Accessibility links

Путин "біртұтас Ресей халқын" құруға кірісті


Ресей Федерациясының басшылығы федерациялық мемлекетте тұрып жатқан халықтарды "біртұтас Ресей халқы" деп белгілеуді қолға алды. Бастаманың артында Ресей президенті Владимир Путинның өзі тұр, ол орыс халқы мен Ресей өздерінің орындарын жақсы танып алу керек дейді. "Біртұтас Ресей халқы" атауын белгілеуді мақсат тұтқан заң жобасы Ресей Федерациясындағы мұсылман елдерінің арасында, ұлттық азшылық топтарында алаңдаушылық туғызды. Мәселен, Татарстан парламентінің депуттары бұл заң арқылы орыс халқының үстемділігі құрылмақ, бұл конституцияға қайшы деп мәлімдеді.

Ресей ұлттық идеясы қандай болу керек деген әңгіме Ресей мемлекеті құрылғалы бері сөз боп келеді. Президент Путинның басқаруындағы жаңа Ресей мұнай мен газдың арқасында күшейіп келеді. Бұл жердегі мәселені сипаттау оңай – түрлі нәсілге, тілге, дінге, тіпті түрлі дәулетке жылдам бөлініп жатқан мемлекетте ортақ тұтастық құрылмақ. Путинның үкіметі мемлекеттік дәрежедегі жаңа ұлттық саясатты ұсынып отыр. Мақсатымыз - біртұтас көпұлтты қоғам құру деп жарияланды. Заң жобасында бұл мақсат орыс халқының біріктіру қызметі арқылы атқарылады деп көрсетілді. Мемлекет халықтарын одақтастыру, биліктің төменнен жоғарыға бағынатын билік жүйесін күшейту орыс халқына жүктеледі делінеді.

Мұндай ұсыныстар Татарстанда кең наразылық туғызып отыр. Совет Одағы құлағалы бері Татарстан автономия дәрежесінің қызығын көріп келеді. Татарстан саясаткерлері жаңа заң арқылы орыс халқының үстемділігі ресми түрде орнатылмақ деп наразы. Татарстан парламентінің мәдениет, ғылым, білім және ұлт мәселелері бойынша комитеті үшінші наурыз күні заң жобасын қабылдамаймыз деп мәлімдеді. Татарстан парламентінің депутаты Фуат Галимуллин "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Совет Одағы заманында совет халқын құрамыз деген бұлыңғыр эксперимент жасалып еді, енді міне Ресей халқын құрамыз деген жоспарға тап болдық дейді. Бұл заң араңдатушы заң болмақ, оған жол бермеу керек, - дейді Фуат Галимуллин.

Татарстан парламентінің тағы бір депутаты Индус Тахиров заң жобасы халықаралық тәртіпке қайшы келеді, Ресей Федерациясының конституциясына қайшы келеді дейді. Депутат Туфан Минуллин мемлекеттің әр азаматы орыс тілін білуге міндетті деген ұсыныс федерация конституциясына қайшы дейді. Тілді білу талабын қалай белгілеуге болады, орыс тілін білмеген азамат жазаға тартыла ма, түрмеге салына ма, дейді бұл депутат. Туфан Минуллин бұл өте зұлым заң болмақ, ол орыс халқын қорғайды деп көрінуі мүмкін, бірақ шынтуайтында ол орыс халқына қарсы қызмет етеді дейді.

Жаңа заң жобасына тек ғана діни не болмаса ұлттық шағын топтар алаңдап отырған жоқ. Ресей Қоғамдық палатасы деген былтыр ғана құрылған ұжымдық бақылау мекемесі заң жобасына алаңдаушылық танытты. Қоғамдық палата мәселені зерттеу үшін өз комиссиясын құрды, комиссия үш айдан соң зерттеу қортындысын берсін деп келісілді. Жаңа заң жобасы қызу талқыланып жатыр, ал Ресей басшылығын алаңдатып отырған негізгі мәселе – ол демографиялық мәселе. Ресей Федерациясында ислам халықтарының саны шапшаң өсіп келеді. Ал орыс халқының саны кеміп жатыр. Ресей Федерациясының ұлттық және діни шағын топтары мемлекеттегі маңыздылықтары артып келе жатқанын көбірек біле бастады.
XS
SM
MD
LG