Accessibility links

Әлемдік саясаттағы өз беделін арттыруға тырысқан Ресей энергия мәселесін көлденең тартуда.


Сегіздік топ, яки әлемнің ең дамыған сегіз елінің қаржы министрлері демалыс күндері Ресей астанасы Мәскеуде бас қосты. Кездесуде көтерілген ең негізгі тақырып энергиялық қауіпсіздік мәселесі болды. Ресей Қаржы Министрі Алексей Кудрин сенбі күнгі мәлімдемесінде әлемдік деңгейдегі энергиялық қауіпсіздік мәселесін Сегіздік топ жақсы шеше бастады деп атап өтті. Бұл екі арада, Ресей әлемдегі ең негізгі мұнай-газ экспорттаушы елдердің бірі ретінде қазіргі жағдайда өзінің әлемдік мәртебесін арттыруға тырысып отырған жоқ па деген сауал туындап отыр.

Кезек бойынша алмасатын Сегіздік топтағы төрағалықты жыл басынан бері өз қолына алған Ресей үшін бұл кездесудің маңызы ерекше болды. Ресей Қаржы Министрі Алексей Кудриннің сөзінше, әлемнің ең дамыған сегіз елінің қаржы саласындағы жетекшілерінің бұлайша бас қосуы әлемдік деңгейдегі энергиялық қауіпсіздік мәселесін шешудегі игі бастау болды.

"Соңғы кезде 'энергиялық қауіпсіздік' деген сөз тіркесімен аталып жүрген мәселелерге қатысты сауалдарды дайындап, шешім қабылдау тұрғысында дұрыс бағытта бастау салынды деп ойлаймыз", - деп атап өтті Ресей Қаржы Министрі Алексей Кудрин.

Табиғи газ саудасындағы мүмкіндіктерді кеңейту тұрғысында көтерілген мәселелерге Ресей Қаржы Министрі төмендегідей жауап берді:

"Табиғи газды тек құбырлар арқылы ғана айдамай, оны қоюландыру арқылы сұйық жағдайға кетіріп сату мүмкіндіктерін есепке алар болсақ, онда бұл бағытта жоспарлы түрде күш жұмылдыра отырып, газ сату нарығын айтарлықтай кеңейтіп, оны әлемдік дәрежеге жеткізуге болар еді".

Мұнай-газды шетке сатудан түскен пайда Ресей экономикасының өткен жылы 6 пайыздан астам деңгейде өсуін қамтамасыз етті. Көпшіліктің ойынша, Ресей Президентінің жалпы саясат, оның ішінде экономикалық саясатты белгілеуінде де Ресейдің қазіргі жағдайда энергиялық қуат көздері тұрғысындағы басым жағдайы ерекше қызмет атқарып отыр. Ресми Мәскеудің үкіметтік емес ұйымдар мәселесінде қатаң көзқарас ұстанып, Батысқа қарай мойын бұрған Украина, Грузия іспетті мемлекеттерге байланысты қатаңырақ саясат ұстана бастағаны да белгілі.

Әлемдік базарда мұнайдың нарқы баррельге шаққанда 60 доллар боп тұрғанда Президент Владимир Путин Ресейдің әлемдік саясаттағы орнын осыдан он жыл бұрынғы Ресей басшылығынан әлдеқайда сенімді түрде талап ететіні анық боп тұр.

"Ең соңғы мәселе, әлемдік энергиялық қуат көздері нарқында тұрақтылықты қамтамасыз ету", - деді Президент Владимир Путин.

Бұл ұмтылыс Ресейдің халықаралық деңгейдегі бірқатар айтыс-тартысты шешуде белсенді қызмет атқаруғы тырысуынан байқалады. Ресей Иранның ядролық бағдарламасына орай туындаған халықаралық айтыста ара ағайын қызметін атқарып отыр. Ресей, сондай-ақ, Израиль-Палестин бейбіт келіссөздерін тығырықтан шығару мәселесінде де белсенділік танытып отыр. Президент Владимир Путиннің бірнеше күн бұрын Палестиндық әсірешіл Хамас тобын Мәскеуге келіссөздерге шақыратыны туралы мәлімдемесі Батыс елдері үшін мүлде күтпеген жағдай болды.

Демалыс күндері Ресей астанасы Мәскеуде болған әлемнің ең дамыған сегіз елі қаржы министрлерінің кездесуінде Ресей Қаржы Министрі Алексей Кудрин Ресейдің әлемдік деңгейдегі мұнай-газ экспорттаушы ел ретіндегі және әлемдік саясаттағы ықпалды күш ретіндегі беделі таяу арада кемімейтініне сенімін білдірді. Оның сөзінше, алдағы 30-50 жылда табиғи газға деген сұраныс жоғары боп қала бермек.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG