Accessibility links

Ирандағы күрд әйелдеріның өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп отыр


Иранның Батыс Әзірбайжан аймағында күрд әйелдерінің өздерін-өздері өртеу жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты Күрдістандағы адам хұқықтарын қорғау ұйымы дабыл қағып отыр. Осы ұйым жариялаған тізімде өткен тоғыз ай ішінде өздеріне өздері қол жұмсаған 150-дей әйелдің есімдері аталған. Көп жағдайда олар өздерін-өздері өртеуге тырысады екен. Басқа да аймақтардағы күрд әйелдері арасында осы үдеріс кең етек жайған. Оған негізгі себеп ретінде отбасындағы ұрып-соғулар, кемсітушіліктер, әлеуметтік әділетсіздіктер аталуда.

Иранның Күрдістан аймағына қарасты Мариван қаласындағы әйелдердің Үкіметтік емес ұйымы мүшесінің бірі Насрин Мұхаммади. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ол өзі тұрып жатқан аймақта консервативті салт-дәстүрлер мен әлеуметтік әділетсіздіктер әйелдердің бұл өмірге деген сенімінің жоғалып, торығуына, баз кешуіне алып келуде, деді.

«Әйелдердің өз-өздеріне қол жұмсауындағы басты себеп - олардың шарасыздық күй кешуі. Біздің аймақта әйелдердің басына түскен әлеуметтік қысым басым болып тұр. Оның себебі ескі әдет-ғұрыптардың ерекше билеп тұруы және әйелдер хұқының барынша шектелуі қысымның күшейе түсуіне алып келуде. Біздің аймақтағы әйелдерге екінші дәрежедегі адамдар ретінде көзқарас қалыптасқан. Экономикалық жағынан әйелдер толықтай күйеулеріне бағынышты, бұл-мәселенің басты себебі. Сондай-ақ елде қабылданған заңдар бойынша сот орындары ешқашан әйелдерді қорғамайды», - дейді Насрин ханым.

Күрдістандағы адам хұқықтарын қорғау ұйымының айтуынша, ол бейшара әйелдер өздерін-өздері өртеу арқылы қоғамды билеп отырған патриархалдық жүйеге, сондай-ақ өз хұқықтарының аяққа тапталуына қарсы жан айқайын айналасындарға жеткізгісі келеді. Ұйым өкілдерінің сөзіне қарағанда, өз өмірлерін өздері қиюға бел байлағандардың көпшілігі 14 пен 30 жас арасындағы, шала сауатты әйелдер екен. Ал, Илам және Керманшах сияқты аймақтарда әйелдердің осындай шарасыз шешімдерге баруы үйреншікті көрініске айналған. Осы істерге байланысты Адам хұқықтарын қорғау ұйымы арнайы мәліметтер жинастырмақшы.

Мохсен Янғорбани болса - Медициналық ғылымдар бойынша Исфахан университеті жанындағы эпидемиология бөлімінің профессоры. Оның пікірінше, бензинге қол жеткізудің оңайлығы Иламдағы әйелдер үшін өзін-өзі өртеу әдісін ең жеңіл жолға айналдырып отыр. Профессордың айтуынша, өз өмірлеріне қол жұмсау арқылы ол жас әйелдер өз отбастары мен қоғамға жан айқайларын жеткізгісі келеді. Зорлықпен тұрмысқа берілген немесе басқа да отбасылық проблемаларға тап болған ол нәзік қауым өкілдерінің хұқықтары тиісінше қорғалып, сондай-ақ аймақтағы економикалық жағдай жақсара түскен жағдайда әйелдердің өз-өздеріне қол салу проблемасын жеңуге болады, деп сенеді профессор. Ол үшін әйелдер білімін жақсарту - олардың өз хұқықтарын терең түсінуіне, сол арқылы өз наразылықтарын басқа да жолдармен білдіруіне әкелер еді.

Ерлердің мінез-құлқымен байланысты әлеуметтік және мәдени саладағы ақтаңдақтарды жоюға көмектесу үшін әйелдер мәселесіне халықтың назарын бұруға бұқаралық ақпарат құралдарын және өкіметтік емес ұйымдарды Күрдістан хұқық қорғау ұйымы шақырып отыр. Ұйым сондай-ақ Иран өкіметін әйелдер хұқын қорғайтын халықаралық келісімдерге қол қоюға шақыруда. Ол келісімнің бірі - БҰҰ-ның “Әйелдерге қарсы барлық зорлық түрін жою жөніндегі конвенциясы”.
XS
SM
MD
LG