Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.03.2006 жыл


Сәрсенбі күні жарыққа шыққан басылым беттерінің дені Қазақстандағы жемқорлық, парақорлықпен күресте қандай әдіс-тәсіл тиімді деген сұраққа жауап іздесе, бірқатар газеттер дүниежүзілік сөз бостандығы күніне қатысты тұжырымын ортақ талқыға салады.

3-мамыр - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Осыған орай туындаған ойларын «Ноқтасыз» деген атпен «Литер» газетіне жариялаған мақаласында саясатшы Досым Сәтпаев сөз бостандығы дәрежесі бойынша посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер әлем көшінің артында келе жатқандығын тілге тиек ете отырып, «Қазақстандағы қаптаған баспа және электрондық ақпарат құралдары ерте ме, кеш пе саннан сапаға өтуі тиіс» деген пікір білдіреді. «Ол үшін ең алдымен БАҚ-дарын монополиясыздандыру мәселесін шешу керек, қоғамдық телеарна құрған дұрыс, барлық журналистерге тең құқықтық жағдай жасау қажет» деп жазады саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ал «Нави kz» интернет газеті «Әділ сөз» халықаралық қорының 2006-шы жылдың алғашқы 4 айы бойынша Қазақстандағы сөз бостандығына қарсы жасалған заң бұзушылықтар көрсеткішін жариялапты. Онда көрсетілген мәлімет бойынша, аталған кезеңде Қазақстанда 1 журналист өлтіріліп, БАҚ қызметкерлеріне және редакцияларға 5 рет шабуыл жасалған, 5 журналист тұтқындалған және басқа да заң бұзушылықтар тіркелгендігін анықтаған «Әділ сөз» қоры.

Қоғамдық телеарна құру бастамасы төңірегінде болып жатқан оқиғалар да баспасөз назарынан тыс қалмай келеді. «Министр Ертісбаевтың қазақстандық ірі телеарналар қызметін өз бақылауына алмақ ниеті бар» деп жазады «Литер» газеті. «Бұл жерде «Қазақстан», «КТК» және «Хабар» телеарналары туралы сөз болып отыр. Ермұхамет Ертісбаев КТК арнасы елдегі негативтік көріністерге көп көңіл бөледі, деген. Арна қызметкерлерінің айтуынша, КТК телеарнасы таратылым тізбесін заңға сәйкестендіріп болды, министрдің мәлімдемесінен ушыққан ештеңе жоқ, телеарна ұжымы қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр» дегенді келтіреді «Литер» газеті.

Ал «Ұлттық арна - қазаққа керек арна» деген мақала «Алтын орда» газетінде басылыпты. «Ұлттық арна әлдеқандай қаржылық топтың қолбаласына айналып кетпей ме? Мүмкін осыншалықты үркіп, байбалам салудың жөні жоқ та шығар» деген күмәнмен «Алтын Орда» газеті осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға сауал қойыпты. Оған Қазақ радиосының бас директоры Нұрлан Өнербай «Акционерлік қоғамның өзіне бекіткен ережелері болады. Мына жағдайда сол ережелер сақталмай отыр» десе, «Шынның жүзі» бағдарламасының жүргізушісі Қасым Аманжол «біздің ең басты қорқынышымыз – ұлттық журналистика қандай да бір қаржылық саяси топтардың қолжаулығына айналып кетпей ме деген қауіп» дегенді алға тартады. Ал бұған қарсы «31-ші арнаның» редакторы Бақытжан Қосбармақов «қаржылық топ, Еуразиялық топ деп, Машкевичтен құбыжықтың образын жасаудың керегі жоқ» дейді. Осы сарындас ойлардың бірқатарын тізіп берген «Алтын Орда» газеті «Ұлттық арнаның» керектігіне шүбә келтірмесе де, «көп сауалдың соңына нүкте қойылар күн де алыс емес шығар» деген күмәнді тұжырым жасайды.

Қаржы туралы әңгіме қозғаған Қазақстанның қаржы министрі Наталья Коржова, «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында, өзі басқарып отырған министрліктегі реформалар сипатына түсініктеме береді. «Бүгінгі күні Қаржы министрлігі біртұтас мемлекеттік орган ретінде өмір сүре алмай отыр. Министрліктің қызметін реттейтін заңдардың арасында қарама-қайшылықтар пайда болды» дейді Коржова ханым. Ал «жемқорлықпен қалай күреспек ойларыңыз бар?» деген сауалға министр «Экономимкадағы жымқыру-қымқырулардың жалғыз жолы – электронды үкімет, электронды қаржы министрлігін құру» деп жауап береді.

«Аргументы и факты - Қазақстан» газетінде келтірілген мәлімет бойынша, жыл сайын әлемде 1 триллион АҚШ доллары көлемінде пара беріледі екен. Экономикалық зерттеулер институтының маманы Игорь Быковскийдің айтуынша, көлеңкелі экономиканың пайда болуы себебі барлық жерде бірдей. Ең алдымен – экономика дамуы деңгейінің және халық тұрмысының төмендігінен. Экономиканың астыртын әрекетке кетуінің екінші себебі – заңнамалық базалардың шикі болуынан» дейді институт маманы Игорь Быковский «Аргументы и факты - Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Ал «парақорлықтан арылу механизмін таппай тұрып, сот жүйесінде жасалған реформа күйреуге ұшырап жүрмей ме?» деген сауалды «Айқын» газеті көпшілік талқыға салыпты. Бұл ретте заңгер, Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаев: «Соңғы кездері сотты сот соттай бастады. Бұл – үрейлі құбылыс. Яғни, халық «ақшасыз сотқа жүгініп қажеті жоқ» деп бекер айтпайды... Қазір мемлекет басшысының өзі соттың үкім шығару процесіне араласа алмайды. Біздегі судьялар сот билігі басшылығына тәуелді. Бұл - айқындалған факт», дейді. Дәл осы сот саласындағы реформалар барысына қатысты мақаласында «Заң газеті» Қазақстандағы соттың бүгінді келбетіне «Сот азаматтардың бостандығы мен құқығын қамтамасыз етудегі ең басты құқық құралына айналды» деген баға береді.
XS
SM
MD
LG