Accessibility links

Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық мүше болуға дайын


«Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі болуға әзір», деп мәлімдеді дүйсенбі күні Қазақстандағы Иран елшісі Ромин МЕХМОНПАРАСТ. Ал, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі әзірге Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңа мүшелерді алу мәселесі күн тәртібіне қойылмағындығын айтты.

Иран мемлекеті Шанхай ынтымақтастық ұйымның жетінші мүшесі болуға ынталы. Бұл жөнінде дүйсенбі күні Алматыда баспасөз өкілдеріне Қазақстандағы Иран елшісі Ромин МЕХМОНПАРАСТ былай деді:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымы, біздің ойымызша, өте байыпты ұйым. Бұл ұйымның маңызы үнемі арта түскенін сезіп отырмыз. Егер осы ұйым құрамындағы мүше-елдер мен бақылаушы елдерді есепке алсақ, бұл - бүкіл жер бетіндегі елдердің тең жарымын құрайды. Шанхай ұйымы оның құрамындағы елдердің қауіпсіздік саласына ғана емес, олардың экономикалық дамуына да үлкен ықпал етпек. Иран бұл ұйымның толық мүшесі болуға даяр. Әзірге бізді оған қашан қабылдайтындығы белгісіз. Белгілі-бір процедуралардан өтуіміз керек шығар. Бірақ, мұның Ирандағы ядролық бағдарлама мәселесімен ешқандай байланысы жоқ,

Дегенмен, кейбір ресейлік және қазақстандық сарапшылар Иранның Шанхай ұйымына деген ұмтылысын оның ядролық бағдарламасы төңірегінде туындаған халықаралық жағдаймен тікелей байланыстырады. Мысалы, Алматыда орналасқан «Тәуекелді бағалау тобының» жетекшісі Досым СӘТПАЕВ Иран Шанхай ынтымақтастығына кіру арқылы неғұрлым көбірек елдерден қолдау күтеді дейді.

- Шанхай ынтымақтастық ұйымына Иранға қарсы санкция енгізіп, әскери күш қолдану мүмкіндігіне қарсы шығып жүрген, Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері – Ресей мен Қытай кіреді. Сондықтан, Иран Шанхай ұйымына кіру арқылы бұл елдердің қолдауына әрі қарай да ие болам ба деп үтміттенеді. Бірақ, Мәскеу мен Пекин үшін бұл қаншалықты тиімді? Олар дәл қазір Иранды бұл ұйымға кіргізіп, Иран-американ ісіне араласа қояр ма екен? Сондықтан, Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық мүше болуы болашақтың ісі. Ал дәл қазіргі саяси жағдайда оның жүзеге асуы екіталай, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Айтқандай-ақ, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де Иранды Шанхай ұйымына кіргізуде асықпауға шақырып отыр. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мұхтар КӘРІБАЕВ Қазақстан үкіметінің ұстанымын былай көрсетті:

- Қазақстан тарапы, оның ішінде Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев ШЫҰ-ға жаңа мүшелерді, байқаушыларды қабылдау бойынша құжаттардың дайын болмауына байланысты ШЫҰ-ны кеңейту мәселесін тоқтата тұруды жөн санап отыр. Себебі, жаңа мүшелер қабылдау бойынша құқықтық-нормативті құжаттар толық аяқталған жоқ. Тіпті, осы ұйымның толық мүшелерінің өзі құрылу үстінде. Форум, Шанхай ұйымы даму үстінде.

Алайда, халықаралық қарым-қатынас маманы Болатхан ТАЙЖАН Иран аймақтағы әл -ауқаты зор мемлекет болғандықтан, бұл ұйымға толыққанды мүше болуға мүмкіндігі бар деп есептейді. Бірақ, оған ірі державалардың аймақтағы саяси мүдделері кедергі келтіруі мүмкін деген болжам айтады кәсіби дипломат.

- Иранды осы ұйымға кіргізбеу - аймақтың мүддесін көрсетпейді, ол – дүниежүзіндегі саясат сахнасында ойын құрып жүрген үлкен ойыншылардың соңынан еру. Иран жетістіктері Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанның жетістіктерінен әлдеқайда артық, саяси жағынан әлдеқайда тәуелсіз. Бұл, әрине, Шанхай ұйымы сияқты осы аймақтағы мемлекеттердің басын қосатын ұйымды күшейтер еді, - дейді Б.Тайжан.

Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстаннан өзге 5 мемлекет мүше: олар – Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. Былтырғы жылы Астанада өткен саммитте 4 ел: Иран, Моңғолия, Пәкістан мен Үндістан ұйымға бақылаушы-ел мәртебесін алды. Шанхай ұйымының кезекті саммиті алдағы маусымның 15-інде Шанхайда өтеді.
XS
SM
MD
LG