кеңеске жүгінетін депутатар бұл жолы үнсіз болып отыр, дейді ол.
Алматы православия мешітінің әкейі Василий християндар рождествосы мен мұсылмандардың құрбан айт мерекесін демалыс ретінде атап өтуі жөніндегі президенттің ұсынысын даналық деп біледі. Ал Ислам дінін зерттеуші Мұртаза Бұлытай болса, мұсылмандар меркесінің бір күнін ғана демалыс ретінде атап өту дұрыс емес деп санайды:
– Қазақстанда негізгі дін - Ислам діні. Халқымыздың 70 пайызы мұсылмандықты ұстанады. Ислам дінінде бар жоғы екі-ақ мереке бар. Біреуі – құрбан айт, біреуі – ораза айт. Біреуіне мереке беріп, ал біреуін алалау ол тағы дұрыс емес. Ол міндетті түрде 70 пайыз мұсылманның құқығын 27 пайыз християнның құқығымен тең қою сияқты. Бұл ауру менталитеттің жасаған істері, – дейді Мұртаза Бұлытай.