Accessibility links

Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактінің екі факультативтік хаттамасына қосылмай отыр


Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілердің екі факультативтік хаттамасына қосылмай отыр. Бұл туралы Астанада мамырдың 11 күні Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы елшісі Ивар Викки хабарлады. Соның кесірінен Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынбаған және құқығы бұзылған қазақстандықтар Біріккен Ұлттар ұйымына шағымдана алмайды.

Қазақстанның «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактіге қосылуына орай, елдің бірқатар заңдарына өзгерістер енгізу жөніндегі халықаралық жиналыста хабарланғандай Республика кейбір хаттамаларға қосылмады. Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов айтып өткендей, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін заңға өзгеріс енгізу керек:

- Қазақстан екі пактіге қосылды, бірақ, екі хаттамаға қосылған жоқ. Айта кету керек, Қазақстанның көптеген заңдары халықаралық талаптарға сәйкес келеді, бірақ, нормативті актілер бойынша көп жұмыс жасау керек, өйткені, бізде әліде заңға сәйкес келмейтін нормативті актілер шығарылып келеді.

Оның сыртында, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы елшісі Ивар Викки айтып өткендей, Қазақстан заңдарына бейбіт жиын өткізу құқы жөнінде өзгеріс енгізу керек. Пактіге сәйкес, бұл құқықты пайдалануға қоғамдық тәртіпті бұзудан басқа жайларда еш шектеу қойылмауы керек, деді Ивар Викки.

«Адам құқықтары үшін хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша халықаралық заңдарда адамдар пікірін білдіргісі келсе немесе бейбіт шеруге шыққысы келсе биліктен рұқсат сұрамай тек хабардар етуге тиіс, ал Қазақстан заңдары өзгеше, дейді ол:

- Адамдардың шеруіне сөз бостандығына басқа көзбен қарау керек, бізде негізі заңдарда тек мемлекет тарабынан рұқсат алып өткізуге болады.

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтың айтуынша «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пакті оған қосылған елдерге белгілі бір талаптар қояды бірақ Қазақстан конституциясы негізгі адам құқықтарының сақталуына кепілдік береді деді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымдауынша, Қазақстан қосылған халықаралық конвенциялардың барлығы да адам құқықтарын сақтауға жұмыс істейді:

- Негізі Қазақстан конституциясы осы халықаралық пактілерге сәйкес келеді, бірақ, кейбір ағымдағы қолданыстағы заңдарда ахаулар болуы мүмкін.

Алматыдағы «Хельсинки комитетінің» төрайымы Нинель Фокинаның айтуынша Қазақстан бұл орайда көп жағдайда Кеңес одағы кезіне артқа жылжып келеді, себебі ешбір билік адам құқығын өз еркімен сақтамайды, ол үшін билік ауа райының маусымдары сияқты ауысуы шарт, дейді ол.

Ал, Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдиннің айтуынша Қазақстан Кеңес одағы кезінен бері үлкен жетістіктерге жеткен:

- Кеңес одағы уақытында біз үлкен пакт конвенцияларға қосылмағанбыз, ал, енді осы 15 жылдың ішінде біз барлық адам құқын қорғайтын құжаттарға қосылдық, оның өзі үлкен жетістік.

Қазақстанның бас прокурорының бірінші орынбасары Ілияс Бахтыбаевтың айтуынша халықаралық заң талаптарына сәйкес болу үшін асықпай жұмыс жасау керек:

- Біз жаңа ата заңымызбен жұмыс істеп келе жатқанымызға 11 жыл болады биыл, ол көп уақыт емес, соның бәрі өз ретімен келе жатыр, оны асықтыруға болмайды. Біз ешкімнен қалып бара жатқан жоқпыз.

Ал, ресми мәлімет бойынша Қазақстан «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактіге қосылуына орай, елдің бірқатар заңдарына өзгерістер енгізу жөніндегі есепті алдағы жылдың көкек айында халықаралық қауымдастық алдында береді.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG