Accessibility links

Биылғы наурыз айында Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттері ортақ кеден одағын құрмақшы


Ортақ экономикалық кеңістік құрамындағы жоғарғы деңгейлі топтың мүшелері Астанада өткен 24 отырыста 4 мемлекеттің ортақ кеден одағын құруға қажетті келісімдердің құжаттарын дайындады. Бұл туралы ақпанның 3-күні Қазақстанның индустрия және сауда министрі Владимир Школьник хабарлады. Оның айтуынша ортақ кеден одағын құру үшін 38 келісім жасалмақшы. Бұл құжаттарға наурыз айында 4 елдің президенттері қол қоюға тиіс.

Мұндағы басты мақсаттардың бірі кедендік одақ құру. Мысалы, Украинада шығарылған тауар төртікке кіретін басқа елдерде де оңай сатылатын болады. Бұл импортқа жіберетін компания үшін өте тиімді, дейді экономистер. Өйткені, ол өз тауарын бір елге емес, 4 елге сатуға мүмкіншілік алады және сол үшін жеңілдіктерге ие болады. Төрттік ішінде сыртқы сауда көрсеткіштері бойынша, Ресей мен Қазақстанның үлесі мол. Жалпы, ұйымды құру мақсаты 4 азаттыққа қол жеткізу деп хабарланды. Бірінші кезекте ол тауарларға қызметтерге, қаржыға және еңбек күшіне еркін қозғалыс жасау. Осылайша, ТМД құрамындағы 4 ел ЕуроОдақ іспеттес ұйым құрмақ. Әйтседе, қауымдастық құрамындағы елдерде қажетті тауарлар мен ресурстардың бәрі болғанымен ортақ кеден тарифтері әзірше толық шешілмеген.

Мысалы, кеден тарифтерінде 11 мың код бар, ал, ұйым арасындағы шешілгені тек бірнешеу ғана. Сондықтан әзірге төртікке кіретін мемлекеттердің кеден салықтары әртүрлі. Ұйым экономистерінің айтуынша, әр тауар түрін де ескеру керек. Мысалы, автомашиналар мен электрожабдықтарға бір салық салынса, тоқыма бұйымдарына жеңілдіктер көбірек болуы мүмкін, дейді олар.

Сондай-ақ, бұл жолы ұйым өкілдері бірнеше халықаралық құжаттарды дайындады. Олардың ішінде төрттік азаматтарының елдер арасындағы қозғалысын жеңілдететін құжаттар бар. Оның сыртында, Астанада Ресейдің өнеркәсіп және энергетика министрі Виктор Христенко хабарлағандай, келесі отырысқа бизнес форумдар қатыстырылады. Экономистердің айтуынша бұндағы басты мақсат компанияларға көмек көрсету емес, олардың жұмысындағы кедергілерді азйтуға қатысты болмақ. Өйткені кезінде ортақ мемлекет құрамында болған елдердің ортақ жайттары көп. Мысалы, Украинада жиналатын ұшақтарға қажет жабдықтардың 70 пайызы Ресейде шығарылады. Себебі, технология ортақ, дейді экономистер. Жалпы, 4 мемлекет арасында келісімдер басым. Бірақ, бұған дейін Украина тарабы өздерінің Еуропамен қосылуына мүдделі екендіктерін білдіріп, төрттік құрамындағы құжаттарда «ұлт үстіндегі» деген сөзі бар құжаттарды алып тастаңдар деп сұраған болатын. Қазақстан президенті Назарбаев егер де Украина жұмысқа кедергі келтірсе, одақты 3 мемлекеттен құрамыз деген болатын. Ал Украинаның экономика министрі Арсений Яценюктің айтуынша, бұл мәселе тек Украинаға ғана емес, ұйымдағы барлық мекемелерге қатысты. Бірақ, бұл мәселеге байланысты журналистердің сұрағына әзірге жауап беруге дайын емеспіз, деді ол.

Төрттік мамандары айтып өткендей, төрт мемлекеттің экспорты негізінен шикізатқа байланысты болуы проблемалық мәселе. Ал, дамыған мемлекеттер машиналар мен технология ұсынады. Сарапшылар осы сұрақтарды шешу үшін уақыт керек, дейді. Ұйым құрамындағы төрт мемлекет те әлемдік сауда ұйымына кіруге ұмтылып отыр. Ал, халықаралық стандарттарға көшу үшін мыңдаған заңдарға жүздеген өзгеріс енгізу керек, дейді ұйым өкілдері. Салыстыратын болсақ, Еуропа одақ құру үшін 30 жыл жұмыс істеді. Еуропада 1957 жылы келісімге қол қойылғанымен тек 90 жылдары шекаралар ашылды, дейді бақылаушылар. Бізге де әлі ұзақ уақыт керек дейді, Ортақ экономикалық кеңістік өкілдері.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG