Accessibility links

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Хабар» агенттігі» АҚ директорлар кеңесінің құрамы мен жарғылық капиталын ұлғайтуды көздеп отыр


Жартылай мемлекеттік "Хабар" агенттігіне бейсенбі күні Мәдениет және ақпарат министрлігінен агенттіктің акционерлер қоғамы директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізу жөнінде хабарлама түскен. Онда күн тәртібінде "Хабар" акционерлерінің саны мен жарғылық капиталын ұлғайту туралы мәселе қаралатындығы көрсетіліпті. Бұл жөніндегі "Хабар" агенттігінің қызметкерлері "Азаттық" радиосына жұма күні хабарлады. Ал "Хабар" агенттігіндегі мемлекеттің үлесі ұлғайтылады деген ақпаратты олар жоққа шығарып отыр.

Бейсенбі күні Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Хабар» агенттігі директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы өтетіндігі туралы келген хатта тек екі мәселе көрсетілген екен. Бұл туалы «Хабар» агенттігінің қызметкері, заңгер Янина КОЗЛОВСКАЯ жұма күні «Азаттық» радиосына былай деп хабарлады:

- Күн тәртібіндегі бірінші мәселе - директорлар кеңесін ұлғайту. Екіншісі – жарғылық капиталды өсіру. «Акционерлік қоғам туралы» заңға сәйкес, біз акционерлерді Ақпарат министрлігі бастамасымен отырыс өтетіндігінен хабардар етуіміз керек. Содан кейін ғана кеңесіп, отырыстың уақытын белгілейтін боламыз.

Козловская ханымның айтуынша, «Хабар» агенттігінің директорлар кеңесіне қазір 6 адам кіреді. Кейбір деректерге қарағанда, енді олардың саны тағы бір адамға арттырылмақ. Сондай-ақ бейсенбі күні «Қазақстан тудей» ақпарат агенттігі таратқан мәліметтерге қарағанда, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев агенттіктегі мемлекеттің үлесі де ұлғайтылатындығы туралы хат жіберген екен. Онда мемлекеттің үлесі Астандағы жылжымайтын мүлікті жарғылық қорға қосу арқылы арттыралатындығы айтылыпты. Алайда, «Хабар» агенттігінің қызметкері Янина Козловская мұны жоққа шығарып отыр.

- Біз үкімет мемлекеттік акциялар пакетін арттырғалы отыр деген министрліктен ешқандай хат алған жоқпыз! Тек заң аясында директорлар кеңесін өткіземіз. Болды! - дейді «Хабар» агенттігінің қызметкері.

Алайда, бұл мәселенің осыдан екі апта бұрын ақпарат министрі Ертісбаев пен Қазақстан президентінің үлкен қызы, «Хабар» агенттігінің бұрынғы басшысы әрі Парламент депутаты Дариға Назарбаева арасында сөз болғандығын «Журналистер апатта» қорының президенті Розлана ТАУКИНА хабарлап отыр.

- Меніңше, бұл - мәжбүрлі шара. Мұны медиа-холдинг меншік иелері жақтыра қоймағаны анық. Себебі, мен бұл әңгіменің қазіргі министр Ертісбаев пен агенттіктің бұрынғы басшысы Назарбаева арасында көтерілгенін көрдім. Сонда екі жақ бір келісімге келе алмағандай болды, - дейді Р.Таукина.

Ол ақпарат министрі Ертісбаевтың «Хабар» агенттігіндегі мемлекет үлесін көбейтуге талпынуын толық қуаттап, тіпті, мемлекеттің үлес салмағы 90 пайызға дейін барғаны дұрыс деп санайды.

- Мемлекет бұл агенттікке ғимарат беріп, қондырғылар әперіп, жыл сайын өте үлкен дотация беру арқылы үлкен үлеске ие болуға құқылы. Мемлекеттік қолдауынсыз «Хабар» кіріссіз компания ретінде баяғыда банкротқа ұшырар еді. Оған жыл сайын бюджеттен үлкен қаржы, тіпті 80 миллион долларға дейін ақша құйылады, - дейді «Журналистер апатта» қорының президенті.

Әйтсе де, тәуелсіз журналист Ермұрат БАПИ «Хабар» агенттігіндегі мемлекеттің үлесін қанша арттырса да, қоғамда айтарлықтай өзгеріс болмайды, бұл телеарандағы Назарбаевтар отбасының ықпалы азаймайды деп есептейді.

- Мемлекеттік телевизия туралы арнайы заң қабылданып, ол орындалатындай, оған қоғамдық бақылау жасалатындай жағдай тумайынша «Хабар» бір өзгеріп кетеді деп айту қиын. Егер тіпті Дариға Назарбаевадан толық алса да, ол «бір мұртын мемлекеттің астауына салып қойып» отыра береді, - дейді Е.Бапи.

Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаеваның басшылығымен «Хабар» агенттінің негізі 1995 жылы қаланды. «Хабар» агенттігі - қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын, шамамен 13 миллион көрермені бар ұлттық телеарна болып есептеледі.
XS
SM
MD
LG