Accessibility links

Түркмен-Қытай газ құбыры жобасының аймақтағы энергетикалық геосаясатқа қандай әсері болуы мүмкін?


Ресейдің энергетикалық қажеттілігін қанағаттандыруда Түркменстанның негізгі табиғи газ бұлағына айналып бара жатқандығы президент Сапармұрат Ниязовқа ұнамай жатыр. Ниязов жақында Ресей, Украина және Иран елдеріне сатылатын Түркмен газының бағасын көтеретінін айтқан болатын. Міне енді ол Түркмен газын Қытайға жеткізетін газ құбырын салу келісіміне қол қойды. Сарапшылар бұл жобаның іске асуына күмәнданып отыр, дегенмен де, аталған жоба Евразиядағы энергетикалық геосаясатқа әсер етуі әбден мүмкін.

Өткен аптада Қытайға сапары барысында, Ниязов газ құбырын салу келісіміне қол қойды. Бұл құбырдың нақты қашан салынуы, оның қаржыландырылуы әзірше белгісіз. Бірақ Ресейдің “Коммерсант” газеті бұл құбырдың қаржыландыру мәселесіне байланысты Ниязов Қытай жағын көндіріп көреді деп хабарлаған еді.

Келісімге сәйкес, 2009-шы жылдан бастап Қытай Түркменстаннан жылына 30 миллиард текше метр табиғи газ сатып алмақшы. Түркмен теледидарының хабарлауынша, ол газ Өзбекстан мен Қазақстан арқылы батыс Қытайға одан әрі Шанхайға жеткізілетін болады.

Сарапшылар бұл келісімге күмәнмен қарайды, өйткені Түрменстан расында да уәделерінің бәрін орындай ала ма жоқ па бұл белгісіз дейді. Энергия мәселелері бойынша сарапшы Роланд Готцтың айтуынша, Түркменстанның қандай көлемде газ шығаратынын ешкім білмейді.

Ресми статистикалық деректерге қарағанда, 2005 жылы Түркменстан 63 миллиард текше метр газ өндірген, және 45 миллиард текше метр газ экспорттаған. Осының бәрін есептеп, экономикалық жағынан қарайтын болсақ, Қытайға құбыр салу жобасының іске асуы екіталай, бірақ Қытай үшін экономикалық себептерден гөрі саяси және әскери факторлар маңыздырақ, дейді Готц.

Оның айтуынша, бұл жобаны іске асыру үшін Ашхабат мүмкіндігінше әрекет жасап көреді. Өйткені Қытайға созылатын жаңа құбыр Түркменстанға Ресейден тәуелсіз болуы үшін керек, дейді сарапшы Готц. Ал тағы басқа сарапшылардың айтуынша, ұзақ-мерзімді инвесторларға Түрменстанның саяси жағдайы қорқынышты болғандықтан елдің газ индустриясы әрең дамып жатыр.

Қытай өзін энергия көздерімен қамтамасыз ету үшін газ бен мұнайды қазір батыстан көп мөлшерде сатып алып жатыр. Қытай жақында Қазақстанда мұнай компаниясын сатып алу үшін 4 миллиард доллардан көп ақша төлегені белгілі. Сондай-ақ, Сібірден Қытайға қарай созылатын газ құбырын салу мәселесі бойынша Ресеймен келісімге келді.

Ал Түркменстан мен Қытай арасындағы келісім Орта Азияда Ресей мен Қытайдың энергия саласындағы мүдделер қақтығысына түрткі болуы мүмкін дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, бұл жоба Евразиядағы энергетикалық геосаясатқа әсер етуі әбден ықтимал, бұл келешекте, әсіресе Ресей үшін, проблема болады. Сарапшылардың пікірінше, Түрменстан жағы Ресей, Украина және Иран елдеріне газ бағасын одан сайын асырмақшы.

“Газпром” компаниясы Түркменстан экспортқа арналған газдың бәрін Ресейге сатады деп жоспарлап отыр. Бірақ Қытай мен Түркменстан арасындағы келісім жүзеге асса, онда бұл жоба Ашхабаттың басты міндеттемесіне айналуы мүмкін. Бірақ кім біледі, оған дейін бәлки құбылмалы мінезді президент Сапармұрат Ниязовтың шешімі өзгеріп қалар.
XS
SM
MD
LG